Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы жалғасып жатыр. 21 мамырда негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл мен тағы бір сотталушы Дидар Қалиахметтен жауап алынып, судья істі зерделеуге көшті. Істі Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
ТАҒЫЛҒАН АЙЫП, МОЙЫНДАМАҒАН СОТТАЛУШЫ
Сотта Абзал Шынасыл «Шерзат Полатты өлтірмедім» деді. Сөзінше, ұсталған кезде өзге сотталушылармен бірге келісім болған. Соған байланысты «Шерзат өлімін өз мойныма алуға мәжбүр болдым» деді. Ол өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді. Бұған дейін сотталушылардың барлығы өздерін таспалауға қарсы болған.
Мойныма алған себебім біз Талғар қаласында полиция басқармасында болған кезімізде тергеушілер «бұны бір адам істеді. Бір адам мойындарыңа алмасаңдар қиын болады» деді. Сонымен бізді Қонаев қаласына этаппен алып кететін болды. Газельдің ішінде Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде сөйлестік. Равиль Сәкиев: «Мынаны бір адам істеді. Бір адам мойындасын. Мойындамаса бәрімізге қиын болады» деді сол кезде. Сосын менде пышақ болғаннан кейін, өзімді қылмыс жасап, жасырғандай болмайын дедім де, іштей ойландым. Алсам ала салайын дедім. Қонаевқа келгеннен кейін ИВС-та бәріміздің басымыз қосылып, сөйлесіп үлгеріп қалдық. Сол кезде Нұрбол Тоқтаубаев «Абзал сенде пышақ болды ғой» деді. Мен көп ойланған жоқпын, «Шерзатты мойыныма аламын» дедім. Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс [Белғожаев] мойнына алатын болып шештік. Сөйтіп келіскен болатынбыз сол жерде, – деді Абзал Шынасыл.
Прокурор Дана Сәрсенбай «Сіз қазір Шерзат Полатқа пышақ салғаныңызды жоққа шығарасыз, дұрыс па? Онда кім салды пышақты?» деп сұрады.
– Нақты айта алмаймын кім екенін. Арамыздағы біреу салды деп ойлаймын, – деді Абзал Шынасыл.
Судья Ержан Жанұзақов «Арамыздағы біреу деп айтып тұрсыз ба? Қай араларыңыздағы?» деп нақтылады.
– Өзіміздің балалардың арасында. Сотталушылардың арасындағы, – деді Шынасыл.
Іс бойынша Абзал Шынасылға қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау» баптары бойынша айып тағылған. Сотта жауап алу кезінде сотталушылардың кейбірі төбелестен кейін Шынасыл біреуді пышақпен ұрып жібергенін айтты деген.
«ПЫШАҚПЕН ЖАМБАСЫНАН ҰРЫП ЖІБЕРДІМ»
Ол тек Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ ұрғанын мойындады. Төбелес кезінде Ғайыпбаевтың өздеріне қарсы мылтық атқанын айтты. Өзге сотталушылар да осыған дейін Нұрқанаттың мылтық атқанын айтқан. Ал тағы бір күдікті Нұрқияс Ілиясов «мылтықты тартып алып, Нұрқанаттың өзін ұрдым» деген.
Барсам екпетінен жатты. Құймышағы ашық жатыр екен. Содан пышақты екі-үш сантиметр етіп ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Бәрі кеттік-кеттік деді, сосын кетіп қалдық, – деді Абзал Шынасыл.
«ШЕРЗАТҚА ПЫШАҚТЫ АБЗАЛ ТЫҒЫП АЛДЫ»
Нұрқанат Ғайыпбаев сотта көрсетілген беттестіру видеосында Шерзат Полатқа пышақ салған Абзал Шынасыл деп айтты. Бұған дейінгі сот отырысында көрсетілген видеода ол өзінің мылтық атпағанын айтқан.
Ана жерде төбелес болады. Сол кезде Шерзат келіп қалады артымнан. Шерзат мені тартады, аға қашайық деп. Сол кезде Абзал Шынасыл Шерзатқа қарай атылады. Сол жерде бірінші пышақты Абзал тығып алады. Ана жақта «Нұрқанат аға келші, маған бірдеңе тығып алды» деп айқайлады жан дауыспен. Мен жүгіріп барамын. Құшақтаймын. Көмегімді көрсетейін дегенде сол жағынан, артқы жағынан кәдімгідей пышақтың терең кіргенін байқадым. Аузынан лықылдап қан шығып жатты. «Жігіттер тоқтаңдаршы, скорый шақырыңдаршы» деп айқайлаймын. Бұлар оған қарамады, – дейді Нұрқанат Ғайыпбаев видеода.
