Ресейліктер үйден шықпай-ақ қазақстандық банк карталарын қалай алып жүр?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ресейде әлі де шектеулер күшінде болғанына қарамастан, ресейліктерге Қазақстанда шығарылған банк карталарын ресімдеуді ұсынатын жарнамалар көбейіп келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАРНАМАДАҒЫ УӘДЕ

National Business Kazakhstan тілшілері Telegram желісінде жарияланған осындай хабарламалардың бірін тексеріп көрді. Онда Ресей азаматтарына: «Қазақстан картасы — сіздің әлемдік төлемдер еркіндігіңіз!» деген ұранмен жарнама ұсынылған.

Жарнамада карта ChatGPT-ден бастап Испания банкоматтарына дейін жұмыс істейді, ал оны алу үшін ИИН де, қазақстандық SIM-карта да қажет емес делінген. Сондай-ақ карта 5 жылға жарамды деп көрсетілген, алайда ресми ереже бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетел азаматтарына карталар тек 1 жылға ғана беріледі.

ЖУРНАЛИСТІК ТӘЖІРИБЕ

Тексеру барысында тілшілер карта алу үшін тек телефон, шетелдік паспорт және “Цифра Банк” шоты жеткілікті екенін анықтады. Карта «Қазақстанның жетекші банктерінің бірі — Freedom Finance» арқылы шығарылады деп жазылған.

Алайда NBK-ның түсіндіруінше, Freedom Finance – банк емес, брокерлік компания. Ол қазақстандық миллиардер Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding Corp. құрамына кіреді. Ал “Цифра Банк” осы топтың бұрынғы ресейлік активі болған, кейін компания Ресей нарығынан шыққан соң сатылып кеткен.

БОТ АРҚЫЛЫ ШОТ АШУ

Журналистер жарнамадағы сілтеме арқылы «София» атты чат-ботпен байланыс орнатқан. Бот карта брокер арқылы, ЖСН-сыз ашылатынын, бұл тәсіл клиентке салық резиденті мәртебесінен және есеп бұғатталу қаупінен құтылуға көмектесетінін түсіндірген.

Карта — дебеттік, және ол брокерлік шот арқылы ашылады.

РЕСЕЙ АЗАМАТЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Тәжірибеге Тула қаласынан, Қазақстанда ешқашан болмаған ресейлік азамат қатысқан. Ол бот нұсқаулығын орындап, “Цифра Банкте” брокерлік шот ашып, виртуалды Visa картасын алған. Шоттағы қаражат автоматты түрде рубльден теңгеге конвертацияланған.

Осы картаның көмегімен ол:

Қазақстан азаматы жіберген теңге түріндегі аударымды комиссиясыз қабылдаған;

Қазақстан банкі картасына ақша жіберген (комиссиямен);

Netflix жазылымын рәсімдеген — бұл операциялар ресейлік банктердің карталарымен қолжетімсіз.

Шектеуді айналып өту тәсілі

Осылайша, брокерлік шот пен виртуалды карта схемасы ресейліктерге халықаралық төлем жүйелерінің санкциялық шектеулерін айналып өтуге мүмкіндік береді.

NBK алдағы күндері картаның бағасы, функционалы, сондай-ақ Visa, Mastercard, Freedom Finance өкілдерінің пікірін және сарапшылардың түсіндірмесін жариялауға уәде берді.

КОНТЕКСТ

2024 жылдың сәуірінде Freedom Finance еншілес компаниясының брокерлік қызметінен зардап шеккенін айтқан қазақстандықтар шағымданған еді. Олардың айтуынша, кемінде 30 адамның шоттарынан 2,5 млрд теңге шешіп алынған.