Трамп "ұсынған бейбіт келісім" Украинаны Ресейдің аяғына жығып беру ме?

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға байланысты 28 пунктен тұратын жоспарын ұсынды. Оны ресми Киев 27 қарашаға дейін қабылдауы тиіс. 2022 жылдан бері әлем назарын өзіне аударған соғыс аяқтала ма? Трамп жоспарында не жазылған? Украина мен Ресейдің ұстанымы қандай? Вашингтон жоспарынан кім ұтады, кім ұтылады?

Трамп ұсынған бейбіт келісім жоспары

20 қарашада 28 пунктен тұратын Дональд Трамп ұсынған Украинадағы соғысты тоқтатуға байланысты бейбіт келісім жоспарының негізгі тұстарына тоқталайық:

  • Қырым, Донбасс, Луганск аймақтары іш жүзінде Ресейдікі деп танылады;
  •  Запароже және Херсон облыстары қазіргі майдан шебімен бөлінеді.
  • Украина әскерінің саны 600 мыңға дейін азайтылады;
  • Украина НАТО-ға кірмейтінін Конституциясына жазады. Бірақ Еуроодаққа кіре алады.
  • НАТО Украина аумағына әскерін кіргізбейді. Альянс қарулары Польшада орналасады;
  • Украина бейбіт келісімге қол қойғаннан кейін, 100 күн ішінде президент сайлауын өткізуі тиіс;
  • Ресейдің бұғатталған 100 миллиард доллары Украинаны қалпына келтіруге жұмсалады;
  • Ресейге салынған санкциялар біртіндеп алынып, Мәскеу G8 құрамына қайта кіреді.

Украина ұстанымы

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің АҚШ ұсынған жобаны қатаң сынамайтынын және ол бойынша жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«АҚШ тарапынан соғыс тоқтату жөніндегі ұсыныстар – жоспардың тармақтары, олардың өз көзқарасы ұсынылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап біз бір өте қарапайым ұстанымды ұстанып келеміз: Украинаға бейбітшілік керек. Нағыз бейбітшілік – үшінші рет басып кіру қаупі болмайтын бейбітшілік. Құрметті бейбітшілік – біздің тәуелсіздігімізді, егемендігімізді және украин халқының абыройын құрметтейтін шарттарға негізделген бейбітшілік. Біз дәл осындай шарттарға қол жеткізуіміз керек. Мен біздің негізгі қағидаттарымызды баяндадым. Біз бұл ұсыныстардың шынайылығына көз жеткізу үшін командаларымыз осы ұсыныстармен жұмыс істейтін болып келістік», – деді Зеленский 21 қарашада телеграм арнасында жариялаған үндеуінде.

Путин позициясы

Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған жоспар Ресей-Украина соғысын реттеудің негізіне айналуы мүмкін деп мәлімдеді. Ол бейбіт келісімге жете алмауда тағы да Украинаны айыптады.

«Бізде бұл мәтін бар, оны АҚШ әкімшілігімен өзара іс-қимыл арналары арқылы алдық. Ойлаймын, бұл мәтін де түпкілікті бейбіт реттеудің негізіне алынуы мүмкін, бірақ ол бізбен нақты деңгейде талқыланып жатқан жоқ және не себепті екенін де болжап айта аламын. АҚШ әкімшілігі әлі күнге дейін украин тарапының келісімін ала алмай отыр, Украина қарсы. Әрине, Украина мен оның еуропалық одақтастары әлі де иллюзияда жүр және Ресейге соғыс алаңында стратегиялық жеңіліс келтіруді армандайтын сияқты», – деді Владимир Путин қауіпсіздік кеңесінің жиынында сөйлеген сөзінде.

Еуроодақ сыны

«Трамп жобасы Украина мүддесін ескермеген, Ресей талаптарын қолдайды» деп сынап жатқандар да көп. Еуроодақ жетекшілері АҚШ-тың Украинадағы соғысты реттеу бойынша талпынысын қолдады. Бірақ Вашингтон ұсынған жоспарды толықтыру қажет деп мәлімдеді.

«28 пунктен тұратын жоспардың бастапқы жобасында әділ және ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін қажет маңызды элементтер бар. Сондықтан бұл жобаны толықтыруды қажет ететін негіз деп санаймыз. Болашақ бейбітшіліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін осы процеске қатысуға дайынбыз. Біз шекараны күшпен өзгертуге болмайды деген қағиданы берік ұстанамыз», – деп жазылған Еурокомиссия жариялаған құжатта.

Германиялық Bild басылымының жазуынша, Еуроодақ жетекшілері Трамп ұсынған бейбіт келісім жоспарының бірқатар пунктерін өзгерткісі келеді. Атап айтқанда, олар Қырым мен Донбасты «Ресей жері» деп тану, Украина әскерінің санын қысқарту, қауіпсіздікке кепілдік беру және бұғатталған Ресей активтеріне қатысты пунктермен келіспейді.  

Ресми Вашингтон өзі ұсынған бейбіт келісім жоспары бір жақты деген пікірмен келіспейді. Ақ үй баспасөз қызметі бейбіт келісім жоспары бір ай бойы Украина және Ресей тараптарымен сөйлесіп, екі жақтың мүддесін ескере отырып әзірленген деді.

Сарапшылар пікірі

Бремен университеті жанындағы Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының (Германия) ғылыми қызметкері, саясаттанушы Николай Митрохиннің сөзінше, Трамп ұсынған бейбіт келісім жоспары Украина үшін тиімсіз деп есептейді. Оның сөзінше, тараптар жобаға өзгерістер енгізуді талап етеді.

«Бірінші көзге түсетіні – Трамптың бейбіт жоспары Украина үшін бірнеше тармақ бойынша қабылданбайтын сияқты: Донбасс аумағынан шығу және оккупацияланған территорияларды Ресейге тиесілі деп мойындаудан бастап, орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін мәжбүрлі түрде беруіне дейін. Бұдан бөлек, бұл жоспар бастапқыдан-ақ қауіпсіздік кепілдіктерін қамтымайды, себебі Украина аумағынан Ресей бағытына қарай ұшқан алғашқы зымыранның өзі жаңа соғыс бастауға себеп болады», – дейді ол.

Central Asia Due Diligence (Лондон) директоры, саясаттанушы Әлішер Ильхамов Трамп ұсынған бейбіт келісім жоспарға Украина мен Еуропада сын көп дейді. Оның сөзінше, егер Украина бейбіт келісім жоспарын осы күйінде қабылдайтын болса, онда мемлекеттік тәуелсіздігінің бір бөлігінен айырылады.

Бұдан бөлек, саясаттанушы бейбіт келісім жоспары қабылданса, онда ол Владимир Путинге алдағы уақытта Украина мен Еуропа жерлерін дәл осы нұсқа бойынша жаулап алуына жол ашады деп есептейді. Себебі Путин қазіргі стратегиясы сәтті жұмыс істейді деген тұжырымға келуі мүмкін.

«Этот план в итоге окажется приглашением России к новой агрессии», – дейді Әлішер Ильхамов.

Американың бейбітшілік жоспары 23 қарашада Женевада талқыланады. Оған ЕО, АҚШ және Украина өкілдері қатыспақ. Кездесуге нақты кімдер қатысатыны әзірге хабарланбады.