Ауа райы қолайсыз ба? ҚМГ басшысы неге жеке ұшақпен ұшып жүр

Ілияс Бақыт
Ulysmedia.kz коллажы

«ҚазМұнайГаз» компаниясы басшыларының жеке бизнес-джеттермен ұшқаны жайлы әңгіме қаншалық көп талқыланса, соншалық сұрақ көбейіп барады. Жуырда бұл жағдайды ұлттық компания басшысы Асхат Хасенов түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, ол соңғы уақытта бизнес-джетпен тек бір рет қана ұшқан, әрі ол да тегін болған – ұшақты «ҚазМұнайГаздың» белгісіз серіктестері берген. Алайда өркениетті елдерде мұндай түсініктеменің өзі кемінде отставкаға, ал көп жағдайда – сыбайлас жемқорлық күдігімен тергеуге негіз болар еді. Оның үстіне, дәл сол сәтте Атырауда Асхат Хасенов серіктестеріне не үшін соншалық қажет болды? Тіпті ол үшін жүргізушісі бар көлік емес, тұтас ұшақ жібергені қалай? Ulysmedia.kz осы сұрақтың жауабын іздеп, Bombardier Challenger жеке ұшағы не үшін әуеге көтерілгенін анықтауға тырысты.

Желіде тараған кадрларда Асхат Хасенов орынбасарымен және тағы бірнеше ер адаммен бірге Атырау әуежайының ұшу-қону жолағы жағынан терминалға кіріп бара жатқаны көрінеді. Кейін басқа камера олардың қарсы алған сәтін тіркеген: оларды костюм киген ер адамдар күтіп алады.

Жеке ұшақтармен кімдер ұшады?

Orda.kz басылымының хабарлауынша, сол Bombardier Challenger ұшағында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов, оның көмекшісі және орынбасары Асет Мағауов, кеңесші Махамбет Досмұхамбетов пен ұлттық компанияның басқа өкілі Әлімұхаммед Құттымұратов болған. Сонымен бірге, оларға «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі бірлескен басқарушы директоры Бақытжан Таубаев пен энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қосылған. Яғни, видеодан байқағандай, бұлар бизнес-джетпен ұшуға әбден үйренген салмақты делегация.

Алайда, «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов ыңғайлы, кестеден тыс сапарларға құмар емес екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ол жеке ұшаққа тек өндірістік қажеттілікке байланысты отырған және бар болғаны бір рет отырыпты. Сол «бір рет» желіге тараған бейнежазбадағы сапар болып шықты. Бірақ ол бірден «ҚазМұнайГаздың» корпоративтік жарғысында жеке ұшақпен ұшуға рұқсат барын да айтты. Демек, басқа да сапарлар болған ба? Олар ұлттық компания бюджетіне қанша салмақ түсірді? Асхат Хасеновтің айтуынша, бұл сапар үшін не ол, не компания төлемеген. Ал «онда кім төлеген?» деген сұраққа ол нақты жауап бермеді. Белгілі болғаны, «ҚазМұнайГаздың» кейбір «жомарт серіктестері» бар екен, олар басшылықты бағалайтыны соншалық, бизнес-джетпен тегін ұшуға мүмкіндік берген.

Бұған дейін жағдайды «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының басшысы Нұрлан Жақыпов та түсіндірген болатын. Ол кезде ұшудың мән-жайы белгісіз еді. Енді бұл деректер жария болған соң, бәлкім, Жақыповтың өзі де бәрінен хабардар шығар, себебі ол жағдайды анықтап, қорытынды жасайтынын уәде еткен. Сонымен қатар, ол да «қажеттілік туындаса, бизнес-джетпен ұшуға болады» деген еді.

Хасенов Атырауға не үшін барған?

Асхат Хасеновтің айтуынша, бейнебақылау кадрларындағы оқиға 2025 жылдың 5 қыркүйегінде болған. Сол күні Атырауға шұғыл бару қажет болыпты.

– Бұл күні мұнайшы күніне арналған бірнеше іс-шара өтті, көптеген жиын болды. Астанада да шаралар көп еді, ал кешке біз Атырау мұнай өңдеу зауытында болуымыз керек болды, – деді ол.

