Айлық та, айыппұл да өседі, Google салық төлейді – бүгіннен бастап елде не өзгереді

Аян Өрібай

2022 жылдың 1 қаңтарынан, яғни бүгіннен бастап елде айлық, жәрдемақы, сонымен бірге айыппұл мөлшері де өсіп, мемлекеттік қызметшілер декларация тапсыруға міндеттеледі. Одан бөлек жұртты биыл қандай өзгерістер күтіп тұр? Ulysmedia.kz порталының тілшісі олардың ең маңыздыларына тоқталып, әрбірін жіті түсіндіруге тырысып көрді.

Фото: ашық дереккөзден

ЕҢ ТӨМЕНГІ АЙЛЫҚ – 60 МЫҢ ТЕҢГЕ

Бүгіннен бастап елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңге болады. 2019 жылдан қазірге дейін оның мөлшері 42 500 теңге болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, ең төменгі жалақының артуы экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 млн адамның табысын өсіреді.

АЙЫППҰЛ ҚАЛАЙ ҰЛҒАЯДЫ

Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 063 теңгеге тең болады. Демек жәрдемақы мөлшері де артып, айыппұл көлемі де өседі. Биыл АЕК мөлшері 2 917 теңге болған.

Сонымен қатар елде ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңге болады. Биыл ол 34 302 теңге еді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін пайдаланылады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ АЗ ҒАНА ӨСЕДІ

Бүгіннен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 19 450 теңгеге тең болады. Биыл бұл көрсеткіш 18 524 теңге болған. Демек, зейнетақының ең төменгі мөлшері 46 302 теңгені құрайды.

Қазақстанда әйелдердің 2022 жылы зейнетке шығатын жасы тағы да ұлғаяды. Егер 2021 жылы қазақстандық зейнеткерлікке шығу үшін 60 жасқа толуы керек болса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жас 60 жарым жасқа дейін ұлғайтылды. Ер адамдар үшін зейнеткерлік жас бұрынғыша – 63 жас күйінде қалды.

БАЛА ҮШІН БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ АРТУЫ

Қазақстанда 2022 жылы бала тапқаны үшін берілетін жәрдемақы мөлшері:

бірінші, екінші және үшінші балаға – 116 394 теңге (38 АЕК);

төртінші, бесінші және одан да көп балаға – 192 969 теңге (63 АЕК) болады.

Жұмысы жоқ аналарға да ай сайын берілетін жәрдемақы өсетінін атап өту керек. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның мөлшері:

бірінші балаға – 17 643 теңге (5,76 АЕК);

екінші балаға – 20 860 теңге (6,81 АЕК);

үшінші балаға – 24 0454 теңге (7,85 АЕК);

төртінші, бесінші және тағы басқалар бойынша – 27 261 теңге (8,90 АЕК) болады.

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР

Жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады. 2022 жылы оның көлемі:

төрт балаға – 49 100 теңге (16,03 АЕК);

бес балаға – 61 383 теңге (20,04 АЕК);

алты балаға – 73 666 теңге (24,05 АЕК);

жеті балаға – 85 948 теңге (28,06 АЕК) болдаы.

Сегізінші баладан бастап есептеу басқаша жүргізіледі: әрбір сегізінші, тоғызыншы, оныншы және тағы басқа балаға айына 12 252 теңгеДЕН (4 АЕК) қосылады.

МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ЖӘРДЕМАҚЫСЫ ҚАНШАҒА ӨСЕДІ

2022 жылы Қазақстанда мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері мына деңгейде өседі:

I топ – 69 155 теңге (2021 жылы бұл сома 65 860 теңге болды);

II топ – 55 108 теңге (52 483 теңге болды);

III топ – 37 459 теңге (35 675 теңге болды).

БЮДЖЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АЙЛЫҒЫ ӨСЕДІ

Үкімет 2021 жылы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізу туралы қаулы қабылдады.

І. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының педагогтері ставкалардың белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдана отырып былайша айқындалады:

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75;

ІІ. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін қоспағанда, мемлекеттік ұйымдардың: стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының басқарушы, негізгі персоналдарының қызметкерлері ставкалардың белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады:

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75;

ІІІ. Медицина және фармацевтика қызметкерлері ставкалардың белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады: біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандар (А блогының басқарушы персоналы, В1, В2 блогының негізгі персоналы):

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,63;

ІV. Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне:

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23;

МӘМС-КЕ АУДАРЫЛАТЫН ЖАРНА ӨЗГЕРЕДІ

1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгереді.

