1 шілдеден бастап парламент ресми түрде қызметін тоқтатып, қыркүйектен бастап су жаңа құрылтай жұмысын бастайды. 2023 жылдың наурызында сайланған депутаттар не бәрі үш жыл үш ай қызмет атқарды.
VIII шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының 18 пайызы ғана әйел болды. Олардың арасында шын мәнінде әйел құқығы мәселесін көтерген депутаттар жоқтың қасы. Тіпті кейбірі мандатын тапсырып, қызметінен кетіп қалды. Осы парламент жасақталған уақытта қоғамда «әйелдерді парламентке статистика үшін ғана жинайды» деген сын айтылған. Жалпы, парламент жұмысына қатысты айтылған сын өте көп болды.
Ulysmedia бүгін келмеске кетіп бара жатқан парламенттегі депутат әйелдердің жұмысы мен мансабына қысқаша тоқталып көруді жөн санады.
СТАТИСТИКА ЖӘНЕ РЕЙТИНГ
БАҚ пен ашық дереккөзде жарияланған ақпаратқа қарағанда, VIII шақырылымдағы депутаттар тынымсыз жұмыс істегендей әсер қалдырады. Жолданған депутаттық сауалдардың алды 300-ден асып жығылады. Оған тіпті кейбір медиалар арнайы рейтинг те жасаған.
Мәселен, Kursiv.media сайты депутаттық сауал жолдаған мәжілісмендердің көшін «Қазақстан халық партиясының» өкілі Ирина Смирнованың бастап тұрғанын жазды. Басылым рейтингінде алғашқы ондықта әйел депутаттардың саны аз емес. Олардың қатарында Нұргүл Тау, Ажар Сағандықова, Дәния Еспаева сияқты депутат әйелдер бар.
Мәжілісте ең көп депутаттық сауал жолдаған депутат Ирина Смирнова 2016 жылдан бері, яғни VI шақырылымнан бері Парламент қабырғасында жұмыс істеп келеді. Он жылға жуық депутат болғандықтан, елдегі мәселелерді жақсы біледі деуге негіз бар. Алайда биыл Смирнова «шетел агенттері туралы» заң қабылдауды ұсынған бастамасымен көптің сынына ұшырап, жұрт жадында дәл осы оқиғамен қалды.
Депутаттың пікірінше, шетелдік қаржыландырудың бір бөлігінің астарында медианы қолдау немесе құқық қорғау қызметі ретінде бүркемеленген саяси мүдделер жатуы мүмкін.
Алайда осы бастамадан кейін жұрт Смирнованың өзі бірнеше жыл бұрын «Сорос-Қазақстан» қорының жобасына қатысқанын еске салды. Сол кезде депутат бұл қордың жұмысы өзіне қазақстандықтардың құқықтары туралы қалай сөйлеу керектігін түсінуге көмектескенін айтқан.
«Бәлкім, бұл біреулерге тосын естілер. Бірақ дәл "Сорос-Қазақстан" қорымен жұмыс істеу менің өз елімнің азаматы ретінде қалыптасуыма ықпал етті. Мұғалімнің, оқушының, жалпы кез келген қазақстандықтың құқықтары туралы қалай және қандай түрде айту керектігін түсіндім. Сондай-ақ бұл құқықтар бұзылған жағдайда не істеу қажет екенін ұқтым», – деген Смирнованың сөзін қордың сайты жариялаған.
Смирнова ұсынған «шетел агенттері туралы» заң қабылданған жоқ. Дегенмен Қаржы министрлігі шетелден қаржы немесе мүлік алатын әрі оны пайдаланатын заңды тұлғаларға арналған жаңа қағидалар бекітті. Енді мұндай ұйымдар шетелдік қаржыландыру туралы хабарлап, оның қалай жұмсалғаны жөнінде есеп береді, ал олардың мәліметі арнайы бірыңғай базаға енгізіледі.
Сурет әлеуметтік желіден
Бұл сурет жақында әлеуметтік желіде тарады. Мәжілістегі әріптестері депутат Дәния Еспаеваны «Ақ жол» партиясының төрағасы болуымен құттықтап жатқан сәт болса керек. Бұл суреттегі әйелдердің басым бөлігі келесі Құрылтай қатарына өтпеуі мүмкін. Ал Еспаеваның мандаты қазірдің өзінде қалтасында деуге болады. Ол партия төрағасы ретінде «саяси сахнадағы» рөлін әрі қарай да сомдай беретіні анық.
Дәния Еспаева жай ғана депутат емес, Мәжіліс төрағасының орынбасары болған. Иә, сауатты қаржыгер ретінде оның бәсі басқалардан жоғары тұрған шығар. Дегенмен, 2019 жылы өткен кезектен тыс сайлауда президенттікке кандидат ретінде додаға түскен «батылдығы» үшін Ақорданың оны ескерусіз қалдырмағаны түсінікті.