Әдетте барлық маңызды ақпарат ұлттық компанияның ресми сайтында жарияланады. Сол деректерге сәйкес, 5 қыркүйекте Асхат Хасенов алдымен Астанада мұнай-газ саласының 61 қызметкеріне марапат тапсырған, ал кешке Атыраудағы АМӨЗ-дің 80 жылдығына арналған концертке қатысқан. Ресми баспасөз хабарламасында оның атыраулық мұнайшыларға «таңертең Президент атынан 61 қызметкерді марапаттағанын және олардың еңбегінің ел экономикасы үшін маңызды екенін» айтқаны жазылған.

Әрине, бұл айтылғандар маңызды, бірақ саланың ардагерлері марапатты дәл Хасеновтің өз қолынан алмай-ақ қойса да ренжімес еді. Сол сияқты, АМӨЗ қызметкерлері де оны дәл концерт кезінде емес, басқа уақытта құттықтаса да көңіліне алмайтын шығар. Оның үстіне, ресми деректерге қарағанда, зауыттың 80 жылдығына арналған негізгі іс-шаралар 6 қыркүйекке жоспарланған. Сол күні «АМӨЗ-дің алғашқы қондырғысына – 80 жыл» деген ескерткіш тақтаның ашылуы мен болашақ мұнайшыларға арналған оқу-өндірістік полигон іске қосылған. Шын мәнінде, бұл шаралар Асхат Хасенов пен басқа топ-менеджерлердің жеке қатысуынсыз-ақ өтер еді. Ақыр соңында, тақтаны олар өздері бұраған жоқ қой, студенттерге де лекция оқыған жоқ.

Егер бұл сапар жай ғана кесте бойынша рейспен жасалғанда, ешкімнің де күмәні туындамас еді. Иә, мұндай іссапардың нақты пайдасы аз, бірақ шығыны да шамалы. Билет іздеу қызметтерінің мәліметінше, Астанадан Атырауға ұшу қиын емес — түнгі және кешкі тұрақты рейстер бар. Таңғы тікелей рейс жоқ, бірақ жауапты басшы ретінде Асхат Хасенов бұл мәселені «Самұрық-Қазына» басшылығымен талқыласа да болар еді, өйткені дәл осы компания ұлттық әуе тасымалдаушысы «Эйр Астананы» басқарады. Ал ұлттық компанияның топ-менеджерлері көбіне осы әуе компаниясының рейстерімен ғана ұшатыны белгілі. Нұрлан Жақыповтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» жарғысында топ-менеджерлер тек бизнес-класс қызметін пайдаланатыны жазылған. Ал басқа әуе компанияларында Атырау бағытында бизнес-класс қарастырылмаған.

Іссапарлар күмәнді, нәтиже мардымсыз

Бұл ретте «ҚазМұнайГаздың» 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған қаржылық есебіне сүйенсек, компания табысы теңгемен есептегенде шамамен 3%-ға, ал доллармен есептегенде 17%-дан астам төмендеген. Демек, топ-менеджерлердің жиі сапарлары жаңа табысты келісімдерге әкеліп жатқан жоқ. Онда мұндай сапарлардың мәні неде?

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» басшылығының «жеке ұшақпен серіктестер есебінен ұшуына» қатысты түсіндірмесі де күмән тудырады. Мысалы, журналистерді түрлі пресс-турларға шақырады. Ұйымдастырушылар жолақысын (әрине, бизнес-джетпен емес, қарапайым экономкласс билеті түрінде), тамақ пен қонақүй шығынын төлейді. Бірақ, егер мүмкіндік болса, біз мұндай сапарлардан бас тартамыз, себебі кейін ұйымдастырушылардан бейтарап материал күтудің өзі қиын.

Ал бұл жағдайда еліміздегі ең ірі ұлттық компанияның бірнеше жоғары лауазымды қызметкері біреудің есебінен жеке ұшақпен ұшқан. Асхат Хасеновтің Ulysmedia тілшілеріне айтқан сөздерін тексеру журналистердің емес, этика қызметі мен ҰҚК-нің сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің ісі болуы керек. Өйткені, бұрын ірі кен орындарын игеру кезінде артық шығын жасаудың ең кең тараған тәсілдерінің бірі, шексіз іссапарлар мен бизнес-класс рейстер болған. Бұл үрдіс қазір де жалғасып жатқан жоқ па? Ал енді, сол «жомарт серіктестер» Атырауға мұнайшылар күнін бірге атап өтуге тегін жеткізген соң, Асхат Хасенов оларға Қазақстан үшін тиімсіз келісімге қол қоюдан «қолайсыздық таныта» алмай қалмай ма?