Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс АҚШ-тың араласуымен одан сайын ушықты. 22 маусымда АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанын бомбалады. Иран сыртқы істер министрі Мәскеуге барды. АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы саяси режимді ауыстыруға қатысты мәлімдеме жасады. Иран Израиль қақтығысы қалай басталды? Осы уақытқа дейін не өзгерді?
Иран мен Израиль қақтығысының жалғасып жатқанына он күн болды. 13 маусымда Израиль ұшақтары Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасағды. Кейіннен Тегеран қарымта ретінде Израильді зымырандармен атқылады.
«ЯДРОЛЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ КӨЗІ ЖОЙЫЛДЫ»
22 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Фордо, Исфахан және Натанз ядролық нысандарының көзі жойғанын мәлімдеді. Фордоны АҚШ-тың В-2 жойғыш ұшақтары шабуылдап, бункерге қарсы алты бомба тастаған.
– Біздің мақсатымыз – Иранның уран байыту мүмкіндігін жою және әлемдегі терроризмді басты қолдаушы мемлекетке ядролық қауіп төндіруіне мүмкіндік бермеу. Мен бүгін әлемге жасалған соққы сәтті болды деп айта аламын. Ирандағы уран байытуға арналған басты нысандар толықтай әрі түпкілікті көзі жойылды. Таяу Шығыстағы «арандатушы» Иран енді бейбіт келісімге келуі тиіс, – деді Дональд Трамп.
«НЫСАНДАР ТОЛЫҚТАЙ ҚИРАҒАН ЖОҚ»
Иран АҚШ шабуылын растады. Бірақ ядролық нысандары толықтай қирағанын жоққа шығарды. Иран мемлекеттік телерадиокешені басшысының орынбасары Хасан Абедини Иран билігі үш ядролық нысаннан соққы жасалмай тұрып материалдарды алып кеткенін мәлімдеген. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді жариялаған.
– Байытылған уран қоры ядролық орталықтан әкетілген, ол жақта ешқандай материал қалған жоқ. Егер оларды нысанаға алған болса, радиация тарап, отандастырымызға зиян келтіруі мүмкін еді, – деген Хасан Абедини.
Иран парламентінің кеңесшісі Мехди Мохаммад шабуылдың салдары аса ауыр емес деді. Ол Тегеран Фордоға соққы жасалатынын алдын ала сезіп, ондағы мамандары мен материаларды көшіргенін айтты.
ТРАМПТЫ ҚОЛДАҒАН НЕТАНЬЯХУ
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың Иранға жасаған соққысын қолдады. Ол Дональд Трампқа алғыс айтып, Израиль мемлекетінің досы деп атады.
– Президент Трамп еркін әлім басқарып отыр және үлкен күшке ие. Ол Израильдің үлкен досы, –деді Нетаньяху.
Ол бұған дейін АҚШ-тың Axios басылымы Израиль билігіндегі дереккөздеріне сүйеніп, «Тель-Авав АҚШ-ты Иранмен арадағы қақтығысқа араласуға шақырды» деп жазған. Басылым оны Израиль Иранның жер астындағы ядролық нысандарын жою үшін арсеналында бункерге қарсы бомба болмауымен байланыстырған.
АҚШ ШАБУЫЛЫН АЙЫПТАҒАН БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына шабуылын санады. Ол бұл бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп деп атады.
– Бұл қазірдің өзінде қауіп төніп тұрған аймақтағы шиеленісті ушықтыру және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіру. Қақтығыстың тез арада бақылаудан шығып кету қаупі артып келеді. Бұл бейбіт тұрғындар, аймақ және бейбітшілік үшін апатты салдарға әкеледі, – деді ол.
ТРАМПҚА ҚАРСЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
АҚШ-та Дональд Трампты сынаушылар «Иранға жасалған шабуылды заңсыз» деп атады.
Сенаттағы демократтар фракциясы жетекшілерінің бірі Дик Дурбин президенттің әрекеті «Америка Құрама Штаттарын Таяу Шығыстағы соғыс табалдырығына жеткізді, әрі бұл Конституция талап ететін Конгрестің келісімінсіз жасалды» деп мәлімдеді. Демократ сенатор Тим Кейн Сенат пен Өкілдер палатасының мақұлдауынсыз әскери әрекет жасауға тыйым салатын қарарды дауысқа салатынын айтты. Конгрестегі басқа да демократтар осыған ұқсас мәлімдемелер жасады, кейбіреуі, мысалы Өкілдер палатасының мүшесі Александрия Окасио-Кортес, президенттің әрекеті импичмент жариялауға лайық деді.
