Қазақстанда дау болған атом электр станциясын кімнің салатыны белгілі болды. Қазақстан билігі алғашқы АЭС-ті салатын халықаралық консорциум жетекшісі Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын мәлімдеді. Тәуелсіз сарапшылар «Росатомды таңдауда Ресей тарапынан саяси қысым болды. АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан энергия жағынан оған тәуелді болып қалады» дейді. Ал үкімет «Болашақ атом электр станциясының барлық технологиялық процестерінҚазақстан басқарады» деп сендірді.
Атом электр станциясын салуда Ресейдің жетекшілік етуі саяси қысым ба, жоқ әлде шын мәнінде тиімді шешім бе? Екінші АЭС-ті салуда Қытайдың жетекшілік етуі ненің көрінісі? Атом электр станциясын салудың қауіпі қандай? Ulysmedia.kz бұл материалда осы сұрақтарға жауап іздеді.
«АЭС-ті Ресейдің салатыны әу баста белгілі болған»
14 маусымда Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі «ресейлік «Росатом» компаниясы алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциум көшбасшысы болып танылды» деп мәлімдеді. Бұл жаңалық қоғамда қызу талқыланды. Энергетика сарапшысы, «KEGOK» компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев сөзінше, Қазақстанда АЭС-ті Ресейдің салатыны әу баста белгілі болған. Сарапшы бұны саяси шешім деп есептейді.
– Ресей тоқтаусыз қысым жасап, осы идеяны алға сүйреді. Өзге компаниялармен келісім жасау жәй ғана көзбояушылық болды. Оның артында Ресеймен жасалған сауда ғана болды. Өкінішке қарай, ол жөнінде біз білмейміз. Өзге бәсекелес компаниялармен келіссөз жүргізудің басқа мақсаты болған жоқ, – дейді Әсет Наурызбаев.
Әсет Наурызбаев, экономист, энергетика сарапшысы. Фото: kapital.kz
«Қазақстанның тәуелсіздігін әлсірету»
Атом электр станциясының салынуына әу баста қарсы болған саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы да сарапшының пікірімен келіседі. Оның сөзінше, АЭС салуда ресейлік компанияның жетекшілік етуінің саяси астары бар. Ол АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан ұзақ жылдарға Мәскеуге кіріптар болады деп есептейді.
– Ертең оған уран керек, отын керек. Оны қайдан өндіреді? Әрине Қазақстанда уран кеніштері бар. Бірақ ол кеніштердің иесі қазір кім? Бұрын «Казатомпром» еді, қазір «Росатомпромға» кетіп жатыр. Сонда оның шикізатын өндіретін де, ол шикізатты бағалайтын да, сол шикізаттан өндірілген энергия қуатына тарифті белгілейтін кім? «Росатомпром», Ресей Федерациясы... Сондықтан осы тұрғыдан алып қарағанда бұл Қазақстанды экономикалық және энергетикалық жағынан тәуелді етеді. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін әлсірету, – дейді ол.
Рысбек Сәрсенбайұлы, саясаткер. Фото: Ашық дереккөзден.
«АЭС-ті Қазақстан басқарады»
Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «Росатом» компаниясын таңдауда ешқандай саяси астар жоқ деп мәлімдеді. Ол «уран шикізатының меншік иесі, операторы және өндірушісі, сондай-ақ болашақ атом электр станциясының барлық технологиялық процестерін Қазақстан басқаратын болады» деді. «Геосаяси жағдайға байланысты санкция қауіпі болмай ма?» деген сауалға «Росатом санкция тізімінде жоқ» деп жауап берді. Әзірге құрылыс құны, мерзімі, консорциумдағы өзге компаниялар не істейтіні белгісіз.
– Мен барлық жауапкершілікпен айтамын, атом технологиясында, техникалық, экономикалық, саяси мәселелер бойынша Ресейге тәуелділік өте төмен. Ол жоқ деп айтуға болады. Біз әу баста станцияның иесі Қазақстан болады деп шешкенбіз. Олар «келді, үйретті, салды, кетті» қағидасы бойынша жұмыс істейді, – деді Сәтқалиев.
Алмасадам Сәтқалиев, атом энергентикасы жөніндегі агенттік төрағасы. Фото: © Sputnik / Санат Иманғалиев
«АЭС-ті Ресей емес, халықаралық консорциум салады»
Осыған дейін атом электр станциясын Ресей салмайды деген мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай атом энергиясы жөніндегі агенттік мәлімдемесіне қарамастан, АЭС-ті Ресей емес, халықаралық консорциум салады дейді. Ол «Ресей тарапынан қысым болды ма?» деген сауалға да нақты жауап бермеді. Сөзінше, Қазақстан үшін Ресей ұсынған баға ең оңтайлы болған.