Еспаева есерсоқ, эпатажды саясаткер емес. Десе де, сол сайлауда қызметтегі президентпен бәсекеге түсуге келісім бергені көпшілікті таңғалдырғаны рас. Әдетте, «қуыршақ кандидаттардың» сипаты басқаша болатын еді.
«ПАРЛАМЕНТТЕ ӘЙЕЛ МЕН БАЛА МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛГЕН ЖОҚ»
Гендерлік теңдік және гендерлік экономика бойынша сарапшы Әйгерім Құсайынқызы парламентке әйелдер статистика үшін ғана өткізіледі деген пікірмен келіседі. Оның сөзінше, VIII шақырылымдағы депутаттар арасында әйелдер бұған дейінгі шақырылымдармен салыстырғанда әлде қайда аз болған және шын мәнінде әйел құқығына қатысты мәселелерді көтермеген.
– Парламенттегі 18 пайыз әйел депутат әйел мен бала мәселесін көтерді ме? Әлде Қарақат Әбден сияқты бойдақтарға салық салайық деді ме? Керсінше, әйелдерге қарсы сөз сөйледі ме? Яғни парламентте әйелдердің жай ғана болуы теорияда Genderwashing деп аталады. Genderwashingұғымын қазір негативті мағынада қолданады. «Әйел болса болды, жоқ деп айтпасын» деп, әйел болғаны үшін ғана сол орынға отырғызады... Депутат Ермұрат Бапи немесе «Ауыл» партиясының өкілдері әйелдерге қатысты сексистік көзқарастар айтып жатқан кезде, «Қазақ әйелдері жіптен босаған иттер сияқты» деп ақын айтқан кезде парламенттегі әйел депутаттардың «Кешіріңіз, Бақыт Беделхан мырза, Конституцияның 4-бабы бойынша, адамдарды жыныс белгісі бойынша кемсітуге болмайды. Сіз неге әйелдерді итке теңеп отырсыз» деп бірде-бірі айтпады, – дейді ол.
ДАУЛЫ ҰСЫНЫС ЖӘНЕ «САЛТАНАТ ЗАҢЫ»
Депутат Қарақат Әбден шетел азаматына тұрмысқа шығатын қазақ қыздарына салық салу керек деген ұсыныс жасаған. Бұл ұсыныстан кейін «Әбденді депутат мандатынан айыру керек!» деген талаппен петиция да жарияланды. Қоғам депутатты әйелдерге дискриминация жасады деп айыптады. Десе де, Әбден мәжілісте соңына дейін отырды. Бірақ, Құрылтайға өтуі екіталай. Ол 2023 жылы сайлауда 10,52% дауыс жинап, мәжілісте 8 орынға (мандатқа) ие болған «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілі.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бішімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың өлімінен соң тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдануына депутат Жұлдыз Сүлейменова мұрындық болды. Бұл заң ел арасында «Салтанат заңы» деп аталып кетті.
Осы заңды қабылдау кезінде Жұлдыз Сүлейменова ел алдына жиі шығып, қазақ әйелдерінің жанашыры ретінде танылып, саяси тұрғыдан да ұпай жинады. Кейін ол Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Әрине, бізде саяси тағайындаулар кезінде тұлғаның қоғам алдындағы беделі мен халық арасындағы қолдауы қаншалықты ескерілетінін нақты айту қиын. Кейде керісінше әсер де қалыптасады. Дегенмен, Жұлдыз Сүлейменова жағдайында оның кандидатурасын ұсынғандар әлеуметтік желідегі резонанс тудырған жазбалары мен қоғамдағы белсенділігін қосымша артықшылық ретінде көрсеткен болуы әбден мүмкін.
Депутат кезінде батыл мәлімдемелерімен көзге түскен Сүлейменова министр қызметіне келгеннен кейін еркін пікір білдіруден алыстап, үкімет мүшесіне тән ресми ұстанымға көшті.
ГЕНДЕРЛІК КВОТА
Қазақстандағы партиялық сайлау тізіміне гендерлік квота 2019 жылы БҰҰ комиссиясының ұсынуымен енгізілді. Бірақ квота бірнеше топ арасында бөліске салынды. Әйелдерге арналған 30 пайыздық орынға жастарды да, мүгедектігі бар азаматтарды да қосты. Осылайша парламенттегі 30 пайыздық квотаға «Әйел, жас және мүгедектігі бар азамат» деген үш санатқа жататын депутаттар енді.
– Мәжілісте 17,6 пайыз әйел болды соңғы үш жылдық шақырылымда. Бірақ ол өзгерді. Себебі «Республика» партиясынан Динара ханым кетті. Жұлдыз Досбергенқызы (Сүлейменова) министр болып кетті. Яғни, осы екі әйел кеткен кезде олардың орнын әйелдер басты ма? Жоқ, екеуінің орнын да әйелдер басқан жоқ. Мен енді жасақталатын Құрылдайға қатысты да өте пессимисті көзқарастамын. Біз 30 пайыздық әйелдердің межесіне жетпейміз. Ол менің ғана болжамым емес, бірнеше халықаралық ұйымдардың да болжамы. Қазақстан парламентте әйелдердің қатысуы бойынша Қырғызстаннан да, Өзбекстаннан да қалып қалдық. 18 пайыз құлдыраудың шырқау шегі емес, біз әлі 10 пайызға дейін құлдыраймыз деген болжам бар, – дейді Әйгерім Құсайынқызы.
VIII шақырылымда мәжіліс қатарында 17 әйел, сенатта – 10 әйел болды.
ДАУМЕН КЕТКЕН ДЕПУТАТ
2025 жылы «Қазақстан халық партиясының» депутаты Гаухар Танашева мәжілістен даумен кетті. Ол кейіннен билікке ыңғайсыз сұрақ қойғаны үшін мандатынан айырылғанын айтты.
– Мәжілісте барлығы сценарий бойынша өтеді. Үкімет сағаты, кім сөйлеу керек, қанша адам сұрақ қояды, сұрақтардың барлығын дайындап қояды. Сіз министр болсаңыз, сізге жауабын береді. Мен депутатпын, маған сұрағын береді. Мен сұрақ беремін. Сіз жауабын бересіз. Сонымен, жақсы, керемет отырыс болып өтеді барлығы, – деді Танашева «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.
Сол уақытта «Қазақстан халық партиясының» тағы бір депутаты Ирина Смирнова Ulysmedia–ның «Мәжілісте цензура бар ма?» және «Жиындар сценарий бойынша өте ме?» деген сұрақтарғына былай деп жауап берген:
– Менде ешқандай сценарий жоқ. Өзім қалай жұмыс істегім келеді, солай жұмыс істеймін. Егер Гаухар солай деп айтса, онда оның өзінде сондай болған шығар. Барлық кезде ыңғайлы бола бермейді. Барлығына ұнай бермейді, – деген Ирина Смирнова.
Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау да «Азаттық» радиосына «депутаттар сауалына цензура жасалмайды» деген. Ол мәжілісте қойылатын сұрақтар регламентті анықтау үшін ғана алдын ала жиналатынын айтқан.
БҰҰ ДЕРЕГІ
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылдың 1 қаңтардағы дерегі бойынша, әлемдегі мемлекеттердің 11,3 пайызында (монархиялы жүйелерді қоспағанда, 151 елдің 17-сінде) әйел адам президент болса, 9,8 пайызында (193 мемлекеттің 19-ында) үкімет басшысы болған.
Әйелдер көбіне гендерлік теңдік, адам құқықтары, әлеуметтік салаларды басқарады. Қорғаныс, энергетика, табиғи ресурстар мен тау-кен өндірісіндегі топ-менеджер әйелдер аз.
БҰҰ есебінше, қазіргі даму қарқынымен биліктегі гендерлік теңдікке 130 жылдан кейін ғана жетеміз. Әйелдердің жағдайы жақсарғанымен, бұл процесс баяу жүріп жатыр. Прогреске гендерлік квота әсер еткен. Осындай квота бөлінген елдерде парламент пен жергілікті билік органдарындағы әйелдердің үлесі басқа мемлекеттермен салыстырғанда 5-7 пайыз жоғары.
«ЖАБЫЛЫП ҚАЛҒАН ӘЙЕЛДЕР ПАРТИЯСЫ»
90-жылдардың аяғында қазіргі уақытпен салыстырғанда Қазақстанда әйелдердің саяси белсенділігі жоғары болды. 1999 жылы «Қазақстандағы әйелдер ұйымдарының саяси альянсы» деген партия құрылды. Бірақ оларды сайлауға қатыстырмады. Кейін партия атауы «Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы» болып өзгерді. Оны Раушан Сәрсембаева басқарды. Партияға 3 мыңға жуық адам мүше болған. Ол партиядан бірде-бір әйел мәжіліске өтпеді. 2002 жылы ұйым жабылып қалды.
2021 жылы «Халықаралық қатынастар бойынша кеңес» ұйымының парламент, министрлер кабинеті мен жергілікті атқару органдарындағы әйелдер санына қарайтын Women’s Power Index рейтингіcінде Қазақстан 193 елдің ішінен 104-орын алды. Ол кезде қазақстандық әйелдердің парламенттегі үлесі 24 пайыз болатын.
Дүниежүзілік банк гендерлік теңдікті экономикалық дамуға бастайтын факторлардың бірі деп көрсетеді.