Әбілхан Қастеевтің мұражай үйі жаңартылған экспозиция түрінде қайта ашылды

Меліс Сейдахметов

Қазақстанның тұңғыш Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өзі тұрған үйі жаңартылып, қылқалам шеберінің туғанына 120 жыл толуына орай есігін айқара ашты. Музей BI Group компаниясы қаржылай қолдап, ES-Studio компаниясы жүзеге асыруымен жаңартылған экспозиция түрінде жұмысын жандандырып отыр. Ulysmedia.kz тілшісі осы оқиғаның куәсі болып қайтты.

Коллаж Ulysmedia.kz

МҰРАЖАЙ-ҮЙ ҰЯЛМАЙ КӨРСЕТЕТІН КЕЙІПКЕ ЕНДІ

Салтанатты шараның ресми ашылуында Ә. Қастеев музей-үйі – Ә. Қастеев мұрасын зерттеу секторының жетекшісі Еркін Нұразхан бүгінгі шара суретшінің мерейтойы аталып өтілген жылды түйіндейтін елеулі оқиға, Тәуелсіздік күні қарсаңында жасалған үлкен сый екенін атап өтті.

– Бүгін қасиетті, тарихи орынға, халқымыздың мақтанышы Әбілхан атамыз тұрған, суреттерін салған, бақшасын күтіп-баптаған жерге келіп тұрсыздар. Бүгін өнер үшін мереке күні. «Озбайтын өмір, тозбайтын темір жоқ» демекші, қандай мықты материалдан жасалса да тозбайтын үй жоқ. Мұражай үй 2014 жылы ашылып, кейінгі жылдары жөндеуді қажет етті. Мәдениет министрлігі жылда уәде береді, бірақ жылда жөндеу жүргізілмей қалып жүрді. Үй тозып тұрды. BI Group құрылыс компаниясы Астанадан жаңа тұрғын үй кешенін салып, оны Qasteev деп атауды жоспарлапты. Суретшінің балаларына хабарласып, мән-жайды айтады. Ақырында тараптар келісімге келіп, BI Group арнайы қаржы бөліп, оны біздегі Серік Есентай деген дизайнерге тапсырып, ол да өз қаражатын қосып, нәтижесінде осындай тамаша дүние жасалып отыр. Үйдің ішін толық күрделі жөндеуден өткізді, электр сымдарын, жылу жүйесін ауыстырып, гаражын жасады, ауласын абаттандырып берді, жолын жөндеді. Өзім Ташкенттен Орал Таңсықбаевтың, Бакуден Таир Салаховтың музейін көрдім, қатырып жасаған. Бізде бірінші суретшіміз деп айтқанымен, көңіл бөліп, еске ала бермейді. BI Group-тың қолдауынан кейін біздің мұрағайымыз да сән-салтанаты жарасып, ұялмай көрсететін кейіпке енді, – дейді Еркін Нұразхан.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова осы игі іске мұрындық болған құрылыс компаниясының басшылығына ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хат тапсырып, Қастеевтің 120 жылдығына арналып шығарылған «Әбілхан Қастеев» каталогын табыс етті. Каталог музей мамандарының суретші шығармашылығын зерттеудегі көп жылдық ғылыми жұмысының нәтижесі.

ҮЙІМІЗДІ КӘМПИТТЕЙ ЕТІП ЖАСАП БЕРДІ

Біртуар суретшінің қызы Гүлдария Қастеева саналы ғұмырының көп бөлігі өткен үйдің жаңарып, жайнап шыға келгеніне дән риза.

– Біз үйімізді мұражай жасайды деген соң 2004 жылы босатып бергенбіз. 2010 жылы жеңіл ремонт жасалып, 2014 жылы мұражай болып ашылды. Бірақ кейінірек жөндеуді қажет етіп, көпке дейін ақша болмай тозыңқырап тұрды. Мәдениет министрлігіне жылда өтінім береді, бірақ ақша жоқ деп бұл үйге ешкім көңіл бөлмей келді. Биыл жылдың басында BI Group компаниясының өкілдері маған хабарласып, әкемнің атын тұрғын-үй кешеніне берсек деп едік, соған рұқсат етесіздер ме деді. Мен оған қуана келістім. Балаларымызбен ақылдасып, осы үйге жөндеу жүргізіп берсе деп ұсыныс білдірдік. Компания өкілдері ремонт жасап бере алмаймыз, бірақ ремонтқа ақша шығарайық деді сөзге келместен. Содан компания қаржы бөліп, ремонтты Серік Есентаев деген азаматтың жетекшілігімен жүргізіп, кәмпиттей етіп жасап отыр. Көңілімізден әбден шықты. Өте жақсы жасаған, – дейді ол.

