Ормұздағы дағдарыс Орта дәлізді дамытуға итермелеп отыр

Есдәулет Қызырбекұлы
ЖИ/Ulysmedia

Ормұз бұғазын минадан тазартуға алты айға жуық уақыт кетеді. Оның өзін АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы тоқтаған жағдайда ғана жүзеге асыруға болады. Бұл әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп, энергетикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін.

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен Украинадағы соғыс Қазақстан, Орталық Азия мен Кавказ арқылы өтетін көлік дәлізіне қандай әсер етеді? Ұзақ жылдар бойы Ресейдің көлеңкесінде қалып келген Орта дәліздің даму перспективасы бар ма?

ОРМҰЗДАҒЫ МИНА

The Washington Post  газетінің жазуынша, АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Өкілдер палатасының қарулы күштер жөніндегі комитетінде өткен жабық брифингте Ормұз бұғазын Иран миналарынан тазартуға алты ай уақыт кететінін айтқан. Бұл болжам демократтардың да республикашылдардың да наразылығын тудырған.

ПЕНТАГОН ПІКІРІ

Пентагон Ормұз бұғазын минадан тазарту мерзіміне байланысты пікір беруден бас тартты. Оның ресми өкілі Шон Парнелл басылым жариялаған ақпаратты «шындыққа жанаспайды» деп атап, The Washington Post газетін «шындықтан гөрі өз күн тәртібін ілгерілетуге көбірек мән береді» деп айыптады.

Ал The New York Times басылымы «Иран Ормұз бұғазында орнатқан миналарының қайда екенін өзі таппай отыр» деп жазды.

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұған дейін АҚШ әскері мина қоятын Иран кемелерін асқан дәлдікпен аяусыз жойып жатқанын және АҚШ «террористерге Ормұз бұғазын кепілге алуға жол бермейтінін» мәлімдеген.

ИРАН БҰҒАЗДЫ АЛТЫ АЙҒА ДЕЙІН ЖАБА АЛАДЫ

Наурызда CNN барлау қызметіне сілтеме жасап, Иран бұғазды бір айдан алты айға дейін жабық ұстай алатынын хабарлаған болатын. Сол кезде Шон Парнелл «бұғазды алты айға жабылу қабылданбайды және мүмкін емес» деген.

17 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуемттік желісінде Иран АҚШ-тың көмегімен Ормұз бұғазынан барлық теңіз миналарын алып тастады (алып жатыр) деп жазды.

НӘТИЖЕСІЗ БЕЙБІТ КЕЛІСІМ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК НАРЫҚ

21 сәуірде Трамп екі аптағы атысты тоқтату туралы келісім мерзімін ұзартқан болатын. Бірақ тараптар әлі күнге дейін мәмлеге келген жоқ. Бұған дейін Исламабадта өткен келіссөздер сәтсіз аяқталды.

Соғыс басталғанға дейін Ормұз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың 20 пайызы тасымалданған. Бұл бағытқа негізінен Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея тәуелді.

Ормұз бұғазының ұзақ уақытқа бұғатталуы әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп, энергетикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Қазірдің өзінде әлемдік нарықта мұнай бағасы соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттаған.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ОРТА ДӘЛІЗ

Журналист, саяси шолушы Естай Божан геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта мүдделі елдердің әлемдік сауда тәуелді болған теңіз және құрлық жолдарын саяси қысым құралына айналдыруы қалыпты жағдай дейді. Бірақ бұндай жағдайлар бір елдерге кедергі болса, енді бір мемлекеттер мен сауда бағыттарына керсінше пайда әкеледі. Соның бірі Қазақстан арқылы өтетін Орта дәліз жолы.

Қытайды Еуропамен байланыстыратын Орта дәліз жолын 2014 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия құрған. Бірақ ол ұзақ жылдар бойы Ресейдің бақылауындағы Солтүстік жолдың тасасында қалып келді. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орта дәліздің маңызы артты. Оған бастамашы үш ел ғана емес, Қытай, Түркия, Еуроодақ, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты елдер мен ұйымдар да қаржы құя бастады.

