Ақылы Pfizer, «Спутник V» дауы және көш соңында қалған Қазақстан

Ая Өміртай

Халыққа екпе салу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатқанымен, ДДСҰ мойындамаған вакцинаны алған қазақстандықтар  АҚШ-қа кіре алмай әлек. Ал мемлекет басшысының тапсырмасымен кеш жеткізілген «Pfizer» вакцинасын халықтың арнаулы топ өкілдері ғана ала алады. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстан Үкіметін ДДСҰ бекітпеген вакцинаны тасымалдауға кім мәжбүр етті, «Pfizer» вакцинасы неге кеш жеткізілді деген сауалдар төңірегінде ізденіп көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz

ДДСҰ  «СПУТНИКТІ» МОЙЫНДАМАЙ ЖАТЫР

Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы 3 вакцина қолжетімді: «Спутник V», «Синофарм», «QazVac». Соның ішінде Ресейдің «Спутник V» вакцинасы әлемде бірінші болып тіркелгенімен, өндірушілер тиісті сынақтарды өткізбеді деген күдікке ілінді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Спутник» вакцинасын көктемнен бері тексеріп, шешім қабылдау мерзімін бірнеше рет шегерді. Ақыры халықаралық ұйым тексерісті келесі жылға қалдырды.

Ал биыл 29 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда бүгінге дейін 6,5 миллионға жуық адам коронавирусқа қарсы толық вакцина алды. Ресми мәліметке сәйкес, қазақстандықтардың вакцинаны таңдау жағынан көрсеткіші мынадай:

Инфографика: 29.09.2021 ж.

Демек Спутник V вакцинасын алған 5,3 млн адам АҚШ-қа кіргізілмейді деген қауіп бар (қазір егілгендер саны бұдан да көп болуы мүмкін). Байқағаныңыздай, қазақстандықтардың 80%-ы Спутник V алған.

АҚШ ШЕШІМІ

Американың ауруларды бақылау және профиликтика орталығының ресми сайты қараша айында елге кіру тәртібін жариялады. Онда вакцинаның I және II компонентін алғандар 14 күннен кейін АҚШ-ға кіре алады делінген. Ал елге тек ДДСҰ мойындаған вакцина алғандар ғана жіберіледі. Бір айта кетері Қазақстанда бар Sinopharm-ды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған.

PFIZER АҚЫЛЫ БОЛА МА?

Жуырда Премьер-министр Асқар Мамин Тоқаевқа берген есебінде екпенің бірінші компоненті 7,7 миллион, екінші компоненті 6,7 миллион адамға салынғанын мәлімдеді.

Биыл IV тоқсанда Pfizer вакцинасының тағы 4 миллион дозасы жеткізілмек. Жыл соңына дейін 13,3 миллионнан астам азаматтың QazVaс, Спутник V, Sinopharm, Hayat-Vax, SinoVac және Pfizer вакциналарын салдыруға мүмкіндігі болады.

Бұл орайда министрлік Pfizer-ді ақылы түрде алуға келіссөз жүргізетіндерін де мәлімдеді. Әзірге Pfizer вакцинасын жасөспірімдер мен жүкті әйелдер, емізулі аналар ғана ала алады. 

«Ақылы негізде алу бойынша министрлікте нақты алгоритмдер даярланып жатыр. Нақты жұмыстар аяқталған соң БАҚ арқылы халыққа жеткіземіз», – деді Министрліктің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Ал бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ulysmedia.kz журналисіне былай деді: 

-  Pfizer ақылы вакцинация қашан басталады?

-  Pfizer бойынша әзірге ақпарат жоқ. Белгілі болғанда, біз сізге міндетті түрде хабарлаймыз.

ШЕТЕЛГЕ ШЫҒУ ҮШІН ҚОС КОМПОНЕНТ КЕРЕК

Дегенмен, ақылы Pfizer-дің Еуропа мен Америкаға жол ашатыны күмәнді. Белгілі блогер Жанна Ильичеваның айтуынша, шетел асу үшін екі компонентті қатар алу керек. Ал ревакцинацияны (қайта егілу) бустер деп атайды. Бустерлік доза – бұл препараттың бірінші дозасын алған соң, біраз уақыттан кейін вакцинаны қосымша енгізу.

