Қазақстан азаматтарының тұрғылықты жеріне қарамастан, мобильді байланыс пен интернетке теңдей қол жеткізу мәселесі Үкімет отырысының негізгі тақырыбы болды. Отырыстан кейін ұялы байланыс операторлары журналистердің сұрақтарына жауап берді. Талқыланған мәселелер қатарында - трассада байланыссыз қалмау жолдары, интернет неге тек шалғай ауылдарда емес, елорда орталығында да үзілуі және ең бастысы тарифтерден үнемдеу жолдары. Ulysmedia.kz операторлардан алынған маңызды кеңестермен бөліседі.
Байланыс мұнаралары
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігіне өңірлерде базалық станциялар салу кезінде бюрократиялық кедергілерді жоюды тапсырды. Бұл нені білдіретінін журналистер байланыс операторларынан сұрады.
- Біз үшін қамту аймағын кеңейту — үздіксіз процесс. Beeline компаниясында шамамен 6 мың қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде мыңнан астам адам құрылысқа жауапты. Сонымен қатар біз мердігер компанияларды да тартамыз. Өткен жылы капиталды инвестиция көлемі 85 млрд теңгеге жетті, оның басым бөлігі құрылысқа жұмсалды. 2025 жылы бұл көрсеткіш одан да жоғары болады. Біз 500-ден астам жаңа нүкте, яғни базалық станция тұрғыздық. Бұл құрылыс саласы үшін өте үлкен көрсеткіш. Бірақ біз бұдан да көп сала аламыз. Қазір антенна-мачталық құрылғыларды орнатуға қойылатын талаптар тым бюрократиялық. Сол себепті Премьер-министр бұл процесті жеңілдетуді тапсырды. 30–40 метрлік станция салу қазіргі талаптар бойынша бес қабатты үй тұрғызумен тең. Ал бұл мүлде бөлек нысандар ғой. Сондықтан біз антенна-мачталық құрылғылардың бірыңғай жобасын бекітіп, оларды тек хабарлама негізінде салуды ұсынамыз. Сол кезде бір станцияға бір жыл емес, үш есе аз уақыт жұмсаймыз, «ақ дақтар» азайып, қамту артады, – деп түсіндірді Beeline компаниясының бас директоры Евгений Настрадин.
Вице-министр Досжан Мусалиевтің айтуынша, ведомство операторлардың талабын қолдайды, алайда бұл бастамаға Индустрия және құрылыс министрлігі қарсы. Ол Премьер-министрдің тапсырмасынан кейін мәселе алға жылжиды деп үміттенеді.
Сонымен қатар, мобильді желіге қол жеткізудегі қиындықтарға көбіне электр энергиясының үзілуі себеп болады — байланыс үзілімдерінің 70%-ы осыдан туындайды. Кейде бұл жаңа елді мекендерді желіге қосуды да тежейді.
Beeline компаниясы бұл мәселені өз күшімен шешуге тырысуда — қазір баламалы қуат көздерімен жұмыс істейтін базалық станциялар сынақ режимінде іске қосылған. Бір станция жұмыс істеп тұр, тағы бірінің құрылысы басталды. Настрадиннің айтуынша, мақсат — әрбір қазақстандықты байланыспен қамтамасыз ету, қазір компания халқы 200 адамнан аз ауылдарға да кіріп жатыр.
Жолда да байланыс үзілмейді
Қазақстанның барлық трассаларында мобильді байланысты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жоба да таныстырылды. Жоба байланыс операторлары мен профильдік министрліктің серіктестігі аясында, сондай-ақ спутниктік технологияларды қолдану арқылы жүзеге аспақ.
- Біз жоғары жылдамдықтағы мобильді интернетпен 99% қамтуды айтқанда, бұл халық саны бойынша есептеледі. Әлемнің ешбір елінде аумақтың 100% мобильді байланыспен қамтылуы мүмкін емес. Бірақ бізде спутниктік интернетке үміт бар, – деді Евгений Настрадин.
Beeline компаниясы Starlink спутниктік жүйесінің Direct-to-cell технологиясын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл технология Украинадағы Kievstar операторында (ол да VEON тобының мүшесі) сынақтан өткен. Настрадиннің сөзінше, бұл тәжірибе Қазақстанда да сәтті жүзеге асады.
Жоба бойынша абонент сотовая байланыс аймағынан шыққан кезде, оның құрылғысы автоматты түрде спутниктік желіге қосылады.