Ал Конгрестің қос палатасын басқарып отырған республикалық партия өкілдері президенттің шешімін қолдап, Иранның ядролық нысандарын бомбалауды «қажет қадам» деп атады.
АЯТОЛЛА РЕЖИМІН АУЫСТЫРУҒА МЕҢЗЕУ
23 маусымға қараған түні Дональд Трамп Truth Social желісінде Ирандағы қақтығыс пен саяси режимге қатысты жазба жариялады. Ол онда Тегерандағы аятолла режимін ауыстыруды меңзеді.
– «Жүйені ауыстыру» түсінігін пайдалану саяси тұрғыда сауатты бола қоймас. Десе де, қазіргі жүйе Иранды бұрынғыдай ұлы ете алмаса, онда режимді ауыстыру керек шығар? MIGA, – деп жазды Трамп.
MIGA аббревиатурасын Трамп президент сайлауы кезінде пайдаланған ұранына ұқсатып жазған. Сайлау кезінде ол «Make Amerika Great Again» (MAGA, «Американы қайтадан ұлы елге айналдырамыз»)ұранын қолданған. Бірақ бұл жолы ол оны «Make Iran Great Again» деп өзгерткен.
Бұған дейін Ирандағы саяси режимді ауыстыру туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да айтқан.
ШАБУЫЛҒА ҚАРЫМТА
23 маусымда Иран мемлекеттік телеарнасында Иран қарулы күштерінің ресми өкілі Эбрахим Зольфагари АҚШ-тың қақтығысқа араласуы соғыс аумағын кеңейтеді деп мәлімдеді. Ол Иран шабуылға міндетті түрде қарымта қайтаратынын айтты. Иран армиясының бас қолбасшысы Әмір Хатами «АҚШ-тың Иранға қарсы жасаған кез келген қылмысы жауапсыз қалмаған. Бұл жолы да ол жауапсыз қалмайды» деді. Ал Иран әскерінің бас штаб қолбасшысы Абдулрахим Мусави «АҚШ Иран әскеріне кез келген мүмкіндікті пайдалануға жол ашып берді» деп мәлімдеді.
МӘСКЕУДЕГІ КЕЗДЕСУ
АҚШ шабуылынан кейін іле-шала Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Мәскеуге барды. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұған дейін Арагчи Мәскеумен келіссөздер жүретінін айтқан.
Reuters агенттігінің мәліметінше, кездесуде Аббас Арагчи Владимир Путинге Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің көмек сұраған хатын тапсырған. Кездесуде Путин «Иранға жасалған арандатуды ақтауға болмайды» деп мәлімдеді.
– Болған оқиғаға қатысты біздің позициямыз бесенеден белгілі. Ол ұстанымды елдің сыртқы істер министрлігі Ресей атынан ашық көрсетті. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде біз ұстанған позиция айқын. Иранға қарсы ұйымдастырылған агрессияның ешқандай негізі, ақтауы да жоқ, – деді Путин.
Бірақ Ресей президенті сөзінде Израильді де, АҚШ-ты да атаған жоқ. Тікелей де айыптамады.
ИРАН МЕН МАГАТЭ
Reuters агенттігі Иран Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) келісімді тоқтату туралы заң жобасын Иран парламенті қарап жатқанын жазды. Бұл жөнінде парламент президиумының мүшесі Рухолла Мотафакерзаде мәлімдеген. Ал парламент спикері Мохаммад Багер Калибаф «Әлем МАГАТЭ-ның өзіне жүктелген бірде-бір міндетті атқармағанын және саяси құралға айналып кеткенін көрді» деп атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікті айыптады.
ЖАЛҒАСҚАН ҚАҚТЫҒЫС
Иран мен Израиль бірін-бірі атқылауды жалғастырып жатыр. 23 маусымда Иран зымыран шабуылынан Израильде 8000 адам жарықсыз қалған. Израиль қақтығыс басталғалы 24 адам қаза тауып, 500 адам жарақат алғанын хабарлаған.
Израиль Иранның бірнеше әуежайын атқылап, бірнеше ұшағын қиратқанын мәлімдеді. Иран қақтығыс басталғалы Израиль шабулынан 500 адам қаза тауып, 3000 адам жарақат алғанын айтқан.