Хат жолдаудан хаб болуға дейін: Қазпошта жаңа дәуірде трансформациядан қалай өтіп жатыр

Аян Өрібай

Астанада бүгін пошта және логистика индустриясының алыптары бас қосты. Central Asian Postal Summit – бұл жай ғана жиын емес, аймақтық логистика жүйесін қайта қалыптастыруға бағытталған стратегиялық платформа болып отыр. Саммитті ұйымдастырушы – Қазпошта АҚ мен Қытайдың алпауыты YTO Express Co.

САММИТТІ НЕ ҮШІН ӨТКІЗІП ЖАТЫР

Саммитті өткізудегі мақсат – Орталық Азия нарығында серіктестікті күшейту, инновация мен инвестицияны тарту арқылы логистика тиімділігін арттыру. JD.com, Aliexpress, Wildberries, Taobao сияқты электронды сауданың жаһандық өкілдері мен дүниежүзілік пошта ұйымының (UPU) қатысуы саммиттің маңызын арттыра түсті. Қазақстан үшін бұл шара елімізді Еуразия логистикасының діңгегі ретінде танытуға тағы бір мүмкіндік. Ынтымақтастық туралы меморандумдар, логистикалық инфрақұрылымға инвестициялар және трансшекаралық сауданы ұлғайту – нақты нәтижелердің біріне айналған.

Шараның басты серіктесі – YTO Express компаниясы Қытайдың экспресс-жеткізу нарығындағы алыптардың бірі. 2000 жылы құрылған компания бүгінде 26,5 миллиард сәлемдеме өңдеген. Бас директоры Юй Вэйцзяоның айтуынша, қауіпсіздік пен жаһандық бағыт 2025 жылғы басты басымдықтарға айналмақ.

«БІЗ МӘДЕНИЕТТЕРДІ ЖАЛҒАЙМЫЗ»

Іс-шараның ашылу салтанатында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова саммит мінберінен сөз сөйлей отырып, ұлттық пошта операторының жаңа дәуірге қадам басқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл форум – тек пікір алмасу алаңы емес, тұтас саланың болашағы айқындалатын бетбұрыс нүктесі.

«Біздің аймақ Еуразияның ең маңызды көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан. Кейінгі жылдары Қазақстан негізгі транзиттік хабқа айналу жолында сенімді қадамдар жасады. Біз, Қазпошта ретінде, осы процестегі жауапкершілігімізді толық түсінеміз. Бүгінгі форумның басты мақсаттарының бірі – үздік тәжірибелерді өзара алмасу, мәселелерді талқылау және бірлескен шешімдер әзірлеу. Біздің күнделікті жұмысымыздың артында өте маңызды құндылықтар жатыр. Біз жай ғана сәлемдемелерді жеткізбейміз – біз адамдарды, тілдерді, мәдениеттерді және тұтас ұлттарды байланыстырамыз. Ұлы Абайдың «Адам болам десеңіз...» деген сөзі бізге ортақ игілікке ұмтылудың, қолдаудың және мәдени әртүрлілікке құрмет көрсетудің маңыздылығын еске салады. Біз тек тиімділік пен сенімділікке ғана емес, сонымен қатар жұмысымыздың көкжиектерді кеңейтуге, түсіністік пен әртүрлі әлем бөліктеріндегі адамдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуына ұмтыламыз. Мен осы залда туындаған идеялар жақын арада нақты бірлескен жобаларға, келісімдерге және инновацияларға айналатынына сенімдімін – олардың барлығы пошта және логистика қызметтерінің сапасын жақсартуға және елдеріміз арасындағы сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған. Қазақстан – ашық ел, және біз Азия мен Еуропа арасындағы сенімді көпір болуға дайынбыз», - дедйі Әсел Жанасова.

