Үндістан мен Пәкістан қақтығысы Қазақстанға қалай әсер етеді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Геосаяси картада тағы бір «қауіпті жер» пайда болды. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс енді өткір фазаға өтті. Бұл жағдай Оңтүстік Азиядағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр. Ulysmedia.kz тілшісі бұл шиеленістің Қазақстанға қалай әсер ететінін анықтауға тырысты.

ҮНДІСТАН МЕН ПӘКІСТАН НЕ ҮШІН ТАЛАСЫП ЖАТЫР

Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың тамыры тереңде жатыр. 1947 жылы Үндістанның соңғы вице-королі лорд Маунтбеттен Британ Үндістанын діни белгі бойынша бөлу туралы ұсыныс жасады: мұсылмандар тұратын аумақтар Пәкістанға, индуистер тұратын жерлер Үндістанға өтуі тиіс болды. Кейбір жерлер даулы аймаққа айналды, мұндай князьдіктерге өз болашағын өздері анықтау ұсынылды. Солардың бірі — Кашмир еді.

Өткен ғасырда бірнеше қарулы қақтығыстың нәтижесінде Кашмир Үндістан мен Пәкістан арасында бөлініп қалды, алайда бұл аумақ үшін күрес және Кашмир ішіндегі қақтығыстар арагідік қайта тұтанып отырды.

ЖАҢА СОҒЫС ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ СОҚҚЫ ҚАУПІ

2025 жылдың 7 мамырында шиеленіс қайтадан басталды.

Пәкістанға жасалған шабуылдар Үндістанның көзқарасы бойынша басып алынған Джамму мен Кашмир аймағына бағытталған. Дели бұл аймақта Үндістанға қарсы террористік шабуылдар жоспарланған және сол жерден басқарылған деп есептейді.

Ал Пәкістанның мәлімдеуінше, әуе соққысы бейбіт тұрғындарға тиген. Пәкістан армиясының баспасөз қызметі үнді шабуылдарының салдарынан сегіз адамның қаза тапқанын, 35 адамның жараланғанын, тағы екі адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Зымырандардың бірі мешітке түскен.

Пәкістан үнді әскеріне симметриялы жауап беретінін уәде етті. 8 мамыр күні екі тарап жаңа тарихтағы ең ұзақ әуе шайқасын өткізгені белгілі болды.

Air Astana және басқа да бірнеше әуе компаниясы Үндістанға рейстерін тоқтатты, алайда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі әзірге қазақстандықтарды Үндістаннан немесе Пәкістаннан эвакуациялауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Соған қарамастан, әлемдік әскери сарапшылар бұл қақтығыстың одан әрі ушығуын, соның ішінде ядролық қару қолдану мүмкіндігін жоққа шығармай отыр.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАҚТЫҒЫС САЛДАРЫ СЕЗІЛЕДІ

Пәкістан мен Үндістан арасындағы жанжалдың ықтимал әсерін талдай отырып, саясаттанушы Жанат Момынқұлов бұл екі елдің ядролық қаруға ие екенін еске салады, ал бұл фактінің өзі жағдайдың күрделілігін білдіреді.

Сонымен қатар, шиеленістің ушығуы бізге экономикалық тұрғыдан әсер етуі мүмкін.

– Эскалация жоспарланған көлік және сауда бағыттарының бұзылуына алып келуі мүмкін. Қазірдің өзінде Пәкістан үстіндегі әуе кеңістігі жабылып жатыр, бұл әуе компанияларын Оңтүстік және Орталық Азия арқылы өтетін рейстерді қайта бағыттауға мәжбүрледі. Бұл логистикалық қиындықтар тудырып, жүк тасымалына кететін шығындарды арттырады, ал бұл өз кезегінде Орталық Азиядағы сауда мен экономикаға кері әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ аясындағы аймақтық инфрақұрылымдық бастамаларға және «Бір белдеу, бір жол» жобаларына белсенді қатысып отыр. Қарулы қақтығыстың басталуы бұл бастамалардың жүзеге асуын баяулатуы мүмкін. Мысалы, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бір бөлігі болып саналатын Пәкістан–Қытай дәлізі (CPEC) тоқтап қалуы ықтимал, – деп ескертеді саясаттанушы.

Ол Қазақстанның транзит пен логистикаға басымдық беріп отырған ел ретінде Оңтүстік Азиядағы қақтығыстардың бізге тиімсіз екенін еске салады.

Сонымен қатар, соғысушы тараптар Қазақстаннан, өзге де көршілес аймақтардағы жанжалдардағыдай, «таңдау» жасауды талап етуі мүмкін.

– Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясаты аясында демографиялық алыбымыз Үндістанмен де, мұсылман Пәкістанмен де ынтымақтастық орнатып отыр. Меніңше, Қазақстан болашақта Үндістанға жақын дос елге айналуы ықтимал. Жақында Астанаға Үндістаннан логистика және қорғаныс саласының сарапшылары келіп, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік жобасының болашағын талқылады, артынша Тоқаевпен кездесуге Пәкістан қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы келді. Бұл елдердің екеуі де АӨСШК мен ШЫҰ мүшесі. Осы елдер арасындағы шиеленістің ушығуы Қазақстанды халықаралық аренада мүдделер тепе-теңдігін сақтауға мәжбүрлейтін ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін, – дейді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының пікірінше, дәл қазір – Орталық Азия елдерінің үнді–пәкістан мәселесін бірлескен диалог алаңына шығаратын кезі. Өйткені Пәкістан мен Үндістан арасындағы шиеленістің Қазақстан үшін өзекті барлық қаупі Орталық Азиядағы өзге елдер үшін де өзекті. Сондықтан бұл мәселедегі біздің ұстанымымыз жекелей емес, өңірлік сипатта болуы тиіс.