- Технология өте қымбат әрі уақытты қажет етеді. Яғни, бұл үшін арнайы жаңа спутниктер тобын ұшыру қажет. Жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі: алдымен SMS пен мессенджерлер, кейін дауыс және басқа қызметтер қосылады. Мұнда коммерциялық мақсат жоқ — бастысы, клиенттеріміз төтенше жағдайда да байланыста болуы керек, – деді Настрадин.
Радиофобия
Қалалардағы байланыс сапасы да жеке талқыланды. Операторлар Қазақстан қалаларындағы барлық «ақ дақтарды» біледі, бірақ кейде күтпеген жағдайлар болады.
- Байланыс желісі — тірі организм сияқты. Бүгін екі базалық станция саламыз, ал ертең біреуін бұзады, себебі бір тұрғын “мұнара кедергі келтіреді” деп шағымданады. Немесе жаңа тұрғын үй кешені салынады, бірақ телекоммуникациялық инфрақұрылым тартылмайды. Адам жаңа пәтерге көшіп келеді, бірақ интернет жоқ, әрине, ол ашуланады, – дейді «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС басқарма төрағасы Александр Бабичев.
Операторлардың айтуынша, радиофобия - қалалардағы ақ дақтарды жоюға ең үлкен кедергі. Алайда бұл мәселені шешудің нақты жолы әзірге жоқ.
- Заң бойынша, егер тұрғын үй кешенінің 90%-ы антенна орнатуға келісіп, 10%-ы қарсы болса, оператор құрылғы орната алмайды. Біз бұл норманы өзгертуге ұсыныс беріп жатырмыз, бірақ процесс баяу, – дейді вице-министр Досжан Мусалиев.
Қазір операторлар радиофобиямен күресіп, азаматтарға антенналардың қауіпсіз екенін түсіндіруде. Қиындықтар бар, бірақ басқа жол жоқ. Дегенмен статистикаға сүйенсек, елдегі мобильді байланыс пен интернет сапасы тұрақты түрде жақсарып келеді. 2023 жылы Қазақстан Speedtest рейтингінде 54-орында болса, 2024 жылы 46-орынға көтеріліп, орташа жылдамдығы 94 Мб/сек болды. Алайда пайдаланушылар саны артқан сайын, шағымдар да көбейіп жатыр.
- Қазір біздің желіде күніне шамамен 100 миллион байланыс әрекеті орындалады. Бірақ ешкім “мен қосылдым, видео көрдім” деп жазбайды, бәрі қалыпты деп санайды. Ал егер бір сәтсіздік болса, бірден шағым түседі. Шағымдар әрқашан болады. Бізде сапа стандарты – 99,9%, бірақ кез келген техникада ақау болуы мүмкін. Мен өзім де мұндай мәселелерге АҚШ пен Ұлыбританияда кезіккенмін, – дейді Евгений Настрадин.
Байланыс бағасы
Көпшілікті қызықтырған басты сұрақ – байланыс тарифтері өседі ме? Операторлар бұл сұраққа ашық жауап берді: қаңтардан бастап бағалар шамамен 15–20%-ға көтеріледі. Өсу себебі – ҚҚС мөлшерінің артуы мен инфрақұрылымдық шығындардың көбеюі.
Мысалы, бір базалық станция орнату құны орта есеппен 230–330 мың долларды құрайды. Ал Қытайда осындай құрылғы 200 мың доллардан төмен, бірақ тариф бағалары шамалас.
- Біз үшін байланыс — қазақстандықтар үшін күнделікті қажеттілік. Сондықтан алдымен ескі тарифтерді қайта қарастырамыз, содан кейін ғана белсенді жоспарлардың бағасын түзетеміз. Сонымен қатар, абоненттер әрдайым тиімді ұсыныстарды пайдалана алады, – дейді Евгений Настрадин.
Beeline компаниясында “отбасылық тарифтік жоспар” ерекше сұранысқа ие.
- Жеке тариф 6 000 теңге болса, отбасылық тарифте алты адам үшін бір абоненттің шығыны 3 300 теңгеден аспайды. Бұл тарифке үйдегі интернет те кіреді, яғни ай сайын 23 мың теңгеге дейін, ал жылына 280 мың теңгеге дейін үнемдеуге болады. Егер отбасы бір жыл бойы осы тарифте қалса, біз оларға телефон сыйлаймыз, – деді ол.
Сондай-ақ Beeline компаниясы зейнеткерлерге, мұғалімдерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әлеуметтік тарифтер, білім беру пакеттері, және абоненттік төлемсіз қарапайым тарифтер ұсынады.