Forbes Kazakhstan тізімінде шамамен 289 млн доллар байлығымен 39-орында тұрған 41 жастағы Нұрәлі Әлиев экс-Астана әкімінің орынбасары, «Транстелекомның» бұрынғы иесі, бүгінде Spark of Light («Жарық ұшқыны») атты рухани жобаның негізін қалаушы. Ол таңды тауда қарсы алады. Әңгімесі жарасқан жандарды тауда серуендеуге шақырады. Мұның бәрі тегін, тек алдын-ала тіркелу керек, сонымен бірге жұмыс орны мен лауазымын көрсетуі тиіс.
Алтын табақтан ас жеп өскен бала кенеттен рухани тақырыпқа бет бұрады деп кім ойлаған? Не түрткі болды? Назарбаев әулеті тақтан түсіп, тарих қойнауына еніп бара жатқан тұста бұл жігіт нені көксеп жүр? Ulysmedia.kz тілшісі талдап көрді.
ПРОЛОГ
25 ақпан таңында Медеудегі фонтан маңына кіл қалталы адамдар жиналды. Оларды Іле Алатауының солтүстік беткейімен Горельник термалды қайнарына дейін жаяу көтерілу, мұздай өзенге шомылу, ал басты «сый» ретінде Нұрәлі Назарбаевпен қатар отырып таңғы ас ішу күтіп тұрды.
Бетті шымшыған аяз бен боран, тайғақ мұз да, қараңғыда тауға жаяу шығу да шара қатысушыларын да, ұйымдастырушыларды да тоқтата алмады. Әрине, өзіңе тиесілі Donatello қонақүйінің жылы бөлмесіне оралу мүмкіндігің болса, таудағы мұздай су соншалықты қорқынышты емес шығар. Айтпақшы, ол қонақүй де Нұрәлінің меншігі. Бірақ қызық алда. Жаңа «қазақстандық гурудың» соңынан отбасылық тарих, мистицизм елесі еріп жүргендей сезіледі. Мұның бәрі бір мақаладан гөрі тұтас романға сұранып тұрғандай. Сондықтан ретімен баяндайық.
«НҰРЛАНҒАН» ТҰЛҒА ТУРАЛЫ БІРАЗ ДЕРЕК
Нұрәлі Рахатұлы Әлиев мансабын замандастары мамандық таңдап жүрген жаста бастаған. 19 жасында «Сахарный центр» АҚ-ның президенті. Көп ұзамай Hit TV телеарнасын басқарып, «Нұрбанк» басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды. 25 жасында директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Одан әрі Қазақстан даму банкі, «Транстелеком», елорда әкімінің орынбасары қызметі, Capital Holding инвестициялық холдингі, Дубайдағы қонақүйлер мен Алматыдағы мейрамханалар. Тұңғыш президенттің жиені үшін қалыпты жағдай, әдеттегі мансап.
Forbes дерегінше (2025 жылғы мамыр), оның байлығы 289 млн доллар деп бағаланады. Активтер қатарында — Дубай мен Алматыдағы Donatello Hotels and Resorts, мейрамханалар, холдингтердегі үлестер бар. Жуырда бұл тізімде «Транстелеком» да болған, алайда 2025 жылдың тамызында Әлиев акционерлер құрамынан шықты. Сатты. Босағандай болды. Бәлкім, әлдеқайда маңызды нәрсеге айырбастады.
Сол «маңызды» дүние көп күттірмеді. 2026 жылдың қаңтарында Нұрәлі Әлиев Spark of Light жобасының іске қосылғанын жариялады. Миссиясы: «адамзатты 3D-санадан 5D-санасына көшуге қолдау», «өз болмысын табуға көмектесу». Батыстың өзін-өзі дамыту бестселлерлерін көп оқыған біреу Қазақстан да «кванттық секіріске» дайын деп шешкендей әсер қалдырады.
Осындай жарнамадан екі апта өткен соң Әлиев Давоста сөз сөйледі. Тақырып - менталдық денсаулық, нейротехнологиялар және «психоделикотерапияның әсері». Ойлап көріңіз: байлығы 300 млн долларға жуық, әулеті биліктен шеттетілген адам әлемдік элитаға сананы кеңейтудің пайдасын түсіндіріп тұр. Давос мұндайды да көрген.
ӘЖЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН
Алайда бұл әулетте рухани ізденіс шынымен де отбасылық тақырып. Әлиевтің әжесі Сара Алпысқызы Назарбаевадан бастайық. 1998 жылы берген сұхбатында ол ашық айтқан:
— Менің миссиям — насихаттау.
Әңгіме Порфирий Ивановтың «Детка» ілімі жайлы болған. Жүйе қарапайым: күніне екі рет мұздай сумен шомылу, аптасына бір рет 42 сағаттық ашығу, табиғатпен тілдесу. Сара Алпысқызы осы тәсіл арқылы қант диабетін жеңгенін айтқан. Тек жеңіп қана қоймай, оны өмірінің басты ісіне айналдырған.
— «Детка» философиясын таныған кезде, егер өзімді 20 жыл бұрын тапсам, қаншама жағымсыз сәттің алдын алуға болар еді деп ойладым, — деген еді ол кейінірек.
Президенттің жұбайы «жермен байланыс» идеясына қатты сенгені сонша, Иванов ілімін бүкіл елге таратуды мақсат етті. Оның бастамасымен кітаптар жазылды, еріктілерге тәжірибелер жүргізілді, ал 2000 жылдардың басында мектептерде «Өзін-өзі тану» пәні пайда болды.
Қызық бір жайт: Нұрсұлтан Әбішұлының өзі, жұбайының айтуынша, «Детка» іліміне бастапқыда ұзақ уақыт сын көзбен қараған. Алайда үш жылдан кейін ол да күніне екі рет мұздай сумен шомыла бастаған. «Еркек — бас, әйел — мойын» деген осы шығар: қай жаққа бұрса, солай кетеді.
ТЫМ КӨПТІ КӨРГЕН ІНІ
Егер Нұрәлі Әлиевтің әжесі ақиқатты су мен ашығудан іздесе, оның інісі Айсұлтан Назарбаев мүлде басқа жолды таңдады. Ол жол қорқынышты әрі қысқа болды.
2020 жылы, қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын, Айсұлтан Facebook желісінде белсенді блог жүргізді. Оның жазбалары тәжірибелі комментаторлардың өзін тығырыққа тірейтін. Ол магия, сиқыр және дін туралы жазды.
«Жақында Құдайдың қалауымен тікелей эфирге шығамын да, бар шындықты айтамын! Магия мен сиқыр жайлы, адамдардың өзін Құдайдай сезініп кеткені туралы бәрін ашып көрсетемін», — деп уәде еткен еді ол.
Жазбаларында не айтылмады десеңізші: отбасына тағылған айыптар, өзін Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі емес, ұлымын деуі, 11 жасында «КГБ әдебиетімен» оқытылғаны туралы әңгімелер, тіпті болжамдар.
2020 жылғы 22 қаңтарда Айсұлтан: «Жақын арада олар мені өлтіруге тырысады немесе жынды екенімді дәлелдейді, не әкемді өлтіргендей камерада асып қояды» деп жазды. Ол Ұлыбританиядан саяси баспана сұрады, егер тірі қалсам, Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы жемқорлық байланыстар жайлы айтып, The Times-қа сұхбат беремін деп уәде етті.
Сұхбат жарық көрмеді. 2020 жылғы 16 тамызда Айсұлтан Назарбаев Лондонда жүрегі тоқтап, 29 жасында көз жұмды. Ресми себеп — есірткіні артық қолдану. Оның соңғы жазбалары кейін «болжам» ретінде айтылды, ал шын мәнінде бұл алтын торда ұзақ өмір сүрген адамның жан айқайы еді.
Ал бүгінде Нұрәлі бауырының өлімі оның дүниетанымын түбегейлі өзгерткенін айтады. Бұған сенуге де болады. Бірақ біреуі ақиқатты хаос пен есірткіден іздеп, өлім құшты. Екіншісі элиталық өмірден «дзен» іздеп, нәтижесінде бизнес-модель тапты.
«КРЕСТНЫЙ ТЕСТЬ» АВТОРЫ
Нұрәлі Әлиевтің рухани құндылықтарға құмар болуының сырын түсіну үшін әкесі Рахат Әлиевті зерттеу керек. Ол қилы тағдыр иесі, жарқын сәттері де, трагедиясы да мол адам. Президенттің бұрынғы күйеу баласы, экс-елші, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары, кейін Аустрияға қашып, елінде сырттай 40 жылға сотталған саясаткер.
2009 жылы Берлинде оның «Крестный тесть» кітабы орыс және неміс тілдерінде жарық көрді. Аннотацияларда бұл кітап «халықтың миллиардтаған долларын тонап, өзін құлға айналдырған адам туралы шығарма» деп сипатталды. Рахат Әлиев онда отбасының тасадағы өмірін ашып, қайын атасын жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, Астанада қабылданған мемлекеттік мүддеге қайшы шешімдердің құпиясын ашуға уәде берді. Қазақстанда кітап бірден тыйым салынып, оны тарату қылмыс саналды.
2015 жылғы 24 ақпанда Рахат Әлиев Венадағы тергеу изоляторында асулы тұрған күйінде табылды. Ресми нұсқа — өз-өзіне қол жұмсау. Міне, бір әулеттің ішкі эволюциясының айқын көрінісі. Әке қарсыласу жолын таңдап, түбінде өзін жағып жіберді. Ал MBA дәрежесі бар, мемлекеттік жүйеде жұмыс істеген Нұрәлі басқа жолды таңдады. Жүйемен күресуді емес, ондағы адамдардың санасын емдеуге ден қойды. Бұл қауіпсіздеу. Әрі ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді.
АТАСЫ ЖӘНЕ ҚАҢТАР
Нұрәлі Әлиевтің мұндай күйге түсуіне 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы әсер еткенге ұқсайды. Сол трагедиядан кейін Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Нұрәлінің анасы Дариға Назарбаева парламенттен кетті. Ал қайын атасы Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағалығынан босады.
Отыз жылға жуық елдегі ықпалын қалыптастырған әулет санаулы күнде саяси салмағынан айырылды. БАҚ бұл үдерісті «деназарбаевизация» деп атады: активтерді қайтару, ірі компаниялардың иелері ауысу, «Отбасыға» жақын адамдарға қатысты қылмыстық істер.
Дәл осы тұста қызық нәрсе болады. Қаңтардан үш жыл өткен соң Нұрәлі Әлиев өзін рухани ұстаз сезінеді. Ол «Транстелекомды» сатады, директорлар кеңестерінен шығады да, «жоғары Мен» туралы айта бастайды. Өте ыңғайлы. Лауазым мен байланыс арқылы шындықты өзгерте алмасаң, шындықтың өзі иллюзия деп жариялауға болады.
«ЖАРЫҚ ҰШҚЫНЫ» МА, ӘЛДЕ АҒАРУТУДЫ БИЗНЕС ҚЫЛЫП ОТЫР МА?
2026 жылғы ақпанда Горельникке шығу туралы хабарлама қызығушылық туғызды. Бағдарламада бүкіл денеге арналған жаттығу, өзенге шомылу, бизнес-таңғы ас және «халықаралық деңгейдегі кәсіпкерлермен байланыс» бар еді. Ұйымдастырушылар тіркеуді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды, өйткені екі күнде-ақ орын қалмады. Тұңғыш президенттің немересімен бірге таңды атыруға ниеттілер тау бөктеріне сыймай қалды.
Жазылған пікірлерде, әрине, әзіл де болды. Бірі Әлиевтің коуч ретіндегі қабілетіне күмәнданды, бірі қатысушылар құрамын әжуалады. Бірақ мәні басқа.
Мәні — Нұрәлі Әлиев қазір әжесі 30 жыл бұрын істегенді қайталап, рухани дамуды көпшілікке ұсынып отыр. Тек ол кезде бұл мемлекеттік деңгейде еді, мектеп бағдарламалары, ресми медицинаны мұздай суға шомылуда пайда бар деуге көндіру әрекеттері. Ал қазір ол таңдаулыларға ғана арналған. Орын саны шектеулі.
Сара Алпысқызы бір кездері «Детка» бағдарламасы жайлы:
«Қазір істеп жүргенім — жанымның қалауы», — деген еді.
Айсұлтан «Құдай эфирге шығуды бұйырды» деп жазды. Рахат Әлиев кітабын «режиммен тайталасуға арналған құжат» деді.
Әрқайсысының өз үні, өз шындығы, әлемге жеткізудің өз жолы болды. Бірақ бұл оқиғада тағы бір өлшем бар. 2022 жыл Қазақстанды өзгертті. Билік кеткенде не қалады? Ақша қалады. Байланыс қалады. Танымал фамилия қалады. Нұрәлі Әлиев мұны түсінбеуі мүмкін емес еді. Бір есік жабылса, екіншісін іздеу керек. Ол есікті тапты, билік кабинеттерінің емес, адамдар санасы мен жүрегіне апаратын есікті тапты.
Wellness нарығы әлемде қарқынды өсіп келеді. Менталдық денсаулық — жаһандық тренд. Психоделик терапиясы Батыста танымал. Давос «сананы өсіру» туралы лекцияларды қызыға тыңдайды. Осы тұрғыда «рухани ұстаз» мәртебесі кейде «экс-әкім орынбасарынан» да тиімді көрінеді.
Бұл айыптау емес. Тек Spark of Light жобасы отбасылық брендті жаңа шындыққа сай безендіру әрекеті емес пе деген сұрақ туады. …Әжесі мектептерге «өзін-өзі тануды» енгізді. Әкесі әшкерелеу кітабын жазып, содан ұтылды. Інісі әлеуметтік желіде магия мен болжамдар туралы айтам деп, опық жеді. Ал Нұрәлі басқа жолды таңдады. Таңдаулыларды тауға шақырып, әлемге деген махаббат жайлы айтады, Құран сүрелерінен мысал келтіріп, әңгімесін жандандырады. Бұл — өте заманауи. Ең бастысы, қауіпсіз.
Бәлкім, біз мамандықтың емес, тұтас парадигманың ауысуын көріп отырған шығармыз. Саясат кетіп, эзотерика келеді. Портфель үшін күрестің орнына — сана үшін күрес. Әкімшілік ресурс орнына — рухани ресурс.
ЭПИЛОГ
Қалай болғанда да, 25 ақпанда Медеу маңында адам көп жиналды. Мұздай су денені де, сананы да сергітеді. Әсіресе, шомылған соң таңғы ас, ал таңғы астан кейін қонақүйлер, мейрамханалар және шоттағы 289 миллион доллар күтіп тұрғанын білсең, әсері басқаша. Таңды Нұрәлі Әлиевпен бірге қарсы алуға мұншама адам жиналуының сыры жаңа таңды күтетіндердің көптігін білдірсе керек. Және олар қарапайым отбасының емес, элита ортасынан шыққандар.