Гүлдария Қастеева ұлы суретші осы үйде тұрып өзінің көптеген атақты шығармаларын өмірге әкелгенін айтады. Сөзінше, Әбілхан Қастеев дарын дарыған алтын қолды болса да, ақсаусақ адам болмаған. Осы үйде көмір жағып, соңғы сәттеріне дейін ауласын күтіп-баптаған. Гүлдерді жақсы көрген. Қолы суретшінің емес, шаруа адамының қолындай қатты болатын дейді еске алып.

– Үйімізден адам үзілмейтін. Анамның дастарханы жиылған күн болған емес. Атақтысы бар, ауылдан келетін туыстар бар, осы үй үнемі мәре-сәре болып жататын. Кей кісілерді танымаймыз да, Бізге ана кісіні ауруханаға апар, мына адамды оқуға түсір деп жұмсайтын әкеміз. Біз бәрін істейтінбіз. Сондай көпшіл, берекелі үй болды. Әкем талай атақты картиналарын осы үйде салды, – дейді Гүлдария Қастеева.

ТҰРҒЫН-ҮЙ КЕШЕНІНЕ ҰЛЫ ЖЕРЛЕСІМІЗДІҢ АТЫН БЕРУ АРМАНЫМЫЗ БОЛАТЫН

BI Group компаниясы Даму жөніндегі бөлім директоры Асан-Али Жұмабаев ұлы суретшінің атымен аталатын тұрғын үй кешені Астананың табиғатқа жақын Ботаникалық саябағының жанында бой көтеріп жатқанын, орналасқан жерінің әсемдігіне байланысты ерекше атауға сұранып тұрғанын айтады.

– Тұрғын-үй кешенін ұлы суретшінің атымен атау біздің арманымыз болатын. Кешен Астананың сәулетті, еңселі жерінде бой көтеріп жатқандықтан, атауы да соған сай болуы керек деп шештік. Арманымызды орындағымыз келіп, суретшінің отбасына хабарластық. Олар бірден келісім берді. Осылайша, тұрғын үй кешеніміз тамаша – Qasteev атауын алды. Ризашылық ретінде біз суретшінің мемориалдық музейіне қайтарымсыз көмек көрсетуге және ES-Studio сәулет бюросындағы серіктестерімізбен бірге оның бір бөлігін жаңартуға ниет білдірдік. Qasteev бизнес класстағы кешен болады. Эскиздік жобасы, орындалуы, дизайндық шешімдер мен интерьер өнер туындысын еске салып, ұлы суретшімізбен ассоциация тудырады, – деді Асан-Али Жұмабаев.

Бизнес-класстағы тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңінің құрылысы 2026 жылы аяқталады. Жоба классикалық стильдің талғампаздығын және заманауи материалдарды үйлестіріп, ғимаратқа сәнді әрі үйлесімді көрініс береді. Ауданның дамыған инфрақұрылымы, дизайндағы шығармашылық шешімдер, көгалдандыру және жайлы аулалар болашақ тұрғындарға барынша жайлы және қауіпсіз орта жасайды. Кешеннің маңызды бөлігі – «Yourt» көршілер орталығы болады

Құрылысшылардың айтуынша, Qasteev тұрғын үй кешенінің әрбір пәтеріне Wallee ақылды үй пакеті орнатылады. Бұл пакет өмір сапасын жақсартып, үйді және оның ресурстарын басқаруда үлкен бақылау мен тиімділікті қамтамасыз ете отырып, көптеген артықшылықтар береді.

– Кешеннен жаяу жетуге болатын нысандардың қатарында Ботаникалық бақ, «Алау» мұз сарайы, Бибігүл Төлегенованың шығармашылық мектебі және Qazaqstan спорт кешені орналасқан, – деді Асан-Али Жұмабаев.

АЛДЫМЫЗДА КҮРДЕЛІ МІНДЕТ ТҰРДЫ

Мұражай үйді жасау жұмысын BI Group компаниясымен серіктесіп жүзеге асырған ES-Studio компаниясының директоры Серік Есентаев құрылыс қымбат материалдардан жүргізілгенін айтады. Оның сөзінше, құрылыс барысында ең қиыны – заманауи емес, бұрынғы стильде жұмыс істейтін мамандарды табу болған.

– О баста үйге косметикалық жөндеу жүргізу жоспарланған. Алайда үйдің жағдайына байланысты күнделі жөндеу жүргізіп кеттік. Себебі үй ағаш пен қамыстан істелген. Оған “штукатурка” тұрмайды. Төбесі мүлде майысып кеткен. Біздің алдымызда үйдің ерекшелігін, өзіндік бірегейлігін, тарихын сақтай отырып жаңарту міндеті тұрды. Бұл күрделі міндет. Мұнда еуроремонт жасаса, үйдің атмосферасын, болмысын бұзады. Біз еуроремонтқа дейін жөндеу жұмыстарымен айналысқан шеберлерді іздеп, ақыры Шымкенттен таптық. Материалдардың сапалысын, қымбатын пайдаланып, көп нәрсені қолмен істедік. Өзіндік ерекшелік сақталуы үшін түс гаммасына да қатты мән бердік, – дейді Серік Есентай.

