Жасыратыны жоқ, бұл мәселе көптен бері көптің көкейінде жүрген еді. Оған тек саясаттанушылар мен заңгерлер ғана бас қатырған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін президент сайлауына қайта түсе ала ма? Бұл сауалға ресми жауап берілді.
Конституциялық сот тайға таңба басқандай түсіндірді: жаңа Конституция өз күшіне енгеннен кейін, 1995 жылғы ескі Ата заң бойынша жоғары мемлекеттік лауазымдарда болған мерзімдер есепке алынбайды.
Бұл – конституциялық жаңа кезең, жаңа есеп басталды деген сөз.
Конституциялық соттың ұстанымына сүйенсек, қазіргі президент те, кез келген өзге азамат сияқты, сайлауға қайта түсу құқығын сақтап қалады. 1995 жылғы Конституция аясындағы бұрынғы мерзімдер бұған кедергі емес.
Тағы бір маңызды жайт – Конституциялық сотқа ресми түсініктеме алу үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жүгінген.
Конституциялық сот не шешті?
Жауап тайға таңға басқандай айқын. Қайта сайлануға қатысты шектеулер тек жаңа Конституция шеңберінде ғана қолданылады.
Бұл тұжырым тек президентке ғана қатысты емес. Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары, Жоғарғы сот төрағасы және Бас прокурордың өкілеттік мерзімдері де дәл осы қағида бойынша есептеледі.
Тұжырым жасауға асықпаған жөн
Көпшілік «Тоқаев 2029 жылғы сайлауға дайындалып жатыр» деп тон пішіп те үлгерді. Бірақ Конституциялық сот шешімінің меңзегені басқа.
Президент тек құқықтық сұраққа жауап алды. Артық сөз жоқ.
Оның өкілеттігі 2029 жылы аяқталады. Тоқаевтың өзі де бір реттік жеті жылдық мерзімді кейінгі жылдардағы ең маңызды саяси реформалардың бірі деп бірнеше рет айтқан болатын. Әзірге оның бұл ұстанымынан айнығанын көрсететін бірде-бір мәлімдеме жасалған жоқ.
Ұтымды қадам
Меніңше, бұл – өте ұтымды саяси қадам. Президент өзінің алдағы жоспарын жария еткендіктен емес, керісінше, ол сан-саққа жүгірген жорамалдардың тамырына балта шапты.
Соңғы жылдары «2029 жылдан кейін не болады?» деген әңгіме жиілеп кеткен еді. Біреулер Тоқаевтың биліктен кететініне сенімді болса, енді бірі билікті сақтап қалудың астыртын амалдарын іздеп әлек болды. Конституцияға ресми түсіндірме берілмегендіктен, мұндай талас-тартыстар уақыт өткен сайын өрши түсті.
Енді бұл мәселенің нүктесі қойылды.
Бұл – ең алдымен Қазақстанның саяси элитасына, шенеуніктері мен бүкіл мемлекеттік аппаратқа жолданған белгі. «Үш жылдан кейін не болады?» деп бал ашып, тон пішкенді қойып, іске кірісетін уақыт жетті.
Алайда бұл белгі тек оларға жолданған жоқ. Бұл – ел ішіндегі кез келген белгісіздік кезеңін өз ықпалын күшейтудің мүмкіндігі деп түсінетін алпауыт топтарға да берілген ескерту. Биліктің болашағына қатысты қауесет пен лақап сөз көбейгенде, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келетіндер табылатыны талассыз. Енді мұндай айла-шарғыларға жол жабылды.
Бұл шешімнің сыртқы саяси астары да бар.
Бүгінде Қазақстанға ірі инвестициялар құйылып, жаңа өндіріс орындары ашылып, миллиардтаған жобалар жүзеге асып жатқан маңызды кезеңде тұрмыз.
Кез келген инвестор, ең алдымен, тұрақтылықты бағалайды. Сондықтан бүгінгі шешім – сыртқы әлемге, яғни Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ және Қазақстанның өзге де серіктестеріне бағытталған дабыл.
Саяси жүйе өз орнықтылығын сақтайды. Билік мәселесі ел ішінде ешқандай алаңдаушылық тудырмайды. Бұл – инвесторлар үшін өте салмақты уәж.
