Жертөле, паркинг, бункер: Төтенше жағдайда халық қайда барып бас сауғалайды?

Есдәулет Қызырбекұлы
ЖИ/Ulysmedia

Кейінгі жылдары қақтығыс аймақтарында жертөлелер мен метро станциялары дрондар мен бомбадан бас сауғалайтын жер ретінде пайдаланылып жүр. Ресей шабуылына жиі ұшырайтын Украина қалалары жертөле, паркинг және метро станцияларды бункер ретінде қолданып кележатқанына төрт жылдан асты. Израиль халқы да ұзақ уақыттан бері жертөлелерді бас сауғалайтын орын ретінде пайдаланып келеді. Осы тұста «Қазақстан қалаларындағы азаматтық қорғаныс нысандарының жағдайы қандай?» деген заңды сауал туындайды. Бүгін Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн санады.

АЛМАТЫНЫҢ БУНКЕРЛЕРІ ҚАЙДА?

Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда азаматтық қорғаныс нысандарының техникалық жағдайына байланысты күмән мен күдік ұзақ жылдан бері айтылып келеді. Қала басшылығымен болған қоғамдық тыңдауларда тұрғындар бұл мәселені ауық-ауық көтеріп тұрады.

2022 жылы сол кездегі қала әкімі Ерболат Досев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуінде алдағы үш жылда бункерлер мен өзге де тарихи активтер қалпына келтірілетінін айтқан. Ол мұны қаланың сейсмикалық аймақта орналасуымен байланыстырып, «қала кез келген жағдайға дайын болуы тиіс» деген. Бірақ қала билігі оған дайын ба, жоқ па белгісіз.

Биыл сәуірдің басында өткен қоғамдық тыңдауда «Алматыдағы бункерлердің нақты орналасқан жері неге белгісіз?» деген сұраққа билік өкілдері нақты жауап бермеді. Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Ерік Жұмабай қоғамдық кеңес отырысында «ақпарат қызметтік сипатқа ие және жариялауға жатпайды» деді.

Қалада қатты жер сілкінісі болған жағдайда зардап шеккендерді қабылдайтын 384 пункт бар. Төтенше жағдай кезінде онда адамдарды тіркеу, қажетті заттармен қамтамасыз ету, уақытша орналастыру шаралары жүзеге асырылуы тиіс.

Фото: zakon.kz

Мәжіліс депутаты Ирина Симирнованың сөзінше, Алматы сейсмикалық аймақ болғанына қарамастан, қалада эвакуация жүйесі іс жүзінде толық әзірленбеген. Тұрғындар төтенше жағдай кезінде қайда барып бас сауғалайтынын білмейді. 

Алматы қаласының бас жоспарына қатысты материалдарды зерделеу барысында қоғамдық кеңістіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай кезінде халықты эвакуациялау мен жинау бойынша жүйелі шешімдердің жоқ екені анықталды, – дейді Ирина Смирнова.

Депутат №131 мектеп-лицейін мысалға келтірді. Бұл нысан №289 эвакуациялық жиналу пункті ретінде есептеледі. Алайда оның аумағында қазірдің өзінде №115 балабақша салынған, әрі тағы бір корпус тұрғызу жоспарланған. Соның салдарынан эвакуацияға арналған ашық кеңістік іс жүзінде қысқарып отыр.

Бүгінде іс жүзінде төтенше жағдай кезінде адамдарды эвакуациялау және жинау үшін қауіпсіз орындар жүйесі қарастырылмаған болып отыр. Алматыда бос қоғамдық орындар қай жерде бар?,– дейді депутат.

БОС ЖЕРЛЕРДІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА БЕРГЕН

Оның пікірінше, дәл осындай жағдай қаладағы басқа аудандарда да байқалады. Бос жерлер мен скверлер құрылысқа беріліп, нысандар салынып жатыр. Депутат парламентте төтенше жағдайлар министрлігін бұл мәселені шұғыл түрде зерттеп, тиісті шара қабылдауға шақырды. Сондай-ақ Бас прокуратурадан төтенше жағдай кезінде жиналу орындарының жоқтығына және олардың нақты реттелмеуіне құқықтық баға беруді сұрады.

