Кейінгі уақыттары Қазақстанда өте бай адамдардың жария түрде қайырымдылықпен айналысу тенденциясы байқалады. Пәтер беру, көлік сыйлау сияқты акциялар әдетке айналғандай. Бай адамдар бұндай қадамға не үшін барады? Бұл ел алдында өзін жарнамалау ма, жоқ әлде шын мәніндегі қоғамдық жұмыстың бір түрі ме? The Giving Pledge ұғымы нені білдіреді? Оны қарапайым қайырымдылықтан қандай айырмашылығы бар? Бүгін Ulysmedia осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Қазақстандық миллиардер, BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев әйелімен бірге байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа бөлетінін мәлімдеді. Ол жаһандық «Giving Pledge» қозғалысына қосылғанын айтты.
– Анар екеуміз үшін әлемнің ең танымал филантроптар қауымдастығына қосылу – үлкен мәртебе мен жауапкершілік. «Giving Pledge» – «Жомарттық анты» бастамасына қолдау көрсету туралы шешім – біздің отбасылық құндылықтармыз бен көптеген жылдар бойы атқарып келе жатқан істеріміздің заңды жалғасы деп білеміз. Осы хат арқылы біз осы күнге дейін жиғанымыздың жартысынан көбін көзіміздің тірісінде, қайырымдылыққа, қоғамның игілігіне жұмсайтынымызды бүкпесіз жария етеміз, – деді кәсіпкер жоба сайтында жариялаған хатында.
ГЕЙТС ПЕН БАФФЕТТІҢ БАСТАМАСЫ
The Giving Pledge – әлемдегі миллиардерлер мен аса бай адамдарды біріктіретін жоба. Оған қатысушылар тәртіп бойынша, байлығының 50%-дан астамын қайырымдылыққа немесе қоғамдық мәселелерді шешуге жұмсауы тиіс.
Қозғалысты 2010 жылы Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, қазір қозғалысқа әлемнің 30-ға жуық елінен 250-ге жуық танымал кәсіпкер мүше. Олардың ішінде Илон Маск, Марк Цукерберг, Ричерд Брэнсон сияқты миллиардерлер бар.
МІНДЕТ ЕМЕС, МОРАЛЬДЫҚ АНТ
Бірақ бұл заң түрінде міндеттейтін келісімшарт емес. Жобаға мүше болған адамның қоғам алдындағы жария түрдегі моральдық анты және уәдесі. Олар қайырымдылықты өзінің көзінің тірісінде немесе өсиет бойынша қайтыс болғаннан кейін де жасай алады.
The Giving Pledge қозғалысы аясында миллиардерлердің уәдесін тексеретін, орындамаған жағдайда оларды жазалайтын қандай да бір ресми мемлекеттік немесе заңды орган жоқ. Бастама еріктілік пен моральдық жауапкершілікке негізделген.
Десе де, Батыс елдерінде миллиардерлердің қаржысын қайда жұмсап жатқанын журналистер мен зерттеушілер бақылайды. Forbes, Bloomberg сияқты ірі басылымдар және Institute for Policy Studies сияқты талдау орталықтары жыл сайын миллиардерлердің дәулеті мен олардың берген қайырымдылық көмектерін есептеп, арнайы рейтингтер (мысалы, Forbes Philanthropy Score) жариялайды. Егер бай адам уәде беріп, оны орындамаса, бұл оның беделіне (репутациясына) нұқсан келтіреді.
ҚОР НЕМЕСЕ ТРАСТ
Миллиардерлер өз қаржысын қолма-қол ақшалай бермейді. Олар арнайы қайырымдылық қорлар немесе трасттар құрады. Көптеген елдерде бұндай қорлар жыл сайын салық декларациясын тапсыруға міндетті.
Қайырымдылық қорларының қаржылық тазалығын халықаралық ірі аудиторлық компаниялар (Big Four: PwC, EY, Deloitte, KPMG) тексереді. Олар ақшаның мақсатты жұмсалғаны туралы ресми қорытынды береді.
Қазір көп жағдайда жобалар мен ірі бизнес иелері қайырымдылық қорының орнына траст құруды таңдайды. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, құрылтайшы өз ақшасын, акцияларын, мүлкін сенімді басқарушыға береді. Ол мүлік тек қайырымдылық мақсаттарға ғана жұмсалады. Екіншіден, трастқа өткен мүлік құрылтайшының жеке меншігі болып саналмайды. Сондықтан оны ешкім тартып ала алмайды. Үшіншіден, көптеген елдерде қайырымдылық трасттарға салынатын салық көлемі аз, тіпті кейбір елдерде ол мүлде жоқ. Төртіншіден, траст қордың негізін қалаушы қайтыс болған жағдайда, келісімшарт бойынша әрі қарай жұмысын жалғастыра береді.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ, СЫЙЛЫҚ, КОММЕРЦИЯЛЫҚ МАҚСАТ
Қазақстанда кейінгі жылдары ауқатты адамдардың жария түрде қайырымдылық науқанын ұйымдастыруы немесе қандай да бір салада табысқа жеткен адамдарға сыйлық жасауы жиі байқалады. Мысалы, кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов мамырдың басында өз иелігіндегі Шымкент сыра зауытының 50 қызметкеріне пәтер сыйлады. Ал оның әйелі (продюсер) Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова қалаған жерінен пәтер алып беретінін және ай сайын бір миллион теңге зейнетақы төлеп тұратынын айтты.
Бірақ кәсіпкер мен оның әйелінің бұл қайырымдылығын жарнамалық акцияға балайтындар да бар. Оған себеп те жоқ емес. Алматының Тереңқұр ауданындағы 30 сотық жерге байланысты дауда дәл осы Тұрсынғали Алагөзовтің аты аталған. Кәсіпкер 80 сантиметр жер үшін жергілікті тұрғынмен соттасып, жеңіліп қалған.
Бұл жөнінде бұған дейін Ulysmedia жазған. Мақаланы мына жерден оқи аласыздар: Тереңқұрдағы 30 сотық: Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке дейін жеткен даулы аймақ
Бұдан бөлек, 2025 жылы тамызда Алматының «Қайрат» футбол клубы чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін миллиардер Нұрлан Смағұлов клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтинге Hyundai Palisade көлігін, ал қақпашы Темірлан Анарбековке iPad сыйлап, оның арты дауға ұласты. Желі қолданушылары мен клуб жанкүйерлері кәсіпкердің қақпашыға iPad сыйлағанын сынады. Кейбірі бұны “клубтың жеңісінен кәсіпкер өзіне жарнама жасап жатыр” деп айыптады. Кейіннен кәсіпкердің өзі «Замандас» подкастында берген сұхбатында бұл акцияның коммерциялық мақсаты болғанын мойындады.