Ресейдің түкпір-түкпірінде украиналық дрондардың соққысына ұшыраған Wildberries маркетплейсінің қоймалары өртеніп жатыр. Компания жалма-жан логистикалық инфрақұрылымының бір бөлігін қауіпсіз аймаққа көшіру мүмкіндігін қарастырып, Қазақстанға көз салды. Егер бұл жоспар жүзеге асса, Wildberries-тің Қазақстанға келуі ел экономикасы үшін күтпеген мүмкіндікке де, үлкен сын-қатерге де айналуы мүмкін. Бұл бастаманың пайдасы басым ба, әлде тәуекелі көп пе? Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Шілде айының ортасынан бері украиналық дрондар Wildberries компаниясының Ресейдегі 19 қоймасына соққы жасады. Салдарынан 12 қойма ішінара өртенген немесе түрлі деңгейде зақымданған. Жалпы алғанда, шабуыл шамамен 1,47 миллион шаршы метр қойма аумағын қамтыған. Оның 1,16 миллион шаршы метрі бүлінген. Бұл компанияның жалпы қойма қуатының 22 пайызына тең.
Дрондар Қырымнан бастап Оралға дейінгі ұлан-ғайыр аумақтағы нысандарға соққы жасап жатыр. Шабуылдар жақын арада тоқтайтынына сенім жоқ. Қазірдің өзінде шабуылдар салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Ал алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын 280 миллиард рубльге жеткен, яғни 1,6 триллион теңгеден асып жығылады.
Осындай жағдайда Wildberries Қазақстанға үмітпен қарап отыр. Өйткені әзірге оның еліміздегі қоймалары қалыпты жұмысын жалғастырып келеді.
Ресейлік ақпарат көздерінің мәліметінше, Wildberries Қазақстанды өз қоймалары үшін сенімді «қосалқы алаң» ретінде қарастырып отыр. Ең бастысы – қауіпсіз деп есептейді. «Коммерсант» басылымының жазуынша, компания алдын ала келісім жасалған нысандардан бөлек, қосымша шамамен 100 мың шаршы метр логистикалық алаңға мұқтаж. Wildberries қоймаларын Қазақстанға көшіретінін ресми түрде растаған жоқ. Соған қарамастан, бұл ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Кейбір қоғам белсенділері Wildberries үшін қосымша қоймалар салуды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, бұл инвестиция тартуға және ел экономикасының дамуына серпін береді. Ресейлік маркетплейстің келуінен ұтуы мүмкін өңірлердің қатарында Маңғыстау облысы да аталады.
– Ресеймен шекаралас өңірлерде ірі қоймалар салу мәселесі өте өзекті болып тұр. Ресейлік компаниялар логистикалық жүйесін сол жаққа көшіруі мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда Wildberries-ке лайық кең қоймалар бізде шекаралық аймақтарда ғана емес, жалпы ел бойынша жоқтың қасы. Сондықтан оларды шұғыл түрде салу қажет, – дейді саясаттанушы Марат Шибұтов.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те Ulysmedia.kz тілшісіне берген пікірінде Қазақстанда қойма тапшылығы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылым шетелдік компанияларға ғана емес, отандық бизнеске де қажет. Сондықтан жаңа логистикалық нысандардың салынуы – оларды кім пайдаланатынына қарамастан, ел экономикасы үшін пайдалы.
– Әрине, мұндай қоймалар салынуы керек. Бұл – қажет болған жағдайда басқа мақсатқа да бейімдеуге болатын әмбебап нысандар. Егер қойма жетіспесе, жаңасын салу қажет. Оның үстіне еліміздегі барлық қойма Wildberries-тің иелігіне беріледі деп ойламаймын. Меніңше, ортақ шешім қабылданады. Егер Wildberries немесе оның мүддесін қорғайтын тараптар мұны табанды түрде сұраса, Қазақстан белгілі бір шекте икемділік танытуы мүмкін. Мәселен, жаңа қоймалар салуға инвестиция құюды ынталандыратын қосымша тетіктер енгізілуі ықтимал. Ең бастысы – бұл нысандар Қазақстан аумағында орналасады, – дейді Ғазиз Әбішев.
Алайда Қазақстанда Wildberries-тің ықтимал «көшіне» оң қабақ таныта бермейтіндер де бар. Бұл бастамаға қарсы тараптың уәжі мынадай: егер украиналық дрондар Ресейдің түкпір-түкпіріндегі қоймаларға соққы жасап жатса, Қазақстандағы қоймалар қауіпсіз болады деген кепілдік бар ма? Оның үстіне, физикалық қауіптің өзін есепке алмағанның өзінде, Астана саяси тәуекелдерге тап болмай ма?
Дегенмен сарапшылар Қазақстандағы Wildberries қоймаларына шабуыл жасау қаупі өте төмен деп есептейді. Сондықтан компания логистикалық жүйесін қайта құруға кететін шығынды көтеруге дайын.