БУНКЕРЛЕР ЖЕКЕНІҢ ҚОЛЫНА ӨТІП КЕТКЕН

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, қалада совет заманынан қалған 300 бункердің тек жүзге жуығы ғана аман сақталған. Бірақ оның өзі көңіл көншітетін жағдайда емес. Кейбірі тіпті жекенің қолына өтіп кеткен және мүлде басқа мақсатта пайдаланылып жатыр. Ulysmedia тілшісі сондай бункерлердің біріне барып көрді. Досмұхамедов көшесінде орналасқан бункер қазір арт орталықтың қызметін атқарып тұр. Мұнда Арт-убежище Bunker тәуелсіз театры орналасқан. Бірақ біз барғанда ғимарат жабық жатты. Орталық әкімшілігі телефон тұтқасын көтермеді. Театр сайтындағы ақпаратта «Арт-убежище Bunker – шын мәніндегі қорғаныс панаханасында орналасқан әлемдегі ең бірінші театр» деп жазылған.

Алматыда қараусыз қалған бункер аумағынан снаряд табылған кездер де болған. 2023 жылы Сейфуллин даңғылындағы бұрынғы зауыт аумағындағы бункерден бизнес-орталық күзетшісі артиллериялық снаряд тауып алған. Оның арты үлкен шуға ұласып, саперлер ғимаратты тексеріп, өзге қауіпті ешқандай зат жоғын айтқан.

Бункерлердің (Заңнама бойынша атауы – азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысы) басым көпшілігі жекенің қолына өтіп кеткенін төтенше жағдайлар министрлігі де мойындайды.

«Соңғы бес жылда азаматтық қорғанысқа арналған 70 қорғаныс құрылысы жаңадан салынып, пайдалануға дайын күйге келтірілді. 2024 жылы жүргізілген түгендеу нәтижесі бойынша қорғаныс құрылыстары қорының 70%-дан астамы жекеменшік иелікте, ал шамамен 30%-ы мемлекеттік басқаруда екені анықталды. Қараусыз қалған нысандар – 16. Жергілікті атқарушы органдардың балансында 71 нысан бар. Оларды күтіп-ұстауға 2024 жылы 110 млн теңге бөлінді», – деген төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов депутаттарға берген жауабында.

Кейінгі он жылда «қорғаныс қабілеті жарамсыз» деген себеппен 171 бункер есептен алынып тасталған. Ал жұмыс істеп тұрған нысандардың қай жерде орналасқаны белгісіз. Олардың мекен-жайы құпия ақпарат ретінде жарияланбайды.

Бункерлерден өзге әскери жағдайлар мен дрондар шабуылынан бас сауғалайтын орындар ретінде жертөле, паркинг, метро өткелдері айтылады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елде мұндай 14,5 мың орын бар. Оған шамамен 15 миллионға жуық адам сыяды. Фото: СС0 / Peter H

ЖЕРТӨЛЕ, ПАРКИНГ, БУНКЕР

7 сәуірде сауда және интеграция министрлігі дәл осындай нысандарға қатысты арнайы стандарт бекітілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, биылдан бастап Қазақстанда жертөлелер мен паркингтер табиғи апаттар, әскери жағдайлар мен дрондардан бас сауғалайтын бункер ретінде салынатын болады.

– Жаңа стандарт қолданыстағы нормативтік олқылықтарды жойып, паналау орындарына қойылатын бірыңғай талаптарды енгізеді. Құжат табиғи, техногендік және әскери сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау мақсатында ғимараттарды тексеру және оларды бейімдеу тәртібін айқындайды, – делінген министрлік таратқан мәлімдемеде.