Жаннаның өзі Канаданың Moderna вакцинасын салдырған. Оның айтуынша, Канада қазақстандық туристерді кіргізбейді, өйткені елде Sputnik V, QazVac мойындалмаған.

«Барлық жерде сізге вакцинаның 2 дозасы қажет. Тіпті Pfizer-мен де ешқайда рұқсат етілмейді, бустер – толыққанды вакцина емес. Меніңше, қазір бұл туралы ешкім ойлап жатқан жоқ. Демек, қазақстандықтардың өзге елдерге шығуда мәселе туындайды», - деп жазды ол өзінің фейсбук парақшасында.

АҚШ ВАКЦИНАСЫ БІЗГЕ ӘРЕҢ ЖЕТТІ

Facebook-тегі тағы бір инфлюенсер Айдан Кәріпжанов Pfizer Қазақстанға ең соңғылардың бірі ретінде жеткізілгенін жазды. Өзбекстан мен Қырғызстанның өзі аталған вакцинаға бізден бұрын қол жеткізген. 

«Pfizer вакцинасы Қазақстанға 2021 жылдың 10 қарашасында дамыған елдерден бір жылға жуық уақыт өткен соң, орташа дамыған елдерден алты айдан кейін және Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты көршілерден бірнеше айдан кейін кешігіп келді. Әзірге шектеулі мөлшерде. Қазір мұны айту орынсыз. Сталин мен оның басқару әдісі еріксіз еске түседі», – деп жазды ол.

Осы тұста Қазақстан неліктен көштің соңында қалғаны туралы еріксіз ойланасың. Бір жағынан бұған Қазақстанның Ресеймен қоян-қолтық араласуы әсер етті ме. АҚШ екі күннің бірінде Ресейге түрлі санкция салатынын айтып, қыр көрсетіп жатады. Екінші жағынан біздің шенеуніктерді Ресейден вакцина алуға ешкім міндеттемеуі де мүмкін. Жеткізу оңай, пайдаға кенелу жеңіл болған соң, бизнес өкілдері осы жолды өздері де таңдауы кәдік.

ТОҚАЕВ ЛОББИ БАРЫН МЕҢЗЕДІ МЕ?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Проблеманы қысқа уақыттың ішінде шешіп, Pfizer вакцинасын жеткізіп беріңдер» деген Тоқаевтың тапсырмасынан соң 10 қарашада елге Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілді.

«Президент әкімшілігі мен үкіметке қазіргі жағдайдың мән-жайын анықтап, осы бір қажетті препараттың біздің нарығымызға келуіне кедергі жасайтын лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын», – деп атап өткен еді Президент Тоқаев.

«СПУТНИК V»-НЫ ЖЕТКІЗУШІ – ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ

Қазір елдегі емханаларға жөнелтіліп жатқан Спутник V вакцинасын Қазақстан Ресейден сатып алады. Вакцина шикізат түрінде жеткізіліп, Қарағанды фармацевтика кешенінде құтыларға құйылады. «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС ресми сайтында аталғандай, «кәсіпорын иммунобиологиялық, биофармацевтикалық дәрі-дәрмектерді өндіруге маманданған».

«Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС

2017 жылы кешен кәсіпкер Қайрат Боранбаев жартылай иелік ететін NeoTekPharm компаниясына тиесілі болды. Боранбаевтың айтуынша, Денсауминмен «СҚ-Фармация» жеткізуші компанияны өз беттерінше  таңдаған. Ал вакцина бағасы туралы тараптар тіс жармайды. Үкіметаралық келісімге сілтеме жасап, оны құпия ұстап отыр.

РЕСЕЙЛІК ВАКЦИНА ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

Сеул Ұлттық Университетінің Медицина бойынша PHD кандиданты, Сеул Ұлттық Университеті Бунданг ауруханасының дәрігері Ерлан Таубабек бізге Қазақстанда рұқсат етілген вакциналардың сапасы мен тиімділігіне қатысты пікір білдірді.

