«Жеңіс культі»: 9 мамыр қалай пропаганда құралына айналды?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Мектеп оқушыларының әскери парады, жаңа туылған нәрестелерге әскери киім кигізу, мектеп оқушыларына Украинада соғысып жатқан сарбаздарға хат жазғызу. Ресей 9 мамыр – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күнін қалай пропаганданың құралына айналдырды? Оның Қазақстанға әсері қандай?

«ЖЕҢІС КУЛЬТІНІҢ» ҚАЛЫПТАСУЫ

1945 жылы соғыс аяқталған алғашқы жылдары жеңіс күні кең көлемде тойланбады. Мәскеуде 1946 және 1947 жылдары қатарынан екі жыл әскери парад өтті. Кейіннен Сталин режимі бұл мерекені елеусіз қалдырды. Тарихшылар оның себебін сол кездегі Сталин режимінің өзінің жеке культін нығайтуды мақсат етуімен түсіндіреді. Бірақ 1965 жылы Леонид Брежневтің билікке келуімен жеңіс күні қайтадан кең көлемде тойлана бастады. Бұл кезеңде  «Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмытылмайды» («Никто не забыт, ничто не забыто») кампаниясы арқылы соғыс ардагерлері мен олардың ерліктері дәріптелді. Жеңіс күні мемлекеттік идеологияның маңызды бөлігіне айналды. Кейбір тарихшы, саясаттанушылар қазіргі «жеңіс культінің» ірге тасы осы кезде қаланды дейді.

ҚЫРЫМ АННЕКЦИЯСЫ МЕН УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС “ЖЕҢІС КҮНІН” ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТІ

Совет одағы құлағаннан кейін Ресей билігі жеңіс күнін өзінің сыртқы саясаты мен ішкі идеологиясының негізгі бағытына айналдыра бастады. 1995 жылдан бастап әскери парад жыл сайын өтетін болды. 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін жеңіс күні мүлде басқа сипат алды. Бұл кезеңде «Бессмертный полк», георгиев таспасы, «Можем повторить» деген сияқты акциялар кеңінен тарады. 2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін  Ресейде балабақша мен мектеп оқушыларын да осы жеңіс күні төңірегіндегі шараларға тарту үрдісі байқалады. Тіпті жаңа туған нәрестелерге дейін осы шараға тартылды. Биыл сәуірде Кемерово қаласының перзентханаларының бірінде жаңа туған балаларға әскери киім кигізу науқаны жүргізілді. Оған дейін Украинада соғысып жатқан сарбаздарға мектеп оқушыларына хат жазғызу акциясы болған.

«ЖЕҢІС КУЛЬТІНІҢ» ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ ЖӘНЕ СОТВЕТ ЖАҢҒЫРЫҒЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

Ресейде жеңіс күні төңірегінде жасалып жатқан саяси-идеологиялық қадамдар Қазақстанды да айналып өткен жоқ. «Бессмертный полк», георгиев таспасы, «Можем повторить» акциялары біздің елде де болды. Жыл сайын осыған байланысты қоғамда дау да туады. Мысалы, былтыр 9 мамырда Алматыда белсенді Жанболат Шәйзада Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын алып, көліктегі адамдармен шекісіп қалғаны үшін бес тәулікке қамалды. Сол уақытта Шәйзада СССР туын желбіретіп жүруді «арандату» әрекеті деп қабылдайтынын айтқан.

Саясаттанушы Дос Көшім 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанда Совет одағының жұрнақтарына қарсылық күшейді дейді. Ол «Бессмертный полк», георгиев лентасы барлығы Ресейдің империялық саясатымен байланысты болғанымен Қазақстан қоғамына әсері бар екенін жоққа шығармайды.

– Жалпы біз бір нәрсені білуіміз керек. Кеңес үкіметі дегенде оған орыс үкіметі деген бағыт берілді. Керек десеңіз, сол Кеңес үкіметінің кезінде мысалы бір журналдың сыртында әскери сурет болатын болса, «бұл орыс қару» деген сияқты сөзі қосып қоятын. Совет қаруы демейді, орыс қаруы. Сондықтан «Бессмертный полк» болсын, георгиев лентасы болсын осылардың барлығы Ресейдің тарихымен байланыстырылды. Ресейдің державалық саясатымен, кезіндегі империялық саясатымен байланыстырылды. Сондықтан оны басқа республикалар қабылдағысы келмеді. Көптеген мемлекеттер тікелей бас тартты. Тыйым салынды. Біздің кенді қырғыз, қазақ, тәжік сияқты мемлекеттер дәл ондай қарсылық көрсеткен жоқ. Сонымен қоғамда екіге бөліну болды. Біріншіден, иә, соғыстың зардабын бірге тарттық. Оған біздің ата-бабаларымыз қатысты. Сондықтан оған қарсы шығу ыңғайсыз сияқты. Екіншіден, мұның барлығының Ресейдің идеологиялық саясатына айналғанын қарапайым халық, қоғам көріп отыр. Сондықтан оған қатысқысы келмейді, – дейді Дос Көшім.