Жаңа талапқа сай, жертөлелер мен паркингтерде желдету жүйесі, су және электр жарығыменқамту, санитарлық жағдай жасалуы керек. Ведомство мәліметінше, қазір бар жертөлелер, төменгі қабаттар, жерасты өткелдері мен метро да бас сауғалайтын орын ретінде бейімделмек.

Ермек Сейітбатталов. Фото: Ашық дереккөзден

“АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ҚҰРЫЛЫМЫ ӨТЕ ТӨМЕН”

Ulysmedia  осыған байланысты әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовпен тілдесті. Оның сөзінше, жертөле, паркинг, метроны бункер стандартымен салу құптарлық бастама. Себебі елдің қазіргі азаматтық қорғаныс құрылымы өте төмен деңгейді.

Сарапшы төтенше жағдай кезінде адамдар бас сауғалайтын жер асты нысандарын салудың өзіндік талабы мен тәртібі бар дейді. Оның сөзінше, министрлік енгізіп отырған стандарт сол. Оны қатаң сақтау қажет. Өйтпеген жағдайда төтенше жағдай кезінде азаматтық қорғаныс нысандары керсінше жұмыс істеуі мүмкін.

– Жер асты нысандарын салғанда әрбір адамға арналған 9 шаршы метр кеңестік болуы қажет. Кемін дегенде 4,5 шаршы метр. Ол жерде адамдар аз дегенде бір апта өмір сүре алатындай жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін бункер зымыран, бомба соққыларынан сақтайтын талаптардан бөлек, өмір сүруге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген болуы керек. Әңгіме адамның базалық қажеттіліктері туралы: таза ауа мен тұратын кеңестік; ас пен су; дәретхана; киім мен жылу, ауыз судан бөлек жуынатын, техникалық су болуы қажет. Сол сияқты тағы басқа қажетті көп дүниелер бар.

– Көп қабатты тұрғын үйлер құласа, шығатын есіктері үйінді басып қалмайтын қашықтықта салынуы қажет. Қосалқы апаттық жағдайда шығатын бірнеше есіктері болуы керек. Азаматтық қорғаныс нысанының  ішінде өрт болған жағдайда оны жылдам өшіретін құрылғылар мен құралдар болуы қажет. Ауаны сүзіп, тазартып тұратын құралдар, сол құралдарға электр қуатын беретін аккумулятор мен генераторлар болуы керек. Осы сияқты көп жүйелі әрі кешенді жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет.

– Бункерлердің көлемі сол аумақта тұратын тұрғындарға жеткілікті болып қана қоймай, оның үстіне қосымша 30 пайыз азаматтарды қабылдайтындай мүмкіндігі болуы қажет. Төтенше жағдай болған кезде сол жерге жұмыспен немесе басқа себептермен барған азаматтарды қабылдау мүмкіндігі болуы керек. Бұл тұрғыда қазірдің өзінде кемшіліктер бар. Мысалы, күні кеше Астанада өрт болған кезде жолға біз азамат автокөлігін қалтырып, өрт сөндіретін машиналар өте алмай үш бала қаза тапты, олардың анасы ауыр хәлде жатыр. Бұндай жағдайларға жол берілмеуі тиіс, – дейді ол.

Ермек Сейітбатталовтың сөзінше, Украина мен Ресей арасындағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыс бункерлердің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазір соғыс болмаса да, Еуропа елдері бункерлерін заман талабына сай жабдықтап жатыр.


– Соғыста Ресей мен Украина бункерлерін пайдаланып жатыр. Соғыс басталған уақытта көп кемшіліктер болып еді, бүгінгі таңда оны түзеткен сияқты. Еуропа елдері қазір бункерлерін тексеріп, белгілі талапқа сай қылуға тырмысып жатыр... Совет кезіндегідей қазір бункер салуы қажет емес. Ол кездегі бункер стандарты қазіргі заманауи талаптарға сай келмейді, – дейді сарапшы.