Қазақстандықтар шарықтап бара жатқан инфляция жағдайында күн көруге тырысып жүргенде, өткеннің күңгірт істері біртіндеп ұмыт бола бастады. Ал сол істердің кейбір фигуранттары осы сәтті пайдаланып, ескі байланыстарын іске қосып, әділеттіліктен бой тасалауға тырысуда. Ulysmedia.kz-ке Қаржы полициясының бұрынғы басшысы, экс-сенатор және кезінде бірнеше жоғары лауазымды қызмет атқарған Қайрат Қожамжаров Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды.
Тергеуді күтудің қажеті не, кетіп қалуға болады ғой
Бұрынғы ықпалды қазақстандық шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдері өз істерінің тергелу барысын алыстан бақылауды жөн көреді, бұған ел де үйреніп қалды.
Мұхтар Әблязов, Виктор Храпунов, Бергей Рыскалиев… Тергеу басталмай жатып елден кеткендері қаншама?
Сол сияқты сенатор қызметінен кеткеннен кейін Қайрат Қожамжаров та, БАҚ мәліметінше, 2023 жылдан бері Мәскеуде тұрып жатыр.
Күні кеше ғана құқық қорғау органдарының назарына оның атының ілігуі де тегін емес. Себебі Қайрат Пернешұлы – айтарлықтай беделді тұлға. Ол Ақмола облысының әкімі, Қаржы полициясының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің және Бас прокуратураның басшысы қызметтерін атқарған. Мұндай деңгейдегі адамға айғақ, дәлел болмаса, ешкім тиіспейді, тіпті оның туыстарын да қозғамас еді.
Алайда 2024 жылдың ортасынан бастап, оның айналасындағы адамдар бірінен соң бірі, алдымен, ағасы Дулат Қожамжаров, кейін бұрынғы серіктестері Талғат Татубаев пен Олеся Кексель қылмыстық қудалау орбитасына түсе бастады.
2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Бас прокуратурасы Қайрат Қожамжаровтың өзіне қатысты да іс бар екенін растады. Ведомство бұл жолы да анық жауап бермеді: «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану», «қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру» деген жалпылама тұжырымдармен шектелді.
Қылмыс жасалған мерзім де айтылмады. Ал журналистер Қайрат Пернешұлы тергеуге шақырылған-шақырылмағанын, оған қандай бұлтартпау шарасы қолданылғанын сұрағанда, Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев: «Әзірге іс сотқа дейінгі тергеу сатысында, өзге ақпаратты жариялай алмаймыз», – деп жауап берді.
Ақша да бар, мықты достар да бар
Ulysmedia дереккөздерінің мәліметінше, Қайрат Қожамжаров Мәскеуде жай қарап отырмаған. Ол Ресей азаматтығын алу үшін құжат тапсырып, тіпті оны алып та үлгерген. Мұнда оған жай ғана сәттілік емес, бұрынғы қызметтегі таныстары да көмектескенге ұқсайды. Оның курстасы – Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев екені белгілі болды. Қожамжаровтың өзі де олар студенттік жылдары жақсы араласқанын және оқу бітіргеннен кейін достық қатынасты сақтап қалғанын айтқан еді.
«Дос қиындықта тастамайды, артық сұрақ қоймайды» деген ескі бір әндегідей, бұл жағдайда азаматтық алуға да көмектескен сияқты. Ресей Конституциясына сәйкес, «Ресей Федерациясының азаматы ел аумағынан тыс жерге қуылмайды және басқа мемлекетке берілмейді».
Екі жыл бұрын дәл осындай жолмен олигарх Анатолий Балушкин де Қазақстан сотынан жалтарып кеткен болатын. Демек, Қазақстан мен Ресей арасындағы қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісімдерге қарамастан, Қайрат Қожамжаровтың Қазақстан сотынан қашып құтылуға мүмкіндігі мол. Оның үстіне, Қожамжаров пен оның командасымен жолыққан адамдардың айтуынша, оның болашағына алаңдамай, ұзақ жыл өмір сүруге жетерлік қаражаты бар.
Қай достың салмағы басым?
Бірақ бұған Дмитрий Медведевтің бастығы Владимир Путиннің келісуі екіталай. Бас прокуратура әзірге Қайрат Қожамжаровтың нақты не үшін айыпталып отырғанын ашып айтпаса да, негізгі айыптардың «Қорғас ісімен» байланысты екені анық. Кездейсоқ емес, дәл осы Қазақстан-Қытай шекарасындағы мәселелер туралы өз видеоүндеуінде бұрынғы тағы бір ықпалды күштік құрылым өкілі Мақсат Дүйсенов те көп айтқан.
Айтпақшы, ол да қазір Қазақстанда емес. Германиядан бейнебайланыс арқылы сөйлеп, Қайрат Қожамжаров пен оның командасын 2019 жылдан бері сол кездегі ҰҚК басшылары қудалап келеді дейді. Оның айтуынша, дәл сол комитет Назарбаевқа арыз жазған, ал экс-басшы президенттік өкілетінен кетердің алдында бірнеше сағат бұрын Қожамжаровты Бас прокурор қызметінен Сенатқа ауыстырған.
«Қайрат және оның командасы» әлі де президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келісімге келуге үміттеніп отырғаны байқалады. Бірақ Тоқаев мұндай қадамға бара ма?
Қайрат Қожамжаровтың жазалануын көптеген саясаткерлер мен қоғам өкілдері күтіп отыр. Ол кезінде Серік Ахметов, Талғат Ермегияев, Сейқазы және Әсет Матаевтар мен басқа да көптеген адамдарды түрмеге тыққан. Ал кей депутаттар ашық түрде Қожамжаровты «сол кезеңдегі кландық-саяси мәселелерді шешудің негізгі тұлғасы» деп атайды.
Бұл Балушкин емес, ол елдің автопромды дамытуға бөлінген 200 миллиард теңгені ұрлаған еді. Қожамжаровтың әрекеттерінен келген зиян бұдан әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін, әрі ол тек қаржылай емес.
Мына нәрсе анық: «Ескі Қазақстанның» айқын өкілі саналатын адамның жаңа азаматтығын билік елемей өте алмайды. Егер Қожамжаровтың кінәсі дәлелденіп, Қазақстан оны халықаралық іздеуге берсе, Владимир Путин оның Ресей азаматы болуына қарамастан, экс-сенаторды елге қайтарудың жолын табуы әбден мүмкін.