«БАҒА ЖЕТПЕС МҰРА» КӨРМЕСІ

Іс-шара аясында суретшінің отбасы жиналысынан Ә. Қастеевтің графикалық туындыларының 60-тан астам факсимилесін ұсынатын «Баға жетпес мұра» көрмесі ашылды. Экспозицияның басым бөлігін 1930-40 жылдары Ә. Қастеев жасаған жұмыстары алады. Экспонаттар арасында «Қобланды-батыр» халық эпосының негізінде жасалған композицияның эскизін, сонымен қатар қазақ ауылының өмірінен жанрлық көріністерді көруге болады. Әсіресе, Ә.Қастеевтің 1939 және 1943 жылдары Торғайға жасаған сапарларында орындаған шығармалары, 1916 жылғы халық көтерілісі басшыларының бірі Амангелді Имановтың бейнесін жаңғырту үшін материалдар жинаған шығармалары ерекше қызығушылық тудырады. Ұсынылған суреттердің ішінде көпшілігін көрермен алғаш рет көреді. Абай Құнанбаев бейнеленген пошта маркаларының эскиздері, сонымен қатар 1945 жылы Қазақстанда көрнекті ақын және философтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты Ә.Қастеев жасаған «Жас Абай» картинасының қарындаш эскизімен танысуға болады. Сонымен қатар Ә.Қастеевтің шебер шығармашылығының соңғы кезеңіне жататын акварельдері мен суреттері де қызықты.

МҰРАЖАЙ-ҮЙ

Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің үйін оның отбасы 2004 жылдың наурыз айында сол жерде суретшінің мұражайын ашу үшін мемлекет меншігіне тапсырған. 2014 жылғы 17 ақпанда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Ә.Қастеев мұрасын зерттеу орталығы орналастыра отырып, суретшінің мұражай-үйі ашылды.

Ғимарат 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А.Қонаевтың бұйрығымен салынған ХХ ғасырдың ортасындағы бір қабатты үй, қазіргі тарих және мәдениет ескерткіші. Суретші бұл үйге отбасымен 1958 жылы көшіп келген, алайда 1966 жылы ол толығымен бұзылып, орнына басқа үй тұрғызылған. Үйге шеберхана қосылды, онда суретші әртүрлі өнер туындыларын жасады. Үйдің құрылысы Алматы қаласының бас сәулетшісі Н.Оразымбетовтың жобасы бойынша жүргізілді. Үй бастапқы күйінде сақталған: қонақ бөлмесі, 3 жатын бөлме, шеберхана, ас үй, жуынатын бөлме, веранда; үйдің жанында бақша бар. Мұражайдың жалпы ауданы 0,7 га, үйдің жалпы ауданы 142,5 м.2, оның ішінде экспозиция мен көрме – 100м 2 , қызмет көрсету – 40м 2.

Ә.Қастеев бұл үйде 1958 жылдан өмірінің соңы – 1973 жылдың 2 қарашасына дейін тұрған. Суретші үй шеберханасында «Сарбаз Амангелді», «Түрксіб», «Қапшағай су электр станциясы», «Кенен Әзірбаев» сияқты полотноларды, көптеген акварель жұмыстарын жасады. Бұл үйге қазақ зиялыларының жарқын өкілдері: атақты композитор Нұрғиса Тілендиев, биші Шара Жиенқұлова, Өзбекстаннан келген суретші Орал Таңсықбаев, Қырғызстаннан суретші Ғаппар Айтиев, оператор әрі кинорежиссер – Ескендір Тынышпаев болған. Мұндағы самаурыннан шәй ішу жай ғана демалыс емес, өнер туралы әңгімелесіп, пікірлесіп, мәдениеттің соңғы жетістіктерін талқылайтын жиынға, ел болашағы туралы армандайтын басқосуға айналған.

Музей-үй экспозициясында Ә.Қастеев пен оның отбасы мүшелерінің заттары қойылған. Әрбір жәдігер шығармашылық процестің объектісі.

Ә.Қастеев атындағы мұраларды зерттеу орталығы Әбілхан Қастеевтің көркем мұрасын жинақтау және зерттеу, ағартушылық қызметпен айналысады. Ә.Қастеевтің мұражай-үйінде суретшінің өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі тақырыптық шаралар өткізіліп тұрады. Тұрақты экспозициядан басқа балалар мен жасөспірімдердің көркем шығармашылық көрмелері, экскурсиялар, суретшілермен және басқа да шығармашылық интеллигенция өкілдерімен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады.