Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы парламенттік реформаның нақты тетіктерін алғаш рет ашып айтты. Мәжіліс пен Сенат тарих қойнауына кетеді, олардың орнына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын біртұтас Құрылтай құрылады. Бұдан бөлек, елде вице-президент лауазымы енгізіледі, Жоғарғы соттың құрамын парламент айқындайды, ал Салық кодексі қайта жазылуы мүмкін. Ulysmedia.kz қазақстандық парламенттің жаңа форматына саясаттанушылар қандай баға беретінін саралап көрді.
Тепе-теңдік – басты қағида
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бір палаталы парламент құру – заңды эволюция әрі белгілі бір деңгейде бәрін қайтадан бастаумен пара-пар.
– Негізінде Қазақстанның алғашқы парламенті Жоғарғы кеңес бір палаталы болған. 1993-1994 жылдары ол президенттік билікке қажет кейбір шешімдерді тежегенімен, мемлекет басшысының өкілеттігін асыра пайдалануға жол бермей, қажет жерінде шектей алатын тиімді құрал да болды. Ал 1995 жылғы Конституция суперпрезиденттік модельді бекітті де, парламентті әдейі екіге бөліп, әлсірету үшін жасалды. Сол арқылы президент екі палатаға да «үстемдік» етіп тұрды, – деп еске алады Ғазиз Әбішев.
Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың пікірінше, екі палатадан бір палатаға көшу – шешім қабылдау жылдамдығы мен қосымша сүзгілер арасындағы классикалық таңдау.
– Артықшылығы – шешім қабылдау сатылары азаяды, заң шығару циклі жылдамдайды, депутаттардың жеке жауапкершілігі күшейеді. Өйткені заңды тек бір палата қабылдаса, сұрау да солардан болады. Бірақ бұл тек партиялар мен рәсімдер қатар күшейген жағдайда ғана тиімді. Осы тұрғыда пропорционалды жүйеге басымдық беріліп отыр, бұл партиялық институттарды нығайтудың механизмі, – дейді ол.
Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің тағы бір күшеюі – Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастырудағы бірқатар өкілеттіктің парламентке берілуі. Қазір бұл құқықтар Мәжіліс, Сенат пен президент арасында бөлінген. Енді барлық кандидатураны Құрылтаймен міндетті түрде келісіп барып бекітеді. Сонымен қатар Жоғарғы соттың құрамы да депутаттардың шешіміне тәуелді болмақ.
– Мұның бәрі мемлекеттік билік институттары арасындағы баланстың өзгеру логикасына толық сай келеді, – дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.
Президент Тоқаевтың жуырда жапон ақыны, ханзаданың «үйлесім – бәрінен биік» деген сөзін еске алуы да тегін емес. Бұл парламенттік реформаның негізгі ұраны іспетті.
Квота берілмейді, бірақ бәсеке бар
Құрылтайда президенттік квота деген болмайды. Бұл оның әлеуетін арттырып, заң шығару тиімділігін күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар партиялар арасындағы саяси бәсекені қыздыра түспек.
– Президенттік квотадан бас тарту өте дұрыс шешім. Бұрын мемлекет басшысы кез келген адамды Сенатқа өткізе алатын немесе ҚХА арқылы депутат ететін. Енді депутат болу үшін адам әу бастан партиялық тізімге енуі керек. Бұл ерікті түрде «тағайындау» мүмкіндігін азайтып, парламентті сыртқы ықпалдан қорғайды, – дейді Ғазиз Әбішев.
Қазақстан халқы Ассамблеясы квотасының жойылуы да депутаттарды сайлау рәсімін айналып өтуді қиындатады.
– Негізі ҚХА-да үлкен квота болған жоқ. Конституция бойынша президент тағайындайтын бес сенаторды Ассамблея ұсынатын. Ал Мәжілістегі ҚХА квотасы 2022 жылы-ақ алынып тасталған. Енді Конституциямен бекітілген ешқандай квота қалмайды, тек әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған заңнамалық квоталар сақталады, – дейді Андрей Чеботарев.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, парламентті толықтай партиялық тізіммен сайлау – бүгін ғана қолданылайын деп отырған тәсіл емес. 2023 жылдың наурызына дейін депутаттар негізінен осы жүйе арқылы таңдалып келген. Сондықтан Қазақстан мұндай модельге толық дайын.
Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – шынайы саяси бәсекенің күшеюі. Партиялар сайлаушылардың назарын аудару үшін белсендірек болуға мәжбүр.
– Бір партияның үстемдігі туралы айтсақ, ол қазір де бар. Бір мандаттық округтер болғанның өзінде депутаттардың басым бөлігі билік партиясының бағытын қолдайды, – дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар квота болмаса да, партиялар өңірлік өкілдерді тізімге енгізуге мүдделі болады. Себебі заң бойынша тіркелген партиялардың өңірлік филиалдары болуы шарт.
Демография бәрін шешеді
Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына 126 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылады. Оның құрамына мәслихат депутаттары, этностық бірлестіктер мен қоғам өкілдері енеді.
Сарапшылар мұны Қазақстандағы әлеуметтік құрылымның өзгеруімен байланыстырады.
– Қазақтар қазір халықтың төрттен үшін құрайды, жастар арасында бұл үлес одан да жоғары. Халық кеңесінде диаспоралар үштен бір мөлшерінде ғана болады. Бұл – демографиялық үрдістің көрінісі. Кеңес саяси емес, кеңесші орган ретінде әртүрлі топтардың үнін жеткізетін алаң болмақ, – дейді Ғазиз Әбішев.
Тоқаев отставкаға кетуге дайындалып жатыр ма?
Вице-президент лауазымының енгізілуі мен форс-мажор кезінде кезектен тыс президент сайлауы билік транзитіне дайындық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда саясаттанушылар мұны тепе-теңдік жүйесін күшейту деп бағалайды.
Андрей Чеботаревтің айтуынша, вице-президент институты президенттік билікті нығайтып, жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл мұрагер дайындау амалы емес.
– АҚШ-та вице-президент президент кеткен жағдайда өкілетті мерзімді аяқтайды. Бірақ біздің жағдайда бұл – биліктің шамадан тыс шоғырлануына жол бермейтін тетік. Яғни президент жүйені билеп-төстемеуі үшін қажет, – дейді Ғазиз Әбішев.
Ал кезектен тыс сайлау нормасы демократиялық тұрғыдан анағұрлым әділетті шешім.
– Бұл – билікті узурпациялауға қарсы жүйелік механизм. Себебі «қалған мерзім» алты ай да, алты жыл да болуы мүмкін. Ал сайлаусыз ұзақ уақыт билік ету – демократиялық легитимділікті әлсіретеді, – деп түсіндіреді Никита Шаталов.
Өтпелі кезең реформасы
Парламенттік реформа – Қазақстандағы билік жүйесін кезең-кезеңімен өзгерту процесінің бір бөлігі. Сондықтан оны президенттің жақын арада кетуіне дайындық деп қарастыруға болмайды.
– Біз әлі де белгілі бір күту кезеңінде боламыз. Биліктің бейбіт жолмен берілуі транзиттің бір сатысының аяқталуы ғана. XXI ғасыр өте жылдам, бір адамның өміріне бірнеше саяси кезең сыйып кетуі мүмкін, – дейді Ғазиз Әбішев.
Ал Андрей Чеботарев бұл реформа билік транзитін болашақта әлдеқайда жеңілдетеді деп есептейді.
– Қазақстанның үшінші президентін сайлау 2019 жылғы транзитке қарағанда әлдеқайда тиімді өтеді. Ол кездері елде қос билік болып, оның ақыры Қаңтар оқиғасына алып келді. Қазір мақсат президент тұлғасын емес, мемлекеттік саяси бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ететін институт құру, – дейді ол.
Тарих пен болашақты жалғаған атау
Жаңа парламенттің «Құрылтай» деп аталуында да символдық мән бар. Бұл – дала демократиясының, тарихи сабақтастықтың белгісі.
– Қазіргі геосаяси тұрақсыз кезеңде Қазақстан өзінің мемлекеттілігін Жошы ұлысынан бастау алатын тарихи канон арқылы дамытып отыр. «Құрылтай» атауы орта ғасырларда кең қолданылған, бұл – қазақ мемлекеттілігінің тамыры ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқанын білдіреді, – дейді Ғазиз Әбішев.
Ал Андрей Чеботарев Конституция преамбуласындағы тарихи мұраға сілтемелер мен «Әділетті Қазақстан» идеясын өткен мен болашақты жалғайтын көпір ретінде бағалайды.
– Басты заң елдің ресми саяси бағытымен барынша үйлесетін болады, – деп түйіндейді саясаттанушы.