Өткен жылдың қазан айында Ұлытау облысында жаңа және Қазақстандағы ең жас әкім – 41 жастағы Дастан Рыспеков қызметіне кірісті. Жаңа әкім келгеннен кейін өңірде таңғаларлық тыныштық орнады. Алайда басқарудағы бір жылдық «көрінбестік» кезеңінен соң қоғам белсенділері мен тұрғындар мазалайтын сұрақ қоя бастады: бұл тыныштықтың артында нағыз тұрақтылық па, әлде тоқырау ма жатыр? Өңір басшысының жұмысы неліктен көзге түспей, бағаланбай отыр? Мұны Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.
ШЕНЕУНІКТІҢ ЖОЛЫ: АЛМАТЫДАН ҰЛЫТАУҒА ДЕЙІН
Ұлытау тұрғындары үшін Дастан Рыспеков мүлде бейтаныс емес. Облысты басқаруға тағайындалмас бұрын бір жыл бойы ол аймақ басшысының орынбасары қызметін атқарды. Бұл лауазымға ол туризм индустриясы комитетінен келген еді.
Оның мансап жолы – қазақстандық басқарушыларға тән қалыпты траектория. Қарағанды экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, 2006 жылы Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде болжамдар мен түсімдер бөлімінің бас маманы болып еңбек жолын бастады. Оңтүстік астанада ол он жыл қызмет етіп, басқару сатысымен біртіндеп көтерілді. Кейін ұлттық компания «Астана ЭКСПО-2017»-де екі жыл бойы бухгалтерлік есеп және есептілік департаментін басқарды. Одан соң Павлодарға қоныс аударып, Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы болды.
2020 жылы күтпеген бетбұрыс жасалды – ол Астанада туризм индустриясы комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ал сол жерден Ұлытауға ауысты. Жоспарлы, бірақ аса қарқынды емес бұл қызметтік жол оны сақтықты, күрт шешім қабылдамауды басты қағида еткен басқарушы ретінде қалыптастырды.
Қоғам белсендісі Берік Жағыпаровтың айтуынша, Рыспековтың экономикалық білімі оның басқару стиліне анық әсер етіп отыр.
- Мүмкін, оның экономикалық білімі ықпал етіп жатқан болар: жұмыстар жүріп жатқан сияқты, қаржы да тартылатын шығар, бірақ мұндай процестер көбіне «астыртын» қалып, көпшілікке байқалмайды. Ол қарамағындағыларға көбірек еркіндік береді... Мұны жақсы мағынадағы шенеунік деуге болады: асығыс шешім қабылдағанды ұнатпайды, барлығын сақтықпен, артық дабырасыз істегенді жөн көреді, – дейді ол.
Алайда бақылаушылардың пікірінше, дәл осы сақтық кейде пассивтілікке ұласуы әбден мүмкін.
СОТ ДАУЫ: ӘКІМДІК КӨПБАЛАЛЫ АНАҒА ҚАРСЫ
Мамыр айындағы тыныштықты жергілікті биліктің имиджіне ауыр соққы болған оқиға бұзды. Рыспеков басқаратын әкімдік аппараты «Нұрсат» шағын ауданында тұратын көпбалалы анаға қарсы сотқа талап арыз түсіріп, одан 495 мың теңге өндіруді талап етті. Істің нақты деректері құпия сақталды, бұл өз кезегінде қоғамдағы наразылықты одан әрі өршітті.
Әкім Рыспеков бұл жағдайға түсініктеме бермей, өзінің «фирмалық үнсіздігін» сақтап қалды. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі оның орынбасары қысқа ғана ресми түсінік берумен шектелді: «Шешім шарттық міндеттемелер негізінде құқықтық бөлім тарапынан қабылданды».
Бұл оқиға халық қалаулыларының шын мәнінде кімге қызмет етіп отырғанын ашып көрсеткендей болды және атқарушы биліктің басымдықтары туралы өткір сауал тудырды.
Жергілікті қоғам белсенділері жағдайға пікір білдіріп, таңданысын жасырмады, ол біртіндеп ашық айыптауға ұласты.
- Бұл жай ғана жүйенің қателігі емес, оның адамгершіліктен жұрдай екенін көрсететін айқын мысал. Көмек қолын созудың орнына – сотқа шақыру қағазы. Әлеуметтік жауапкершілікті қайда қояды, сонша көп айтылатын? – деді белсенділер.
Қоғам қайраткері Берік Жағыпаров әкімнің тағы бір қырын атап өтті:
- Рыспеков сынды естиді, бірақ репрессия жасамайды, – дейді ол.
Алайда сынға репрессиямен жауап бермеу әкімдік аппаратының әрекетін ақтамайды. Бұл қадам қоғамға қарсы бағытталғандай қабылданып, тұрғындардың бірауыздан наразылығын тудырды.
МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ ТУРАЛЫ ЫҢҒАЙСЫЗ СҰРАҚТАР
2025 жылдың 11 тамызында Дмитрий Шишкиннің YouTube арнасында жарияланған журналистік зерттеуі әкім отбасының ықтимал бизнес-қақтығыстарын ашып көрсетті. Шишкиннің айтуынша, Дастан Рыспековтың жұбайы Сауле Қалыбаева 2022 жылы Астанада «DS TREVEL» жеке кәсіпкерлігін тіркеген.
– 2009 жылдан 2017 жылға дейін ол «Казюрконсалтинг» ЖШС-нің үлескері болды. Оның серіктесі 2009 жылдың 14 ақпанынан бастап 47 жастағы Ерлан Бузурбаев болды және ол әлі күнге дейін осы серіктестіктің құрылтайшысы болып есептеледі, – деді Шишкин.