КҮНІНЕ 9 МЛН СӘЛЕМДЕМЕ ЖЕТКІЗЕДІ

Жиында сонымен қатар, YTO Express төрағасы Юй Вэйцзяо сөз сөйлеп, Қазақстанмен ынтымақтастық жөнінде ойын айтты. Юй Вэйцзяо Қазақстан үкіметіне Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылармен басқосуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

«Орталық Азия мен Қытайдың өзара алмасуының тарихы терең. Оның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастығы да дамып жатыр. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азия мен Қытайдың қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарды. Екі аймақ бір-бірімен аса тығыз байланысты. «Бір белдеу – бір жол» аясында да ынтымақтастық нығайып жатыр. 20 жылда YTO 26,5 млрд курьерлік жүкті жеткіздік. Компанияның табысы 20 млрд юаньді құрайды. Компания бір күнде 9 млн пошта жеткізеді. Ал 2025 жылы кәсіпорын қауіпсіздік пен жаһандық бағытты  жаңа бағыт ретінде қарастырып отыр», - дейді ол.

Форумға келген халықаралық делегациялардың ішінде Түркия, Сингапур, Эстония, Моңғолия және Еуропа елдерінің ұлттық пошта қызметі өкілдері бар. Бұл – Қазақстан пошта инфрақұрылымының аймақтық ауқымнан жаһандық өріске қарай бет алғанының нақты айғағы. YTO Express-ке айрықша ризашылығын білдірген Жанасова логистикалық хаб құру жобасы Қытаймен ынтымақтастықтағы үлкен жолдың басы екенін жеткізді.

ҚАЗПОШТА АЛДЫНДАҒЫ МИССИЯ

«Қазпошта» АҚ электронды коммерция мен сәлемдеме бизнесі жөніндегі басқарушы директоры Дамир Мейрамбековтың айтуынша, Қазпошта отандық электронды сауда нарығын дамыту үшін логистикалық инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға кіріскен. Компания сұрыптау және фулфилмент орталықтарын іске қосып, тауарларды орталықтандырылған өңдеуден өткізу жүйесін енгізбек. Жеткізу мерзімі 3–5 күнге қысқарады деп күтілуде. Жаңа фулфилмент орталықтарының жалпы аумағы 15 мың шаршы метрді құрайды, онда тауарларды сақтау, тапсырыстарды басқару және олардың қозғалысын қадағалау толықтай автоматтандырылады. Сондай-ақ, минутына 6 мың сәлемдеме өңдейтін сұрыптау машиналары мен заманауи WMS жүйесі енгізіледі.

Құрылыс пен автоматтандыру да басым бағыттардың бірі болып отыр. Ақтөбе қаласында түрік компаниясымен бірлескен мультимодальды қойма салынып жатыр, оған 21 миллион доллар инвестиция құйылған. Ал Алматы облысында SkyHub жобасы аясында 50 миллион долларлық логистикалық хаб бой көтереді. Қазпоштаның Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларын қамтитын жаңа логистикалық моделі отандық e-commerce нарығына жылдам әрі сенімді жеткізілім тетіктерін ұсынуға бағытталған.

Қазпошта пошта бөлімшелеріне балама ретінде жаңа буындағы поштаматтар мен Drop Off құрылғыларын кеңінен енгізуге кірісті. Компания B2C форматындағы – яғни жеке және серіктестік негізіндегі поштаматтар желісін дамытпақ. Бұл құрылғылар арқылы кез келген адам пошта қызметтерін операторсыз, кезексіз әрі тәуліктің кез келген уақытында пайдалана алады. Ашық қолжетімділік стратегиясы нарық қатысушыларымен байланыс нүктелерін көбейтуге жол ашады.

Drop Off терминалдары – толықтай өзін-өзі қызмет көрсетуге арналған шешім. Онда тұтынушы сәлемдемесін өзі орап, өлшеп, тіркеп, бөлімшеге бармай-ақ жөнелте алады. Бұл шешімнің арқасында сәлемдеме сұрыптау уақыты 6-дан 2 сағатқа дейін қысқарады, ал өңдеу жылдамдығы сағатына 65-тен 200-ге дейін артпақ. Сонымен бірге, қызмет сапасы 66%-дан 91%-ға дейін жақсарып, Қазақстан ішіндегі жеткізу жылдамдығы екі есеге артады (2 күннен 5 күнге дейін).

Қазпошта баяғы хат тасушы емес. Ол – аймақтық хабқа айналуға ұмтылып отырған, цифр мен инновацияға негізделген, әлемдік трендтерге сай келетін ұлттық компания. JD, YTO, Aliexpress сынды алпауыттармен иық тірестіріп, Азия мен Еуропа арасындағы цифрлы көпірге айналуды Қазпоштаның өзіне үлкен миссия ретінде айқындап отыр.