– Ашық конкурс. Ол жерде Оңтүстік Корея бар, Франция бар, Қытай бар және Ресей бар. Бұл жерде бір ғана АЭС-тің мәселесі емес қой. Біз айттық, басты талап бұл жерде халықаралық ұйымдар бар, сарапшылар бар және ол ең заманауи болуы керек. Басты мәселе, ол қауіпсіз болуы керек және біз баға тиімділігіне де қарап жатырмыз. Баға тиімділігі жағынан ұсыныс әзірге Ресейдікі оңтайлы болып тұр. Бірақ тек ғана Ресей емес, консорциум дейді. Біреуін мысал үшін Франция салады, біреуін Қытай салады деген сияқты консорциум бірге асатын жоба. Ол әлі де талқыланып жатыр. Бұл бірінші ғана пакет. Әлі екі-үш тур бар. Нәтижесін уақыт көрсетеді, – дейді депутат.
Мақсат Толықбай, мәжіліс депутаты. Фото: Мәжіліс.
Ең ауыр жолды таңдаған Қазақстан
Энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев агенттік төрағасымен де, депутатпен де келіспейді. Ол АЭС-ті Қазақстан өз бетінше басқара алмайды дейді. Сөзінше, Қазақстан уран шығарғанымен, оны байытуға рұқсаты жоқ. Ал АЭС салынып біткен күннің өзінде, ол өндіретін электр энергиясы қазіргімен салыстырғанда әлде қайда қымбатқа түседі.
– Ядролық клубқа мүше елдер Қазақстан уран байтқысы келеді дегенге қуанады деп ойламаймын. Сол себепті бұның барлығы Сәтқалиев мырзаның қалауы ғана. Шын мәнінде әртүрлі себептерге байланысты уран байыту болмайды. Бұл сөздері үшін оның өзі жауап береді. Біз өзімізді энергиямен қамтамасыз етуде ең ауыр жолды таңдадық. «Росатомның» Түркиядағы жобасы, «Аккую» станциясында 12,35 цент деп белгіленген. Қазіргі курспен бұл 60 теңгеден жоғары. Киловатт сағатына 60 теңге. Біз қазір пәтерімізде киловатт сағатына 30 теңге төлеп отырмыз. Плюс-минус әр аймақта әр қалай. Қазір пәтерімізде екі есе арзан төлеп отырмыз. Ал ол жерде станцияның бағасына KEGOK-тың бағасы, тасымалдаушы жүйе бағасы қосылады. Сол себепті қазіргі бағамен салыстырғанда екі жарым, үш есе қымбат болады, – дейді Наурызбаев.
Әлнұр Ильяшев, саяси белсенді. Фото: Vlast.kz
Үкіметпен соттасып жатқан белсенді
Ал алматылық саяси белсенді Әлнұр Ильяшев АЭС салынатын жердің қауіпсіздігіне байланысты үкіметпен соттасып жатыр. Ол атом электр станциясы салынады деп белгіленген Алматы облысындағы Үлкен ауылы Ресей жалға алып отырған Сарышаған әскери сынақ алаңына тым жақын орналасқан дейді. Істі Астана қаласының соты қарап жатыр.
– АЭС салынады делінген Үлкен ауылдық округімен, Ресей жалға алып отырған әскери сынақ полигонын дейін 22 шақырым. Сарышаған полигонын Ресей жалға алады және белсенді пайдаланады. Ашық дереккөздерде Капустин Ярда ұшқан құрлықаралық баллистикалық зымырандар осында келіп құлайтыны айтылады. Ал 2000 жылы Қазақстан мен Ресей ратификациялаған келісімнің 10-бабында «полигоннан тыс аймаққа зымырандар мен оның қалдықтары құлауы мүмкін» деп жазылған. Бұл халықаралық келісімде көрсетілгендей, зымырандардың АЭС-ке құлау қауіпі бар, – дейді ол.
Қазақстан үкіметі биыл ақпанда алғашқы атом электр станциясының орнын анықтап, арнайы қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Құжатқа сәйкес, АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысының Жабыл ауданы белгіленген.
Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін ядролық қуат маңызды екенін ескертіп, екінші АЭС мәселесін көтерген. Осыдан соң үкімет екінші станция салынатын ықтимал аймақты анықтауға кірістік деп мәлімдеген.
16 маусымда Атом энергетика агенттігі Қазақстанда салынатын АЭС-те апат болған жағдайда оған Ресейдің «Росатом» компаниясы жауапты болмайды деді. Атом электр станциясы пайдалануға берілген соң барлық жауапкершілікті Қазақстан тарапы өз мойнына алады.
Путин және «Росатом»
Қазақстан «Росатом» халықаралық консорциум көшбасшысы болады деп мәлімдеген тұста компаниясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстанға қарата мәлімдеме жасады. Ол елде салынатын атом электр станциясы заман талабына сай, Ресей технологиясы бойынша салынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, АЭС-ке 3+ деңгейіндегі ВВЭР-1200 реакторы қойылады.