Бірақ бұл тек серіктестерге ғана емес, Қазақстандағы ішкі процестерді жіті бақылап, оңтайлы сәт туса, ықпал етуге тырысатын сыртқы күштерге де арналған хабарлама. Ойын ережесі белгілі, конституциялық қисын түсінікті. Демек, билік транзиті тақырыбын мақсатты түрде құбылтып, саяси ұпай жинағысы келетіндерге мүмкіндік аз.
Осы орайда, Конституциялық сот президенттің өкілеттігін ұзартпағанын, Ата заңды өзгертпегенін баса айтқан жөн. Ол тек мұндай құқықтың бар екенін растады. Ал бұл құқықты пайдалану-пайдаланбау – мүлдем басқа мәселе.
Билік сабақтастығы – еріккеннің ермегі емес
Тағы бір маңызды факторды ескеру қажет.
Тоқаев вице-президент лауазымын жайдан-жай енгізген жоқ. Мемлекеттік мүдде тұрғысынан келгенде, биліктің сабақтастығы – өте маңызды фактор.
Қазақстан бір саяси кезеңнен екіншісіне әзер жететін әлжуаз ел емес. Біз орта санаттағы державаға айналып келеміз. Цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, жаңа технологиялар, ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар туралы сөз қозғап отырмыз.
Мұның бәрі жүзеге асуы үшін елге тек саяси жігер ғана жеткіліксіз. Істің басы-қасында болу, басқару жүйесінің орнықтылығы мен билік сабақтастығы қажет.
Мемлекет бір жүрген жолын жүз рет өтпеуі керек. Кімнің билікке келетініне немесе саяси кезеңдерге қарамастан, ел дамуы тоқтаусыз жүруі үшін мемлекеттік институттар жүйелі жұмыс істеуі тиіс.
Сондықтан Конституциялық соттың бүгінгі шешімі – тек 2029 жылғы сайлаудың төңірегіндегі әңгіме емес. Бұл – мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы мәселе.
Назарбаев дәуірімен қиыспайды
Дәл осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев дәуірімен арадағы басты айырмашылық көрінеді.
Ол кезде Конституция қазіргі президенттің ыңғайына қарай бірнеше рет өзгертілді. Әр өзгеріс оның сайлауға қайта түсуіне жол ашып отырды. Мұның соңы немен тынғаны бәріне мәлім: биліктің бір қолға шектен тыс шоғырлануы және Қаңтар оқиғасы.
Бүгінгі оқиғалардың ұстыны бөлек. Конституцияны ешкім қайта жазған жоқ. Конституциялық сот тек қолданыстағы нормаларға ресми түсініктеме берді.
Бұл – бір-бірімен қиыспайтын, екі бөлек нәрсе.
Уақыт керек
Тоқаевтың президенттік мерзімінің аяқталуына әлі үш жыл бар. Бұл уақыт аралығында көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Қазір Президенттің шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейді. 2029 жылы ол Конституция аясында кез келген шешімді қабылдай алады: президенттік миссиясын аяқтауы да мүмкін немесе қажет деп тапса, сайлауға қайта түсу жөніндегі конституциялық құқығын пайдалана алады.
Жеке өз басым Тоқаевтың жаңа мерзімге баратынына сенбеймін.
Меніңше, оның мақсаты – келесі президенттікке жол ашу емес, ертеңгі күні саяси айла-шарғыға айналуы мүмкін құқықтық дауға нүкте қою болды.
Тоқаев – Назарбаев емес
Назарбаев ережені өз ыңғайына бұрып, оның игілігін өзі ғана көрді. Бұл, сайып келгенде, елді терең саяси дағдарысқа тіреді.
Конституциялық соттың бүгінгі шешімі – ең алдымен құқықтық сұраққа берілген жауап. Ал қазіргі Президент бұл құқықты қолдана ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді.
Бірақ, меніңше, бұдан да маңыздырақ бір жайт бар: мемлекет ертең саяси дағдарыстың қайнар көзіне айналуы мүмкін белгісіздіктің алдын алып, күрмеуі көп мәселенің түйінін ертерек тарқатты.