Таяу Шығыстағы ахуал ушығып, Ормұз бұғазындағы тұрақтылықтың болашағын бұлыңғыр тартқан тұста Орта дәліз бағытының маңыздылығы тағы да күн тәртібіне шықты дейді Естай Божан. Бірақ оның дамуын қаламайтын да тараптар бар.

– Қазір қалыптасқан жағдайда Қазақстан, Әзербайжан және Грузиядан да бөлек көптеген тарап Орта дәліздің дамуына мүдделі. Бірақ, оған кедергі келтіргісі келетін тараптар да бар. Себебі, Орталық Азияның әлемдік жеткізу тармағындағы рөлінің жоғарылауы Ресей, Иран секілді елдердің рөлін белгілі деңгейде әлсіретеді. Тек ол ғана емес, бұл аймақтағы күштер теңгеріміне де үлкен әсер етуі мүмкін. Осы тұрғыдан Мәскеу аймақтағы өзінің дәстүрлі ықпал етуші ретіндегі рөлін сақтап қалу үшін де Орта дәліздің дамуын қолдай қоймайды. Тікелей кедергі келдірмеген күннің өзінде осы маңызды жобаға инвестиция салғысы келетін тараптарға қысым жасай алады.

Бірақ қазіргі жағдайдан қарасақ, Ресеймен тығыз қарым-қатынастағы Қытай да бұл балама дәлізге мүдделі. Тіпті Қытай бұл дәлізді дамытудың тікелей қозғаушы күшіне айналғысы да келеді. Бірақ, осы маңызды сауда жолын АҚШ немесе ЕО Қытайдың ықпалына беріп қойғысы келмей, Әзербайжан мен Грузия арқылы өздері ықпал етуді қалайды. Міне осы мүдделер арасында бір түсіністік табылса Орта дәліз қысқа уақыт ішінде жаһандық сауда торабындағы маңызды тармаққа айналып шыға келеді. Сіз айтып отырғандай Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы қайшылық ұзаққа созылған сайын, тараптар бұл жолды дамытуға барған сайын мүдделі бола түседі, – дейді Естай Божан.

«ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАТЫН ҮРДІСТІҢ ҚЫСҚА ҒАНА КӨРІНІСІ»

Өткен аптада Дүниежүзілік банк пен оның серіктестері дәлізді дамытуға 3,3 миллиард доллар қаржы бөлды. Оның 1,4 миллиарды Қарағанды-Жезқазған тас жолын жөндеуге жұмсалмақ. 1,9 миллиард доллар Түркияның Босфор бұғазын кесіп өтетін Солтүстік теміржол өткелін салуға беріледі. Орта дәліз Орталық Азия, Каспий теңізі, Оңтүстік Кавказ және Түркияны басып өтіп, Қытай мен Еуропаны жалғайды.  

– Қазір аймақта әлі де Ресей басты ықпал етуші күш саналады. Соңғы жылдары аздап әлсірегенімен, әлі де теңдей баламалы күш ретінде ешбір тарапты көрсете алмаймыз. Ал Қытай болса аймақта өз ықпалын қарқынды дамытып келе жатыр, бұл бағытта Еуроодақ елдері де маңызды қадамдар жасады. АҚШ-та табиғи ресурстарға бай және геостратегиялық маңызды аймақта өзінің мүддесін тұрақты түрде алға жылжытуда.  Бұл бір ұзаққа созылатын үрдістің қысқа ғана көрінісі секілді.

Әлбетте, біз осы күштер баланысының өзгерістерін ұдайы бақылауға мажбүрміз. Бұл күрделі қарым-қатынас қандай жағдайда аймақ тұрақтылығына кері әсер етеді? Ең дұрысы үрдіс барынша баяу жүргені, егер үдеріс тездеп кетсе бұл ірі күштер арасындағы бәсекелі қарым-қатынасты күшейтіп, соңы олардың аймақтағы қайшылығын да үдетіп жібереді. Ондай жағдайды аймақ тұрақтылығына қауіпті деп бағалауға болады. Ал қазірше оқиғалар өз ретінмен дамып жатқандай. Осы бірқалыпты жағдай аймақ елдерінің де сыртқы ықпалы мен маңызын біртіндеп көтеріп келеді, – дейді Естай Божан.