Бұған қоса, 19 маусымда Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында Қазақстанмен атом энергиясы бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын айтты.
Кешіккен және қымбат құрылыс
Ресейдің «Росатом» компаниясы қазір Түркия, Бангладеш, Қытай және Египетте АЭС салып жатыр. Бұдан өзге Беларусь, Үндістан мен Иранда салған станциялары жұмыс істеп тұр. Бірақ Ресей салған атом электр станцияларының құрылысы кестеден жиі кешігеді. Мысалы, Үндістанда «Росатом» салған АЭС мерзімінен 11 жылға кешіккен. Беларусьте 2018 жылы берілуі тиіс АЭС 2021 жылы ғана іске қосылды. Түркиядағы «Аккую» АЭС-і де 2023 жылы қосылуы керек болған. Бірақ құрылысы әлі күнге дейін жалғасып жатыр. «Росатом» жобаларының кешігуіне көбінесе техникалық ақаулар себеп болады.
Росатом АЭС салған елдердің барлығы дерлік Ресеймен геосаяси серіктес немесе саяси тұрғыда тығыз байланысты. Сарапшылар бұл аталған елдерді энергетикада және технологияда Ресейге тәуелді етеді дейді. Оның үстіне Ресей салған АЭС-тердің құны пайдалануға бергенге дейін бастапқы бағасынан 20-60 пайызға қымбаттайды. Бұл елді қаржылай да тәуелді етеді. Мысалы, Ресей Түркиядағы «Аккую» АЭС-ін бастапқыда 15 миллиард долларға салатын болған. Бірақ қазір оның бағасы 25 миллиард долларға бірақ шарықтаған.
Ресейден өзге, Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Қытай болатыны айтылды. Бірақ жобаның қашан іске асатыны әзірге белгісіз. Жалпы АЭС салуға байланысты конкурсқа төрт компания қатысқан. Олардың қатарында Оңтүстік Корея мен Францияның да компаниялары бар.
АЭС-ке қарсылық
Былтыр Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқы өткен кезде бірқатар экологтар мен азаматтық қоғам өкілдері қарсы шықты. Олар Совет заманында ядролық сынақ өткен Семей полигоны мен Чернобль АЭС-індегі апатты мысалға келтіріп, АЭС салынады деген Балқаш көлінің алдағы тағдырына алаңдаған.
АЭС салуға байланысты референдум қарсаңында Алматыда ондаған белсенді ұсталды. Олардың кейбірінің үстінен «қылмысқа оқталды», «жаппай митинг ұйымдастырмақ болды» деген айыппен қылмыстық іс те қозғалған. Жақында 8 айдан бері қамауда отырған 5 адамның ісі сотқа жеткені хабарланды. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Олар істің саяси астары бар деп есептейді.
Референдум
Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Бірақ референдумға «станцияны қай елдің компаниясы салғанын қалайсыз?» деген сауал шығарылған жоқ.
Әлемдегі АЭС апаттары
Әлемде кейінгі 60 жылда атом электр станциясына қатысты үш ірі апат болды. Біріншісі – 1979 жылы АҚШ-тың Три-Майл-Айленд АЭС-інде орын алды. Мұнда станцияда техникалық ақау шыққан. Апат қауіпі төнген кезде реакторды суыту жүйесі автоматты түрде іске қосылып, соның арқасында станция апаттан аман қалды.
1986 жылы Совет одағындағы Чернобль атом электр станциясында жарылыс болды. АЭС айналасындағы 30 шақырым жер өмір сүруге жарамсыз болып қалды. Апат ондаған адамның өмірін қиды. Радиоактивті бұлт бірнеше елге жайылды. Апаттың нақты себебі айтылған жоқ. Совет өкіметі кезінде қызметкерлерді айыптады. Совет одағы құлаған соң, апатқа реактор конструкциясындағы кемшілік себеп болуы мүмкін екені айтылды.
2011 жылы Жапониядағы Фукусима-1 АЭС-ында апат болды. Оған жойқын жер сілкінісі мен цунами, жобалау кезіндегі кемшіліктер мен қызметкерлер жұмысындағы қателіктер себеп болды. Кейін апаттың себебін тексерген комиссия станция мұндай ауқымды апатқа дайын болмаған деген тұжырым жасады. Қазір онда апат салдарын жою жұмысы әлі жүріп жатыр.
Осы апаттардың салдары әлем елдерінің кейбірін АЭС-тен бас тартуға дейін әкелді. Олардың қатарында Италия, Австрия, Литва, Австралия сияқты елдер бар. Бірақ АЭС-тен бас тартпаған елдер де жетерлік. Қазір әлемнің 16 елінде 60 жаңа реактор салынып жатыр.