Нұрлыбек Нәлібаевтың 22 млн теңге тұратын курткасы талқыға түсті: әкім табысын неге жасырып отыр?

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Желіде Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың үстіндегі Stefano Ricci брендцінен 22 миллион теңге тұратын куртасы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НҮРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВТЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ҚАНША

finprom.kz мәліметінше, облысы әкімдері мен ірі қалалардың әкімдерінің жалақысы шамамен 1,7 млн теңге шамасында. Облыс әкімдігінің  ресми сауалға берген жауабында өңір әкімі мен әйелінің жариялауға жататын табысы жоқ деп көрсетілген. Бұдан кейін қымбат куртка киген шендінің қандай кәсібі бар екенін сұраудан бетіміз қайтып қалды.

Соңғы ресми деректерге қарағанда, Нұрлыбек Нәлібаевтың атына тікелей тіркелген ұйымдар немесе компаниялар туралы нақты мәліметтер жоқ.Бірақ, оның жұбайы Мәлика Сыздықованы «бизнес-леди» деп атасақ қателеспейміз. Өйткені Сыздықованың атында бірнеше компания бар. Атап айтқанда, «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС, «ШЫҒЫС ДОСТЫҚ ЛТД и К» ЖШС, «Батсу-демалыс аймағы» ЖШС.

 – Бұл – Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Басқа әкімдер сияқты “бар ақшасын” бизнесте тауып, кейін халыққа “қызмет етуге” келген. Бердібек Сапарбаев кланының өкілі саналады. 22 миллион теңге тұратын Stefano Ricci күрткасы бар.Сондай-ақ гардеробында €1555 тұратын Moorer күрткасы да кездеседі (шамамен 915 000 теңге), - делінген әлеуметтік желіде тараған жазбада.

Желідегілер қаланың жарты аумағында оның дүкендері бар екенін, қызылордалықтар оны бәрі білетінін, мемлекеттік қызметке келгенге дейін де өз кәсібі болғанын, өте ауқатты адам екенін айтып жатыр. Біреулер оны қаланы көрсейтті, сондықтан алтын халат кисе де болады деген пікір айтқан. 

НӘЛІБАЕВТЫҢ ТУЫСТАРЫ МАЙЛЫ ЖІЛІКТІҢ БАСЫН ҰСТАП ОТЫР

Журналистік зерттеулер орталығының мәліметінше, Нұрлыбек Машбекұлының үш туған әпкесі және төрт ағасы бар. Ашық бизнес-тізілімдерде оның ағалары туралы ғана мәліметтер кездеседі (Бердібек Сапарбаевты есептемегенде).

Әлібек Нәлібаев (64 жаста) — «ЖаңақорғанГаз» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы. Компания 2021 жылдан бері салық төлемеген, ал негізгі қызметі жанармайды бөлшек саудада сату болғаны болжанады. Сонымен қатар ол ірі қара мал өсіруге бағытталған «Жаңақорған Өрлеу1» ауыл шаруашылығы кооперативінің ортақ иелерінің бірі. Салық төлемдері туралы деректер ашық көздерде жоқ.

Батырбек Нәлібаев (61 жаста) «Жаңақорған Ақ Шуақ» ЖШС-не толық иелік етеді. Бұл кәсіпорын Қызылорда облысындағы балшықпен емдейтін көне шипажай ретінде белгілі. 2016 жылдан бері компания шамамен 39,9 млн теңге салық төлеген. 2024 жылдың шілдесінде Батырбек Машбекұлы жеке кәсіпкер ретінде қайта тіркелген.

Пазылбек Нәлібаев (59 жаста) — Жаңақорған ауданындағы қазақ күресі федерациясының құрылтайшыларының бірі. 2022 жылдың тамыз айынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Арал–Сырдария өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясын басқарады. Бұған дейін, Adata.kz деректеріне сәйкес, ішкі істер органдарында қызмет еткен.

Бүгінде Нұрлыбек Нәлібаевтан кейінгі ең жоғары лауазым иесі Әзімбек Пазылбеков (33 жаста). Ол 2024 жылдың қазан айында Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды. 2015 жылдан бері құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында түрлі мемлекеттік қызметтер атқарған. Оның тағайындалуы кезінде облыстың сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалды бұл шешімнің туыстық байланысқа емес, кәсіби тәжірибеге негізделгенін мәлімдеген еді.