Жұмыс беруші қызметкер үшін оның жалақы деңгейінің 3%-ын төлейді, бірақ ол 18 000 теңгеден аспайды. Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде, төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар - ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 200 теңге төлейді.

БЖТ:

қала тұрғындары үшін - 1 АЕК немесе 3 063 теңге;

ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге.

Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 000 теңге төлейтін болады. Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдігі бар санаты үшін төлем жасайды. Бүгінде бұл санаттағылар 11 млн адамнан асады. Бір адам үшін жарна мөлшері 3 614,2 теңгені құрайды.

КІМДЕР ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРАДЫ?

Бүгіннен бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендер қандай декларация тапсырады.

Кірістері мен мүлкі туралы декларацияда жеке тұлғалар күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістері туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлерде алған кірістері де бар), сондай-ақ мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алғаны немесе иеліктен шығарғаны туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлердегі мүлік те бар) ақпаратты көрсетуі тиіс.

Бұдан басқа, декларацияда жеке тұлғалар есепті салық кезеңі ішінде:

- жылжымайтын мүлікті (пәтер, үй, жер учаскесі және т.б.);

- механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін (автокөлік, тіркеме және т.б.);

- заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін;

- бағалы қағаздарды (акциялар, облигациялар, вексельдер және т.б.);

- инвестициялық алтынды;

- туынды қаржы құралдарын;

- тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алуға жұмсаған шығындарын растап, мәліметтерді көрсетуі қажет.

Декларация жеке тұлғаның тұрғылықты (тұратын) жері бойынша ұсынылады.

ИНТЕРНЕТ АЛПАУЫТТАРҒА САЛЫҚ САЛЫНАДЫ

1 қаңтарынан бастап Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанда салықтың «Google-ға салық» деп аталатын түрі енгізеді. Ол цифрлық тауарлары мен қызметтерін сататын әлемдік интернет алпауыттарын (мысалы, Google, Facebook, Netflix) қамтиды. Енді шетелдік интернет-компаниялар Қазақстанда тапқан ақшаға қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндетті болады. ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12% құрайды.

Бұл ретте әңгіме бағдарламаларды, компьютерлік ойындарды, электронды кітаптарды, суреттерді, музыканы ақылы тыңдау, пайдалану құқығын сату туралы болып отыр. Сондай-ақ салық маркетинг пен жарнама саласына да әсер етеді. Үкіметтің хабарлауынша, жаңа салық қарапайым қазақстандықтарға әсер етпейді.

Ұлттық экономика министрлігі жаңа салық ел бюджетіне 2 млрд теңгеге жуық кіріс әкеледі деп болжап отыр. Ал депутаттар цифрлық салықты енгізу қазақстандық және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік шарттарын теңестіреді деп үміттенеді.

САЛЫҚ ТӨЛЕУДІҢ ОҢАЙ ТӘРТІБІ ЕНГІЗІЛЕДІ

Мемлекеттік кірістер комитеті 1 қаңтардан бастап арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасын іске қосады.

Мобильді қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға және өзгертуге, түбіртектер беруге, кірістер тізілімін автоматты түрде қалыптастыруға, қосымшада есептелген салық міндеттемелерін төлеуге, оның ішінде қызметкерлер үшін, сондай-ақ алдын ала толтырылған оңайлатылған салық декларациясын ұсынуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қосымшада берешекті қарау және төлеу, мемлекеттік кірістер органдарынан хабарламалар алу, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату бойынша қызметтер қолжетімді. Қосымшаны Play Market пен App Gallery арқылы жүктеп алуға болады.

ТЕМЕКІ ҚЫМБАТТАЙДЫ

1 қаңтардан бастап бір қорап темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы 520 теңгеден 550 теңгеге дейін өседі. Бұл ең төменгі баға 2022 жылдың 30 маусымына дейін жарамды болады. Осыдан кейін әр жарты жыл сайын темекінің ең төменгі бағасы 2023 жылы 600 теңгеге дейін көтерілгенше кезең-кезеңімен қымбаттайды.

ПЕДОФИЛДЕРГЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

1 қаңтардан бастап педофилдерге электронды білезік тағылады.

Пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың белгіленген талаптарды нақты уақытта да, өткен кезең үшін де сақтауын қадағалай алады. Қызметкер қажетті деректерді компьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады. Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, ол туралы белгі дереу түседі.

Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде пробация қызметі бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаның түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа жібереді.