Ресейлік пропаганда VIP-шаралар арқылы Қазақстанға қалай еніп жатыр?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

BeWoman Asia 2025 форумы табысты әйелдердің тәжірибе алмасу алаңы болуы тиіс еді. Алайда іс-шараның бағыты өзгеше сипат алды — форум мінберіне Ресей президенті Владимир Путинді ашық мадақтаған спикер шығып, бұл қоғамда үлкен дау туғызды. Ең сорақысы, мұндай «Кремль қонақтары» Қазақстанда сирек емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресейлік психологтың даулы сөзі

Форум бағдарламасында ресейлік психолог Алексей Ситников «жылдың басты спикері» ретінде көрсетілді. Оған ашық сессия мен VIP-қонақтарға арналған жабық шеберлік сабағы ұйымдастырылған. Алайда уәде етілген бизнес кеңестің орнына ол мінберді Путинді мадақтауға пайдаланды.

- Қараңыздаршы, Путин соққыны қалай қабылдайды. 55 мемлекет оған қарсы, бірақ ол жеңіп келеді. Трамптың Путинді ұшақтан қалай қарсы алғанын еске алыңыздар – ол ешкімді олай қарсы алған емес. Демек, тұлғаның пассионарлығы бүкіл әлемді өзгертуге қабілетті, – деді Ситников сахнада.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырап, форумды «ресейлік үгіт алаңы» және «өзін-өзі мадақтау көрмесі» деп атаған пікірлер көбейді.

Ситниковпен қатар форумға Владимир Познер, Ирина Хакамада, Дарья Пушкина және басқа да ресейлік медиа тұлғалар шақырылған.

Қоғам наразылығы

Желі қолданушыларының көбі Ресей спикерлерінің қатысуына ашу білдірді.

- BeWoman форумына келген ресейлік психолог Путинді ашық мадақтады. Осындай адамдарды Қазақстанға әкелудің қажеті бар ма? Оларға неге сонша ақша төленеді?, – деп жазды қазақстандықтар желіде.

Кейбір қолданушылар форумның сессиялары «TikTok-мемдерге» айналғанын, ал «бос бизнес-форумдарға» сүзгі мен жауапкершілік қажет екенін айтты.

Журналист Бигелді Ғабдуллин Facebook парақшасында форумды «мақтансүйгіштердің көрмесі» деп атап, қатты сынға алды.

- Познермен сұхбат көріп, Хакамаданың сөзін тыңдағанда жиіркеніш туады. Егер мен Познердің орнында болсам, “кешіріңіздер” деп кетіп қалар едім. Бірақ үлкен қаламақы оның аяқтарын “жабыстырып” қойған сияқты, – деп жазды ол.

Познер туралы әлеуметтік желіде мысқыл аралас пікірлер де жазылды:

- Оған бір сағат бойы 91 жаста екенін еске салды. Сонда не үшін шақырған?.

Форумды кім ұйымдастырды?

BeWoman Asia 2025 форумының ұйымдастырушысы – Жанна Кан. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде жаңа Салық кодексіне қатысты айтқан пікірімен сынға ұшыраған болатын. Олигарх Сергей Канның (мүлкі – 292 млн доллар) жұбайы Жанна Кан қазақстандықтарға «көп еңбектеніп, көбірек табыс табуға» және «мемлекетке қолдау көрсету үшін салық төлеуге» кеңес берген еді.

Форум 9лттық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен өтті. Іс-шараға комиссия төрағасы, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Форум сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ол BeWoman Asia 2025 Қамқоршылар кеңесінің төрайымы болып табылады. Ал тең төрағалардың бірі – президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин.

Бірінші жағдай емес

BeWoman оқиғасы – тек айсбергтің ұшы. Соңғы төрт жылда, Украинадағы соғыс басталғалы бері, Қазақстан ресейлік пропутиншіл тұлғалар үшін жиі келетін бағытқа айналды.

Қазан айының басында Астанада өткен Digital Bridge 2025 форумында жүргізуші ретінде Нұрлан Сабуров шыққан. Ол ашық соғыс жақтаушысы болмаса да, үнсіз позициясы үшін сынға ұшыраған. Бұған дейін оның АҚШ-тағы концертінде украин суретшісі соғысқа қарсы акция өткізгеннен кейін, комиктің гастрольдері бірнеше елде тоқтатылған болатын.

Ресейліктерге VIP-қызмет көрсетілді

Биыл көктемде ресейлік продюсер Яна Рудковская Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, жылжымайтын мүлік рәсімдеген. Оны «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының басшысы Арман Кенжеғалиев жеке өзі қарсы алған. Бұл жайт әлеуметтік желіде үлкен сын тудырды.

Сынға алғандар «барлық азамат заң алдында тең болуы тиіс» деп жазды. Кейін мемкорпорация бұл жағдайды «қонақжайлықпен түсіндірді».

Концерттер әлі өтіп жатыр

Ресейлік жұлдыздардың Қазақстандағы концерттерін өткізбей тастау сирек жағдай. Мысалы, маусым айында Астанада ресейлік әнші Стас Михайловтың концерті өтті. Ол 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық қолдаған.

Қыркүйекте қоғамның қарсылығынан кейін Полина Гагаринаның Астанадағы концерті тоқтатылды. Бұған оның Ресейдегі соғыс насихатына қатысуы себеп болды. 2023 жылы Алматыдағы концерті де дәл осылай күшін жойған.

Алайда 28 қарашада Астанада ресейлік рэпер Тиматидің концерті өтеді деп жоспарланған. Ұйымдастырушы Мария Рейн барлық рұқсаттардың алынғанын хабарлады.

Көпшілік «соғысты қолдаған әртістер неге әлі Қазақстанда еркін концерт қоя алады?» деп ашынады. Пікір жазушылар тіпті билет сатушылардың концертке қарсы пікірлерді өшіріп жатқанын да айтып отыр.