«Спутник V векторлық вакцинаға жатады. Беделді Lancet халықаралық медициналық журналында ресейлік вакцинаға қатысты зерттеулер жарияланған. Сондағы мәліметтер бойынша, Спутник V вакцинасы 94 пайызға дейін ауыр жағдайдан және өлімнен құтқарады деген ғылыми дәлелдер айтылған. Маман ретінде айтарым, қазақстандағы вакциналардың сапасы жақсы. Бірақ оған халықты сендіру қиын», – дейді ол.

Сеул Ұлттық Университеті Медицина бойынша PHD кандиданты Ерлан Таубабек

PFIZER ЕШБІР ЕЛДЕ САТЫЛМАЙДЫ

Ғалымның айтуынша, QazVaс пен Sinopharm активсіздендірілген вакцинаға жатады. Мәселен, Қытай вакцинасын алған Индонезияда өлім-жітім вакцина алғандар арасында көбейіп кеткен.

«Әр елдің өзінің заңы бар. Мәселен, Қазақстан Оңтүстік Корея үшін қара тізімдегі елдер санатында. Қандай вакцина алса да, азаматтарға екі апта карантинде жату міндетті», – дейді ол.

Ерлан Таубабектің айтуынша, QazVaс, Спутник V вакциналарын бәсекеде алға шығару дұрыс емес. Өйткені халық арасында отандық вакциналардан гөрі батыстық Pfizer вакцинасына деген сенім жоғары. Сондай-ақ, жаһандық пандемия кезінде Pfizer вакцинасын халыққа сату әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген жайт.

«Әлемдік пандемия кезінде вакцинаны халыққа ақылы сату ешқандай елде жоқ сұмдық жағдай. Кез келген елде халық өз қалауындағы вакцинаны тегін алып жатыр. Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде де тегін салынады. Қырғыз еліндегі мамандармен сөйлескенімізде, Pfizer вакцинасын алып келген соң халық арасында вакцинаға деген сұраныс артқан. Демек вирус та азайды деген сөз. Тағы бір ескерер жайт, вакцина арасында бәсеке қалыптастыруға болмайды. Өйткені халық өміріне араша үшін қандай жағдайда да тегін салынуы тиіс. Ақылы вакцина тетігін енгізу ақылға қонбайтын шешім, бұл мәселе қаралуы тиіс», – деп түсіндірді маман.

QAZVAC ҚАНША ЕЛДЕ МОЙЫНДАЛҒАН

Министрлік өкілінің сөзінше, отандық QazVaс екпесі қазір 22 мемлекет арасында өзара мойындалған.

«Ал ДДСҰ тарапынан келер жылдың алғашқы тоқсанында мойындалып қалады деген жоспарымыз бар», – деп атап өтті Ержан Байтанаев.

Қазақстандық екпе паспортын әлемнің жиырмадан астам елі таниды. Олар: Аргентина, Венгрия, Грузия, Иран, Иордания, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Тайланд, Түркия және Эстония, Индонезия.

QazVaс-ты ДДСҰ мойындау үшін, халықаралық ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесусқа қолқа салсақ деп қалжыңдап жатқандар да табылды. 

Еске салайық, Жүрсін Ерман ДДСҰ басшысымен құда болып шықты. Ақынның қазір Женевада тұратын жиені, яғни кіші қызының перзенті 2017 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры, бұған дейін Эфиопияның денсаулық сақтау, сыртқы министрі болған Тедрос Гебрейесустің ұлына тұрмысқа шыққан. Бұл туралы Гебрейесус Ерманды 70 жылдығымен құттықтап, видео жариялағанда белгілі болды.

P.S Күлеміз-ау, Үкіметтің Pfizer-ді елге кеш жеткізуіне Батыспен дер кезінде әрі сауатты келіссөз жүргізе алмауы бірден бір себеп болуы мүмкін. Бұл ковидпен күрес штабын басқаратын вице-премьер Ералы Тоғжановтың жұмысына сын. Әрине, бұл арада бизнес лобби барын да жоққа шығара алмайсың. Гео-саяси ахуал тағы бар. Қалай десек те бәрібір көп дүние биліктің шешім шығару факторына тіреледі. Кейде ол шешім ел мүддесіне қайшы келіп жатады.