Журналист атап өткендей, Бузурбаев «Оператор РОП» ЖШС-нің басқарушы директоры болған, компания стратегиясына жауап беріп, Қазақстанда бірыңғай қалдықтарды басқару жүйесін құруға қатысты инвестициялық саясатты қадағалаған. «Оператор РОП»-тың алғашқы құрылтайшысы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия болған.
Бұдан бөлек, Шишкин әкімнің әкесі Адай Рыспеков төрт компания мен бір ЖШС-нің (шаруа қожалығы) құрылтайшысы екенін анықтады. Олардың қатарында:
«Petromax» ЖШС (2006 жылдан бері Жезқазғанда бензиннің көтерме саудасы),
«Bura Logistics» ЖШС (2010 жылдан бері Астанада кең ассортименттегі тауарлардың көтерме саудасы),
«Nurly Saulet» (Алматыда құрылыс жобаларын әзірлеу, бюджетке 160 млн теңгеден астам салық төлеген),
«Corum Group» (2003 жылдан бері Алматыда кең ассортименттегі тауарлардың көтерме саудасы).
Журналистің сөзінше, осы құрылымдардың басым бөлігі салық аударымдарының жоқтығына байланысты, мүмкін, белсенді жұмыс істемей тұр.
Өз зерттеуінде Шишкин тікелей әрі аса өзекті сұрақ қойды: «Бұл активтердің Ұлытау әкімдігінің тендерлеріне ықпал етпейтініне қалай кепілдік беруге болады?» Алайда Дастан Рыспеков бұл жолы да, басқа даулы жағдайлардағыдай, жауап бермеді.
Белсенді Берік Жағыпаров зерттеуге пікір білдіре отырып, әкімнің басқару стилінен туындайтын алаңдаушылығын жеткізді:
– Бәлкім, мұндай «тұрақтылық стилі» бүгін қажет шығар. Бірақ әкім «көрінбейтін» болып, үнсіз қалған кезде, мүдделер қақтығысын қалай тексереміз? – деді ол.
Шишкиннің зерттеуі әкімнің жеке қызметінің ашықтығына ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік сатып алулар мен ресурстарды бөлу ісінде әкімшілік ресурстарды немесе ықпалын отбасылық бизнес мүддесіне пайдаланудың ықтимал тәуекелдеріне де күмән келтірді.
ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЖЫЛЫ
Әкім өз «көрінбестігін» сақтап, ашық пікір білдіруден және батыл қадамдар жасаудан қашқан кезде, облыстағы мәселелер шешілмей қалмай, керісінше, ушыға түсті. Кейбіреулердің көзқарасында дау-дамайсыздық пен кадрлық ауыс-түйістің болмауы тұрақтылықтың белгісі болып көрінуі мүмкін. Алайда, Ulysmedia.kz-ке берген пікірінде Берік Жағыпаров мынаны атап өтті:
– Рыспеков өз командасымен келмеді, оның барлық орынбасарлары қызметінде қалды, ол оларға өкілеттіктерді бөліп беріп отырады, – деді белсенді.
Дегенмен толық тыныштық шынайы мәселелер алдында әрекетсіздіктің синониміне айнала бастады.
– Ол кадрларды өзгертпейді, сынағандарды қыспайды. Бұл жақсы мағынадағы шенеунік: асығыс шешім қабылдағанды ұнатпайды, сақтықпен, артық дабырасыз әрекет етуді жөн көреді, – деді Жағыпаров.
Мүмкін, қазір айқай-шусыз, тұрақтылыққа мән беретін және жүйенің абайлап жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басшылар қажет шығар. Бірақ тұрақтылық әрекетсіздікпен тең емес. Мәселелер шешімді талап еткен кезде, ал кабинеттегі тыныштық қана сақталған жағдайда, мұндай «тұрақтылық» өңірдің дамуына үкім секілді әсер етеді.
Шын мәнінде, Дастан Рыспековтың көлеңкеде қалу шеберлігі Ұлытау үшін бейтарап қасиет болудан қалды. Себебі мұнда жиналған түйткілдер нақты шешімдер мен ашық жауапкершілікті қажет етеді. Енді ол «көзге көрінбейтін» мәртебесінен гөрі әрекетсіздіктің символына, жақсы өзгерістерге үміт артқан халықтың терең күйзеліс көзіне айналды.
Бұл жуырдағы Берік Жағыпаровтың Facebook-тегі жазбасынан да айқын көрінді. Ол жазбасын әкім отставкаға кетуі мүмкін деген қауесеттер аясында жариялады:
– Қош бол, Дастан? Әлде, қайта кездескенше ме? Кулуараларда Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қызметінен кетеді деген сыбыс күшейе түсті. Себебі де, түсініктеме де жоқ. Оны кім алмастыратыны да беймәлім. Бірақ бір нәрсе анық: халық күткен үміт Жезқазған жолдарының шұңқырларына бірге көмілді. Оған кезінде Шайжановты (Жезқазған қаласының әкімі – авт.) уақытында орнынан ал деп айтқан едік. Бұл адам бір облыс әкімі – Берік Әбдіғалиұлын саяси сахнадан сүріндірген. Енді сені де, Дастан Адайұлы, сол тағдыр күтіп тұр. Өйткені Жезқазған – бүкіл облыстың айнасы. Егер ол құлдырауда болса, ешқандай кеңес те, PR-роликтер де құтқармайды.
Белсенді әкімге ол тарихта реформатор да, көшбасшы да емес, сұр көлеңке ретінде қалуы мүмкін екенін ескертті. Халықтың жадында көпбалалы анамен болған сот және тағы бір орындалмаған үміт қана сақталады.