Президент іс басқармасы жарты миллиард теңгеге қандай автобустар сатып алды

Сырым Қаржас

Басқарма бюджет қаржысына 10 автобус сатып алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

Президент іс басқармасы 10 автобусты сатып алуға жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, басқарма 2024 жылы 24 маусымда автобустарды сатып алуға келісім-шарт жасасқан. Әлеуетті өнім беруші ретінде «Qaz Tehna» зауыты таңдалған. Себебі мемлекеттік мекеме мен компания шартты тікелей бір көзден жасасқан.

Келісім-шартта көрсетілгендей, 25 орынды (1 автобустың құны 71 220 000 теңге) 5 автобус және 56 орынды (1 автобустың құны 43 000 000 теңге) тағы 5  автобусты сатып алуға барлығы 571,1 млн теңге қаржы жұмсалған. Ұлысмедиа аталған қымбат автобустардың қандай ерекшелігі бар екендігін және нендей мақсатта мемлекет қаржысына сатып алынып жатқанын сұрап көрді. 

БАСҚАРМА АВТОБУСТАРДЫ НЕ ІСТЕЙДІ

Қазақстан Республикасы Президент іс басқарамысының аппарат басшысы автобустардың отандық компаниядан сатып алынып жатқанын, сонымен қатар басқарма автопаркін жаңартып жатқанын жеткізді. 

«Басқарма пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен көп орындық автопаркін жаңартты. Отандық өндіруші – Qaz Tehna зауытынан 10 бірлік автобус, оның ішінде 5 бірлік Yutong ZK6729D2 (24+1 орын) және 5 бірлік Yutong ZK6127HQ (55+1 орын) сатып алынды. Аталған автокөлік құралдары ресми іс-шаралар өткізу кезінде дипломатиялық топтар мен халықаралық ұйымдардың делегацияларын тасымалдау және мемлекеттік органдарды көлікпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ қайырымдылық көмек шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау жөніндегі қоғамдық ұйымдарға көліктік қызметтер көрсетілген кезде пайдаланылады», – деп жауап берді редакция сауалына.

«Qaz Tehna» зауыты – Қарағанды облысы, Саран қаласында орналасқан. Директоры – Арғұлан Майконов. 

Компания сайтында зауыт шығарған автокөліктерді көбіне Қазақстандағы көлік, тау-кен және өнеркәсіптік кәсіпорындар алатынын атаған. 
Десе де сайтта сатылымдағы автокөлік құны көрсетілмеген, ол жайында ақпарат жоқ. Бір айта кетерлігі компанияның сату бөлімі автобустың нарықтағы құны жөнінде жекелеген сатып алушыларға ақпарат беруге аса ынталы болмай шықты. Біз компанияға бір автобустың бағасын сұрап ерте хабарласқанымызбен, түс ауа жауап берген компания қызметкері ақпарат алу үшін жазбаша өтініш жіберу қажеттігін атады. Соған қарағанда компания тек мемлекеттік мекемелермен ғана жұмыс істегенді құп көретін сыңайлы.

Аталған қазақстандық компания барлық жабдықты Zhengzhou Yutong Group Co., Ltd атты Қытай компаниясынан сатып алып, өздері құрастырып, бояп шығарады. Qaz Tehna зауыты құрастырған автобустардың бірін президент Тоқаев та өз атынан Родина аулының мектебіне сыйға тартқан болатын.
 
ПРЕЗИДЕНТ ІС БАСҚАРМАСЫ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (ҚР ПІБ) –  Президент пен мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдар мен олардың аппараттары қызметкерлерінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Басқарма Президентке тікелей бағынып, оған есеп береді. Ведомствоға қарасты бірнеше ұйым бар, соның ішінде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Бүркіт» мемлекеттік авиокомпаниясы, ҚР ПІБ Медициналық орталығы, ҚР Президентінің телерадиокешені (Жібек Жолы арнасы, Қазақпарат агенттігі), «Алатау» қонақ үйі, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Ұлттық госпиталь, «Оқжетпес» емдеу сауықтыру кешені, «Қазақстан» шипажайы және Ыстықкөлдегі «Қазақстан» шипажайының филиалы сынды бірқатар ұйымдар қарайды. 

МЕКЕМЕНІ КІМ БАСҚАРАДЫ

ҚР Президентінің Іс Басқармасын 2024 жылғы 7 ақпаннан Асат Нұрпейісов басқарады. Ол 1987 жылы туған. 

Өмірбаянына көз жүгіртсек, 2010 жылы «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша University of New York in Prague, 2012 жылы European Business School in London білім ордаларын тәмамдаған, MSc Global Banking and Finance «Халықаралық банк ісі және қаржы» магистрі.

Ол үшін KPMG Халықаралық аудит және консалтингтік корпорациясында бастаған еңбек жолы болашақ карьерасындағы аздаған кідіріс жылы немесе саяси мансапқа әзірлік жылы болды деуге келеді. Халықаралық компаниядағы тәжірибесінен соң Асат Нұрпейісов еңбек жолында тек жетекші лауазымдарды атқарып келеді.

2015 жылы 28 жасында ол Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің басқарма басшысы болды. Оның еңбек жолындағы жылдарды салыстырсақ, 2016 жылдары Қуандық Бишімбаев қызметте болған жылдармен сәйкеседі. Мәселен, 2016 жылы Бишімбаев «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарып тұрғанда Асат Нұрпейісов осы холдингіде Корпоративтік қаржы департаментінің директоры болды. Сол жылы ол Ұлттық экономика министрі болған Бишімбаевтың кеңесшісі қызметін де атқарған.  

2022 жылы қаңтардан соң Асат Нұрпейісов Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. Тура бір жылдан соң ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары, 2024 жылы ақпанда ҚР Президенті Іс Басқармасының төрағасы болды. Бір қызығы оның әкесі Болат Нұрпейісов те 1996-2006 жылдар аралығында ҚР Президентінің Іс Басқарушысының орынбасары қызметін атқарған.

Ұлысмедиа агенттігі бюджет қаржысының ашықтығы мен тиімді жұмсалуын білу мақсатында басқарма мен оған қарасты ұйымдарында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейтін алып құрылымның жылдық бюджеті мен шығыны туралы зерттеумізді алда ұсынамыз.