Ulysmedia.kz аймақ әкімдерінің жоспарлары мен өз уәделерін қалай орындап жатқаны туралы материалдар сериясын жалғастырады. Асхат Шахаров Ақтөбе облысының әкімі болып 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалды. Ол аймақты кешенді жоспардың орындалуына есеп беруге небәрі екі жылдан сәл астам уақыт қалған кезде қабылдады. 2025 жылдың соңында қорытынды шығару керек, ал қазіргі жағдай жоспарлау да, орындау да көңіл көншітпейтінін көрсетеді.
КІМ ЖОСПАРДЫ ОСЫЛАЙ ҚҰРАДЫ…
Ақтөбе облысын дамытуға арналған кешенді жоспар төрт жылға – 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңге есептелген. Аймақты «сапалы жаңа деңгейге көтеру» үшін қарастырылған 92 іс-шараға жалпы 1,6 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,1 трлн теңге – жекеменшік инвестициялар. Яғни, облыс билігі үшін басты міндет – бюджетті игеру емес, жеке секторды қаржы құюға ынталандыру еді.
Жылдың аяқталуына небәрі бес ай қалды, сондықтан аралық қорытынды шығаруға болады. Жоспарда нақты бес мақсат көрсетілген, сонымен қатар халық санының өсуі, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуы, көші-қон үдерістерінің тұрақтануы сияқты қосымша нәтижелер күтілген.
Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтарда облыста 906 816 адам тұрған. 2025 жылғы 1 маусымдағы көрсеткіш – 951 867 адам. Бір жағынан, халық саны артып келеді, бірақ екінші жағынан көші-қон сальдосы 2011 жылдан бері теріс. Әсіресе 2025 жылғы ақпаннан бастап аймақтан көшіп кетушілер көбейген. Бұрын айына орта есеппен 270 адам қоныс аударса, қазір шамамен 350 адам кетіп жатыр. Демек, халық саны әзірге тек туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты өсіп отыр. Бірақ ол да төмендеп барады: төрт жыл бұрын әр 1000 тұрғынға 16,5 бала дүниеге келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 12,3-ке дейін, ал 2025 жылдың алғашқы жарты жылында 10,27-ге дейін түсті.
Халықтың әл-ауқаты – бұл даулы көрсеткіш. Оны қандай өлшеммен бағалау керек екені түсініксіз. Үкімет пайдаланатын ЖІӨ немесе аймақтық ЖӨӨ мұнда жарамсыз. Қажеті – жалақы өсімі, несиелік жүктеменің азаюы, пәтер немесе көлік сатып алу мүмкіндігі, шетелге демалуға шығу немесе елордаға концерт көруге бару сияқты өлшемдер.
Ал жалақыға келсек: 2025 жылдың бірінші тоқсанында облыстағы жалдамалы қызметкерлердің орташа айлығы 347 мың теңге болды. Бұл өткен жылдың төртінші тоқсанынан төмен көрсеткіш. Бір жылда орташа жалақы 2%-ға ғана өскен, ал бағалар 10%-ға қымбаттаған.
Сонымен қатар, 2025 жылғы маусым айында Ақтөбе облысы ел бойынша берілген несиелер көлемі бойынша екінші орын алды – 68 млрд теңге. Ал қайтарылмаған қарыз көлемі 21 млрд теңгеге жеткен.
БАРЛЫҚ БАҒЫТТА СӘТСІЗДІК ПЕ?
Соған қарамастан, Асхат Шахаровтың «жетістігіне» халықтың әл-ауқатының өсуін қосатыны анық. Бағалау аймақтық жалпы өнімнің (АЖӨ) өсімі бойынша жүргізіледі. Оның үстіне, бұл көрсеткіш номиналды түрде есептеледі, яғни бағаның өсуі ескерілмейді. Бұл жағынан алғанда әкімнің есебі дұрыс сияқты. Жоспарға сәйкес, 2020 жылғы 2,9 трлн теңгеден 2025 жылдың соңына дейін АЖӨ-ні 3,8 трлн теңгеге жеткізу міндеттелген. Ал қажетті көрсеткішке облыс 2021 жылдың қорытындысының өзінде-ақ жақындап қойған. Сондықтан жоспар жасаушылардың аймақ мүмкіндігін неге сонша төмен бағалағаны түсініксіз. 2024 жылы АЖӨ 4,9 трлн теңге болды, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында – 1,1 трлн теңге болды. Демек, жыл соңына қарай межеден айтарлықтай ауытқу болмайды.