«Батырларға тағзым» шеруі Қазақстанда соңғы рет 2022 жылы өткен. Одан кейін рұқсат берілмеді. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін елде «Мәңгілік полк» шеруіне көзқарас өзгерді. Қазақстандықтардың көбі мұны Ресейдің жеңіс культі агрессиялық саясатымен байланыстыра бастады.


Дос Көшім, Abai.kz

РЕСЕЙ АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН

7 мамырда Астанада жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери парадта президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамырда елде «Батырларға тағзым» шеруі өтеді деп мәлімдегеннен кейін Қазақстандағы танымал адамдардың видеосымен дипфейктер пайда болды. Олардың арасында премьер-министр Олжас Бектеновтің, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің, мыңдаған аудиториясы бар қазақ журналистерінің видеолары бар. Жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған видеоларда танымал тұлғалар жұртты маршқа «шақырады». Әзірге Қазақстан билігі бұл дипфейкке қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қазақстанның Ресейдің ақпараттық кеңістігінде екенін ұмытпау керек дейді. Сөзінше, сол себепті де ресми Ақорда жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өткізіп, мереке ретінде кеңінен тойлайды.

– Біз Ресейдің ақпараттық кеңістігіндеміз. Сіз оны сезініп, көріп отырсыз. Соғыс жағдайында Ресей режиімнің имиджі үшін тарихтағы жетістіктерді пропагандалық мақсаттарына пайдаланып отыр. Бұл біз қаласақ та, қаламасақ та бізге әсер етіп отыр. Ресеймен стратегиялық әріптес елдер оның бұл әрекетіне оң қабақ танытып отырған тәрізді. Мәскеудегі парадқа Қытай әскері қатысатын болды. Сол себепті Қазақстан тарапынан да белгілі бір қадамдар жасалған тәрізді. «Бұл біз үшін де маңызды мереке. Өте жоғары деңгейде атап өтіледі» деген сияқты. Екінші жағынан, бұл соғысқа біздің азаматтарымыз қатысты. Бірақ бізде бұл мәселеге қалай қарау керек деген түсінік қалыптаспаған. Бұны саяси пропагандалық мақсатта емес, еске алу ретінде қарау деңгейіне әлі жеткен жоқпыз, – дейді ол.

Ақорда биылғы әскери шеруді майдангерлердің ерлігіне тағзым етуді, Қазақстан әскерінің бүгінгі күш-қуатын көрсетуді көздейді деп мәлімдеді. Ал президент Тоқаев парадта «агрессия мен қатыгездік дендеген тұста соғыстың қасіретін барша азаматтың түсінгені аса маңызды» деді.


Димаш Әлжанов, respublika.media

Ресей астанасы Мәскеуде биыл да 9 мамырда әскери парад өтеді. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Саясаттанушы Дос Көшім Совет одағының құрамында болған әрбір ел өзінше әскери парад өткізіп, жеңіс күнін атап өткен дұрыс дейді. 

– Егер біздің өзіміздің парад өтсе, мейлі ол 9 мамырда бола ма, 8 мамырда бола ма маңызды емес. Бірақ сол Ұлы отан соғысында жеңгенімізге өзіміздің парад өтсе мен оны қос қолдап қолдаймын. Ол саяси жағынан дұрыс болады. Екіншіден, әскери парад ол біздің отан қорғаушылар күнімізге арналған. Ол енді көптеген елдерде өткізіледі. Бұл да идеологиялық жұмыс есебінде қарулы күштерді көрсету, отан қорғауға дайынбыз деп көрсету. Ол жағын да қолдаймын. Бірақ әңгіме барлық мемлекет басшыларының Мәскеуге баруы. Оны Мәскеудің жеңгені сияқты, Ресейдің жеңгені сияқты көрініс беруі менің ойымша үлкен қателік. Әрбір ел өзінде өткізсін. Тәжікстан, Әзербайжан, Украина, Грузия өзінде өткізсін. Сол уақытта бұл СССР-дың жеңгенін көрсетеді. Тек орыстардың емес, – дейді Дос Көшім.

Автор: Есдәулет Қызырбек