«ҚОЛ ІЗДЕРІ ҚАЛМАУ ҮШІН ПЫШАҚТЫ СҮРТТІМ»
Бұдан өзге Абзал Шынасыл төбелестен кейін саусақ іздерін кетіру үшін пышақты сүрткенін растады. Осыған дейін өз жауабында сотталушы (кәмелет жасына толмаған) Думан Ысқақ оқиға болған күні Шынасылдың пышақ сүртіп тұрғанын көргенін айтқан.
Үш жеті дүкеніне қарай бардық. Сол кезде мен пышағымды сүрттім. Қол іздері қалмау мақсатында. Жақсыгелді Данаға маған дизи құйып берші, сүртіп жіберейін дедім. Сол кезде Дана дизи құйыды мен сүрттім, – деді Абзал Шынасыл сотта берген жауабында.
ДЕНЕ ЖАРАҚАТЫ
Адвокат Мейірман Шекеев күдікті Абзал Шынасылдан Шерзаттың дене жарақаты туралы сұрады.
Құрметті сот, өткен сот отырысында Бишимбаева «менің баламның беті мен саусақтарында да дене жарақаттары болды» деді. Мына дене жарақатына байланысты не айта аласыз?, – деп Мейірман Шекеев марқұм Шерзат Полаттың фотосын көрсетіп, Шынасылға қайырылды.
Іске тіркелген суретте Шерзат Полаттың бет тұсында дене жарақаты бар екені көрінеді.
Абзал Шынасыл «Менің қолым тиген жоқ Шерзатқа. Ол да мені ұрған жоқ» деп жауап берді.
«ЕШНӘРСЕ КӨРМЕДІМ»
Ең соңғы болып сотталушы Дидар Қалиахмет тыңдалды. Ол оқиға болған уақытта ешкімді байқамағанын, төбелеске қатысқандардың не істегенін көрмегенін, төбелеске араласпағанын айтты. Бірақ жәбірленуші «Қаржаубай Нұрымовтың қолынан пышақ көріп, оны таста» деп айттым деді.
Өзімді өзім қорғау мақсатында Қаржаубай мырзаның қолындағы пышаққа жармастым. Егер ол кісіні ұрғым келсе, менің оң қолым бос тұрды, ұрар едім, – деді Дидар Қалиахмет.
Қаржаубай Нұрымов тергеу кезіндегі беттестіруде Қалихаметтің төбелеске қатысқанын айтқан.
«МӘЙІТТЕН 2,5 САНТИМЕТР ЖАРАҚАТ ІЗДЕРІ АНЫҚТАЛДЫ»
Сотталушыларды тыңдап болғаннан кейін судья істі зерделеуге көшті. Прокурор Дана Сәрсенбай тергеу кезінде Шерзат Полаттың денесін тексеру кезінде қандай жарақаттар анықталғанын айтты.
Мәйітті қарау барсында келесілер анықталды: мәйіт көк түсті медициналық зембілде арқасымен жатыр. Мәйіттің бойы шамамен 170-175 см. Арық денелі. Қара шашты. Тістері толық. Көздері жартылай жабық. Аяқтары мен қолдары дене бойымен тік жатыр. Мәйіттің денесінде келесі дене жарақаттары анықталды: оң жақ бетінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары және көгерген іздер бар. Мәйіттің үстінгі ернінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары бар. Сол қолының бесінші саусағында бір сантиметрді құрайтын жара бар. Мәйіттің оң қолының білек тұсында екі сантиметрді құрайтын жарақат орыны бар. Мәйіттің арқасының сол жақ қабырға тұсында 2,5 сантиметрді құрайтын өткір затпен кесілген сұғылмалы-кесілмелі жарақат іздері анықталды. Мәйітті тексеру кезінде басқа да дене жарақаттары анықталмады, – деді прокурор.
ТАЛҒАР ОҚИҒАСЫ
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған. Кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өзі де өз-өзіне қол салып, қайтыс болды. Бірақ марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбеген.
Оқиғадан кейін 9 адам күдікті деп танылып, қамауға алынған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.
Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.