БҰҰ бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы өңір дамуына қандай рөл атқарады?

Ulysmedia
Фото: Ulysmedia.kz коллажы

Қыркүйек айында Нью-Йорк әлемдік саясаттың орталығына айналған сәтте Орталық Азия елдерінің басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші мерейтойлық сессиясына қатысуға дайындалып жатыр. Бұл оқиға өңірдің халықаралық мойындалуындағы жаңа кезеңді айқындайды, бұрын периферия ретінде қаралған аймақ қазір жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың толыққанды сәулетшісі мәртебесіне көтерілуде. Елдердің қалайша қысқа уақыт ішінде басты ойыншылардың біріне айналғанын Ulysmedia.kz тілшісі зерделеп көрді.

ӨҢІРЛІК БАСТАМАЛАРДАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МОЙЫНДАУҒА ДЕЙІН

Ең алғаш рет БҰҰ-ның Жаһандық лаңкестікке қарсы стратегиясын толық жүзеге асыруға кіріскен өңір – дәл осы Орталық Азия екенін білесіз бе? Немесе Солтүстік жарты шарда жаппай қырып-жоятын қарудан азат жалғыз аймақ та осы жерде құрылғанын білдіңіз бе? Бұл жай ғана жетістік емес, БҰҰ-мен бес мемлекеттің бірегей әріптестігінің нақты нәтижесі.

Орталық Азия елдерінің тәуелсіздіктің үш онжылдығындағы тәжірибесі ерекше трансформация үлгісін көрсетеді. 2006 жылы ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы өңірдің жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі рөліне қатысты алғашқы маңызды мәлімдеме болды. БҰҰ-ның Жаһандық лаңкестікке қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру, нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпараттық-үйлестіру орталығын құру – осы қадамдар өңірдің жаңа халықаралық бейнесін қалыптастырды.

2024 жылғы қазанда қабылданған «Орталық Азия – бейбітшілік, сенім мен ынтымақтастық аймағы» атты резолюция осы жұмыстың заңды нәтижесіне айналды. БҰҰ жанындағы Түрікменстан елшісі Аксолтан Атаева бейбітшілік аймағының қалыптасуы мемлекет басшыларының тұрақты кеңес форматындағы кездесулерінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Бұл – аса маңызды жайт. Себебі орнықтылық бір реттік шаралармен емес, тұрақты институционалдық ынтымақтастық арқылы қамтамасыз етіледі.

ЖАҢА БАСТАМАЛАРҒА АЛАҢ

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы Орталық Азия үшін айрықша мүмкіндік ашып отыр. Біріншіден, бұл – Ауғанстан мәселесін шешуге арналған кешенді ұсыныстарды ортаға салу мүмкіндігі. Өңір шекаралық ынтымақтастық тәжірибесіне сүйене отырып, гуманитарлық көмекті инфрақұрылымдық жобалармен ұштастыратын экономикалық ықпалдастықтың нақты үлгілерін ұсына алады.

Екіншіден, бұл – экологиялық күн тәртібін ілгерілету алаңы. 2021 жылғы мамырда Бас Ассамблея мақұлдаған Арал маңын экологиялық жаңашылдық пен технологиялар аймағы деп жариялау бастамасын одан әрі дамыту қажет. Ол үшін Халықаралық инновациялық орталық пен арнайы сенім қоры құрылуы тиіс.

Үшіншіден, сессия трансшекаралық өзендер бассейніндегі жоғарғы және төменгі елдердің мүдделерін теңестіру үлгісін ұсына алатын су-энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҒДАР

Алдағы сессияда ерекше назар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне аударылады. 2025 жылдың басында оның БҰҰ Бас хатшысы қызметіне үміткер болуы мүмкін деген қауесет тарағанымен, Тоқаев өзі басымдықтарын айқын көрсеткен:

– Менің елімді алдағы ұзақ жылдарға дамытуға арналған үлкен жоспарларым бар, – деген еді президент.

Женевадағы БҰҰ кеңсесінде жинаған тәжірибесі мен халықаралық процестерді терең түсінуі оны БҰҰ реформасын алға жылжытудағы құнды тұлғаға айналдырады. 2024 жылғы тамызда Алматыда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездескенде Тоқаев Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесін жаңғыртуды қолдайтынын, бұл үдерістің күрделілігін толық түсінетінін, бірақ оның қажет екенін атап өткен.

СӨЗДЕН – ІСКЕ

БҰҰ-ның аймақтағы арнаулы құрылымдарының жұмысы да нақты нәтижелерге жетуде. 2022–2025 жылдарға арналған Орталық Азиядағы есірткіге қарсы ынтымақтастық бағдарламасының бюджеті – 90 млн доллар. Бұған дейінгі бағдарлама (2015–2021 жж.) аясында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді: бірқатар ведомствоаралық мобильді топтар мен шекаралық өзара іс-қимыл кеңселері құрылды, үш порттық бақылау бекеті ашылып, 14,6 млн долларды құрайтын 100-ден астам контрабандалық әрекет әшкереленді.

2007 жылдан бері Ашхабадта жұмыс істеп келе жатқан Орталық Азия елдеріне арналған БҰҰ-ның алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығы терроризмге қарсы күресте, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және су-энергетикалық түйткілдерді шешуде жұмсақ күш құралы ретінде маңызды рөл атқарып отыр.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨКЖИЕКТЕРІ

Орталық Азияның БҰҰ аясындағы белсенділігі халықаралық нормаларды қабылдаудан оларды қалыптастыруға дейінгі эволюцияны көрсетеді. Өңір әлемге тек тұжырымдамалық идеяларды емес, тәжірибеде сыналған шешім үлгілерін ұсынып отыр.

Алдағы Бас Ассамблея сессиясы осы жолдағы маңызды кезеңге айналып, Орталық Азияның тек өз мәселелерін шешіп қана қоймай, жаһандық тұрақтылыққа үлес қосуға дайын екенін дәлелдеуі тиіс.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш айтқандай, «Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық ортақ міндеттерді шешуге үлкен мүмкіндік береді». 80-ші сессия осы мүмкіндіктердің нақты істер мен бастамалар арқылы жүзеге асып жатқанын дәлелдемек. Бұл әріптестіктің нығаюы өңірлік тұрақтылыққа ғана емес, XXI ғасырдың сын-қатерлеріне жауап беретін әділетті де тиімді жаһандық басқару жүйесінің орнығуына да ықпал етеді.