«ЭКСПО-2017» экс-басшысының адвокаты Бас прокуратураны сотта жеңді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

20 қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында ерекше орын алды. Адвокат Анар Құсайынова Бас прокуратураға қарсы сот процесін жеңді. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің мүддесін қорғайтын құқық қорғаушы прокурор Берік Асыловпен жеке кездесуге рұқсат бермеген қызметкерлердің әрекетін заңсыз деп тануды талап еткен. Ulysmedia.kz тілшісі соттағы даулар қалай өткенін және неге бұл істі прецедент деуге болатынын түсіндіреді.

Оқиға неден басталды

9 шілде күні адвокаттар Анар Құсайынова мен Қуаныш Төлегенов «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты ұрлық ісі бойынша шығарылған үкімге кассациялық наразылық енгізу туралы Бас прокуратураға өтініш жолдады. Он екі күннен кейін олар бас прокурор Берік Асыловтың жеке қабылдауына жазылу туралы тағы бір өтініш жіберді.

Алайда екі өтінішке де бір мазмұндағы, үтір-нүктесіне дейін айнымайтын бірдей жауап келген. Құсайынованың айтуынша, бұл әрекет прокуратура қызметкерлерінің міндетін дұрыс орындамайтынын көрсетеді. Сол себепті ол әкімшілік сотқа жүгінген.

«Барлығы төменгі деңгейде шешіліп жатыр»

Соттағы жарыссөз кезінде Құсайынова екі бірдей бас тарту хатына Бас прокуратураның Екінші қызмет басқармасы басшысының орынбасары Радимхан Дубаева қол қойғанын айтты. Ал хаттарға жауапты сол бөлімнің аға көмекшісі Анаргүл Асқарова дайындаған.

Адвокат екі өтініштің мазмұны әртүрлі болғандықтан, оларды әр бөлім бөлек қарастыруы тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, Екінші қызмет басқармасы тек кассациялық өтінішті қарауға құзіретті, ал бас прокурордың жеке қабылдауына жазылу  әкімшілік рәсімге жатады.

- Бас прокурордың жеке қабылдауына алдын ала жазуды іс жүргізу және өтініштермен жұмыс істейтін бөлім жүргізеді. Кассациялық өтініш қарайтын бөлімнің құзыретіне бұл мүлде кірмейді, - деді ол.

Құсайынованың айтуынша, тіпті кассациялық өтініштің өзінде Екінші қызмет мамандары прокурордың орнына шешім қабылдай алмайды. Бұл жағдай жеке қабылдау өтінішіне де қатысты.

- Сөйтіп, кассациялық өтініш те, жеке қабылдау туралы өтініш те бас прокурорға жетпей қалған. Барлығы төменде, департамент деңгейінде шешілген. Құқық қорғау ісі осылай іске аса ма? Әрине, жоқ!, - деп ашуланды адвокат.

Айта кетейік, Құсайынова сотта өзінің қорғаушысы адвокат Әсел Міржақыппен бірге болды. Ол прокуратура қызметкерлерінің әрекеті өрескел құқықбұзушылық екенін айтты.

- Жеке қабылдауға жазылу тәртібі бесенеден белгілі, ол – әкімшілік рәсім. Ал бұл жерде жауап тек қылмыстық іс шеңберінде берілген, - деді ол.

«Бас прокурорға ұсақ-түйекке бола бармайды»

Сотта жауапкер ретінде Анаргүл Асқарова сөйледі. Ол жеке қабылдауға жазылу өтінішін «кассациялық өтінішке қосымша» деп түсінгенін айтты.

- Мен оны негізгі өтініштің жалғасы деп қабылдадым. Өтініштің мазмұны Ермегияевтің үкімінің заңдылығы туралы, - деді Асқарова.

Судья:

- Жеке қабылдауға қандай мәселелермен жазылады? Бұл – сот актілеріне келіспеушілік қой. Бас прокурорға ауа райы туралы сөйлесуге бармайтыны анық. Бұл өтініш жеке өтініш ретінде тіркелуі үшін қандай талапқа сай болуы керек еді?, - деп сұрады.

Асқарова:

- Ол бірінші болып түсуі керек еді, - деп жауап берді.

Сот шешімі

Істі судья Жанар Дүйсенова қарады. Ол адвокаттардың өтініштері әртүрлі рәсімдерге қатысты болғандықтан, жеке-жеке қаралуы тиіс деген талап-арызбен келісетінін айтты. Жеке қабылдау өтініші – әкімшілік процедура.

- Бұл – екі түрлі өтініш. Жеке қабылдау нормасы Қылмыстық-процестік кодекстен шығарылып, бөлек әкімшілік рәсімге енгізілді. Осындай жағдайда прокуратурада болған оқиғалар, яғни түсініспеушілік жиі болып тұрады, - деді судья.

Нәтижесінде әкімшілік сот Құсайынованың талабы бойынша шешім шығарып, Бас прокуратураға бас прокурордың жеке қабылдауына жазылу туралы өтінішті қайта қарауды міндеттеді.

Айта кетейік, прокуратура өкілдері жарыссөзден кейін сот залына қайтып келмеді, яғни шешім жарияланған кезде залда болмады.

Соттан кейін Анар Құсайынова Ulysmedia.kz тілшісіне:

- Бұл істі прецедент деп санауға болады. Мұндай жағдай қарапайым азаматтарға да өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді, - деді.