Бақытжан Нәлібаев (41 жаста) — «Жаңақорған-Құрылыс-2010» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы. Компания су бұру инфрақұрылымын пайдаланумен айналысады. Алайда 2021 жылдан бері белсенді қызметі байқалмайды. 2024 жылы жалпы сомасы 426 мың теңге болатын екі мемлекеттік келісімшарт жасаған, сондай-ақ аздаған салық берешегі бар.

Жамал Нәлібаева (40 жаста) 2016 жылдан бері Жаңақорған ауданындағы арнайы балабақшаны басқарып келеді. Оның сіңлісі Асылзат Машбекова (30 жаста) Шымкент қаласында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызмет түрі ретінде «физикалық жайлылықты қамтамасыз ету» бағытын көрсеткен.

ЖЕЛІДЕ ДАУ БОЛҒАН САҒАТ, ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ ЖӘНЕ ҚЫМБАТ КӨЛІК

2022 жылы Нұрлыбек Нәлібаевтың 9 миллиондқы қолсағаты, жалғыз ұлы Назарбектің үйлену тойы жайлы хабар да кеңінен талқыланды. Кейбір дереккөздер тойдың шығынын 250 млн теңгеден астам деп бағалаған.

Кейін Нәлібаевқа «Әкім болғалы қымбат сағатыңызбен, Ритц Карлтонда той өткізумен, журналистен қашумен ел ішінде есіміңіз қызу талқыға түсті, өзіңізді Жаңа Қазақстанның форматы мен принциптеріне сәйкес келемін деп санайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Алайда әкім журналистен қашқанын жоққа шығарды.

«Менің ешкім алдымнан шығып, бетпе-бет сұрақ қойған жоқ. Шынымды айтсам, үкіметтегі басқа жиынға асығып бара жатқанмын. Артымнан түсіріп алып, кейін салып жіберсе, оны көрмесем, мен оған қалай жауаптымын деп айта алам. Сағат негізінен 2016 жылы түсірілген. Мен оны әкім кезімде сатып жүрген жоқпын. Сол кездегі суретті алған. Керек болған жағдайда оны дәлелдеп те бере аламыз», - деді ол.

Ритц Карлтондағы тойға байланысты әкім әр ата-ана, әр азамат өзінің ұлына бір той жасап беруге ниетті әрі парызы деп ойлайтынын» айтты.

«Әлеуметтік желіде көтерілгендей ол жерде 200-дің үстінде кісі болған жоқ. Жүзге тарта кісі болды. Жақын туыстарымыз, баламыздың, келініміздің достары. Әлеуметтік желіде көрсетілгендей оған миллиондаған қаражат кеткен жоқ. Сырттан ешқандай жұлдыз шақырылған жоқ. Биографиямды қарасаңыз да болады. Мемлекеттік қызметке дейін 10 жылдай бизнес саласында жұмыс істедім. Бір баламызға кішігірім той жасап беруге мүмкіндігіміз бар. Ол менің ата-ана есебіндегі парымыз деп есептеймін», - деді ол.

Өткен жылы наурыз айында бұқаралық ақпарат құралдарында Нұрлыбек Машбекұлының өңірдегі ауылдардың біріне шамамен 50 млн теңге тұратын жол талғамайтын көлікпен барғаны туралы жаңалық кеңінен тарады. Кейінірек бұл автокөлікті облыс әкіміне белгісіз демеушілер сыйға тартқаны айтылды. Алайда мұндай сыйлықтың этикалық тұрғыдан қаншалықты орынды екені жөніндегі сұрақтар қоғам талқысында ашық күйінде қалып отыр.

ТҮЙІН

Нәлібаевтар  Forbes тізіміне енбесе де, түрлі салалар мен өңірлерде елеулі саяси салмақ пен экономикалық ықпалға ие екені байқалады. 2023 жылы әулеттің ең беделді өкілдерінің бірі  Бердібек Сапарбаевтың өмірден өтуіне қарамастан, бұл әулет елдің саяси элитасының маңызды бөлігі болып қала беруде. Халықтан табысын жасырса да, өңір әкімінің 22 миллиондық куртасы оның ауқатты екенінен хабар беріп тұрғандай. Әйтпесе, лауазымдық жалақымен басқа шығысты есептеменде, мұндай куртаны сатып алуға 1 жыл уақыт еңбектенуге тура келер еді.