Ал жұмыс орындары бойынша жағдай бұлыңғыр. Жоспарға сәйкес, төрт жыл ішінде 30 мың жұмыс орны ашылуы тиіс, оның 20 мыңы – сапалы жұмыс орындары болуы қажет. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында «сапалы жұмыс орны» деп тұрақты еңбек (кемінде алты ай), өңірлік медианадан жоғары жалақы, толық әлеуметтік пакет және қауіпсіз еңбек жағдайы түсіндіріледі. Яғни әңгіме ресми түрде еңбекке тартылған жалдамалы жұмысшылар жайында.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Ақтөбе облысында жаңадан ашылған жұмыс орындарына 2022 жылы – 2 182 адам, 2023 жылы – 2 403 адам, 2024 жылы – 1 807 адам қабылданған. Яғни үш жылда небәрі 6 мыңнан сәл ғана асатын сапалы жұмыс орны құрылған. Ал жоспарды орындау үшін қалған бес айда үш жарым жылдағыдан екі есе көп жұмыс орны құрылуы тиіс.
Биыл көктемде облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева 25 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеді. Бірақ ол нақты мерзімін де, бұл орындардың сапасын да ашып айтқан жоқ. Сондықтан жыл соңына қарай облыс әкімдігі өз есебінде «бірнеше ондаған мың жұмыс орны құрылды» деп көрсетуі әбден мүмкін.
Кешенді жоспарды орындаудағы қалған үш көрсеткіштің бірі – жолдардың «жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда» болуы тиіс үлесін 95%-ға жеткізу. Бірақ әкімдіктің ресми хабарламасында бұл көрсеткіш 2025 жылдың соңына қарай «жоспарға сәйкес» 82% деңгейінде болады делінген. Бұл жағдайда Асхат Шахаров кешенді жоспардан бейхабар ма, әлде жоспардың өзі ескірген бе – ол туралы бұқараға ақпарат берілмеген.
Ал негізгі капиталға салынатын инвестицияларға келсек, мұнда айқын артта қалу байқалады. Жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін 1,5 трлн теңге инвестиция тартылуы тиіс еді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 900 млрд теңге шамасында болды. 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша – 509 млрд теңге ғана. Өнеркәсіп көлемінің өсіміне де күмән бар: межеге жету үшін жыл соңына дейін 2,8 трлн теңге болуы қажет. Алайда 2024 жыл облыс үшін 2,2 трлн теңгемен аяқталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда өте аз өсім ғана.
МЕРЗІМДЕРДІҢ ЫҒЫСУЫ
Аймақ әкімінің уәделерін орындау мәселесі де ойдағыдай болмай тұр. 2023 жылдың желтоқсанында Шахаров Ақтөбеде кәріз-тазарту құрылғыларының құрылысы 2024 жылы басталатынын айтқан еді. Ал кешенді жоспарға сәйкес, нысан осы жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ мерзім 2026–2027 жылдарға шегерілгені, сонымен қатар нысанның құны 20 млрд теңгеден 53 млрд теңгеге дейін өскені белгілі болды.
Сондай-ақ Шахаров 2024 жылы 31 аяқталмай тұрған нысанның 22-сін бітіремін деп уәде берген. Бұл мәселе бойынша мәліметтер әрқилы, бірақ облыс орталығындағы 12 нысанның былтыр тек бесеуі ғана аяқталған. Аудандарда шамамен 11 ғимаратты бітіру мүмкін болған.
Сонымен қатар Хромтау ауданында алты жылға созылып келе жатқан спорт кешенінің құрылысы әлі жалғасуда, оны жылдың соңына дейін аяқтайтыны да күмәнді. Ал Хромтаудағы Мәдениет үйін 2024 жылы тапсыру жоспарланғанымен, ол тек 2025 жылдың қыста ғана ашылды.
Ақтөбе облысын былтыр су басқан кезде президенттен сөгіс алған Асхат Шахаров биыл бұл жағдай қайталанбас үшін тырысқанымен, нәтиже шықпады – ауыл тұрғындары тағы да қайықпен жүруге мәжбүр болды. Бұл ретте тасқынға дейін облыс әкімдігі бөгеттерді нығайтуға 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін хабарлаған болатын.
5 қыркүйекте Асхат Шахаров Ақтөбе облысын басқарғанына тура екі жыл толады. Бұл мерзім кез келген басшыға өз құзыреті мен жауапкершілігіне баға беруге жеткілікті уақыт. Ulysmedia.kz осы материалда соған жауап іздеуге тырысты. Сондықтан, құрметті Асхат Берлешұлы, бәлкім сіз президент сенімін ақтамағаныңызды мойындап, басқа іспен айналысатын уақыт келген шығар?