– Біздің аумақ – тәуелсіз мемлекеттің жері. Тіпті Қазақстан аумағында орналасқан нысан толықтай ресейлік компанияға тиесілі болса да, оған Украина тарапынан соққы жасалса, бұл Қазақстанның егемендігіне қол сұғу болып саналады. Меніңше, бұған ешкім бармайды. Қазақстан аумағына қасақана соққы беру іс жүзінде елімізге жасалған шабуылмен тең. Сондықтан дәл осы себептен мұндай қоймаларды біздің елде орналастыруға мүдделі болып отыр, – дейді Ғазиз Әбішев.
Екінші жағынан алғанда, Украина Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына да бірнеше рет соққы жасаудан тартынған жоқ. Киев бұл шабуылдарға қатысы барын мойындамайды. Алайда ұшқышсыз ұшу аппараттары қазақстандық мұнайды тасымалдауға шыққан танкерлерге қайта-қайта шабуыл жасап келеді. Мұндай жағдайда украиналық әскери күштер Wildberries қоймаларын да «заңды нысана» деп таныса ше?
– Саяси тәуекелдер жоқ емес. Бірақ қарапайым коммерциялық қойманы Каспий құбыр консорциумының нысандарымен тікелей салыстыру дұрыс емес. КҚК – стратегиялық энергетикалық инфрақұрылым, ал кәдімгі қойманың тәуекел деңгейі мүлде басқа. Соған қарамастан, тауар ағынының шығу тегі, санкциялық тәуекелдер және сақтандыру мәселесі мұқият тексерілуі керек. Қандай да бір шығын туындаса, оның жауапкершілігін Қазақстан мемлекеті емес, инвестор көтеруге тиіс, – дейді Revorus қазақстандық платформасының негізін қалаушы, экономист Әнуар Бақытханов.
Wildberries әзірге Қазақстан билігінен қандай да бір көмек сұраған жоқ. Компанияның елімізде шамамен 40 мың шаршы метр қойма алаңы бар. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая түседі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астана мен Алматыда жалпы аумағы 260 мың шаршы метрден асатын жаңа Wildberries логистикалық орталықтарын іске қосу жоспарланған.
– Бұл – жаңадан көтерілген бастама емес. Аталған жобалар бұған дейін жарияланған және компанияның жергілікті бөлімшесін ұзақ мерзімді дамыту стратегиясының бір бөлігі саналады. Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Сондықтан қазіргі жағдай бұл жоспарларға әсер еткен жоқ, – деді Шаққалиев Үкіметтегі брифингте.
Қазақстанда Wildberries арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлер мен осы платформаның қызметін пайдаланатын тұтынушылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан олардың сұранысын қамтамасыз ету үшін қойма алаңдарын кеңейту бәрібір күн тәртібіне шығатын мәселе еді. Алайда бұл онсыз да жоғары болып тұрған қойма тапшылығын күшейтіп, сақтау орындары үшін бәсекені одан әрі ушықтыруы мүмкін. Сол себепті билік бұл мәселеде барлық артықшылықтар мен қауіп-қатерді мұқият саралауға мәжбүр болады.
– Жаңа қоймалар салу мен қолданыстағы қойма орындарын иелену – екі бөлек мәселе. Егер Wildberries өз қаржысына жаңа инфрақұрылым тұрғызып, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын кеңейтсе, бұл Қазақстан үшін тиімді. Ал егер компания онсыз да тапшы қойма орындарының басым бөлігін иеленіп алса, отандық бизнес жалдау ақысының қымбаттауына және қойма жетіспеушілігінің одан әрі ушығуына тап болады. Сондықтан мемлекеттік қолдау елдегі жалпы қойма инфрақұрылымын нақты ұлғайтатын жобаларға ғана көрсетілуі керек, – дейді Әнуар Бақытханов.
Маркетплейстің өз мәліметінше, бүгінде оның платформасы арқылы Қазақстандағы 118 мыңнан астам кәсіпкер сауда жасайды. Ал компанияның жергілікті кеңсесі бұл көрсеткішті 46 мың деп көрсетеді. Сол кәсіпкерлердің басым бөлігіне шабуыл кезінде өртеніп кеткен тауарлары үшін өтемақы төленген.
Украиналық дрондардың Wildberries қоймаларына жасаған шабуылдары салдарынан қазақстандық кәсіпкерлердің шеккен шығыны 1,5 миллиард теңгеден асуы мүмкін. Әзірге бұл – алдын ала есеп. Дегенмен осының өзі Wildberries-тің Қазақстан нарығында қаншалықты орнығып үлгергенін аңғартады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандық кәсіпкерлерді өз тауарларын өткізетін маркетплейсті таңдағанда мұқият болуға шақырды. Оның сөзінен отандық платформаларға басымдық берген жөн деген ұстаным байқалды.
– Кәсіпкер де, тұтынушы да маркетплейсті таңдағанда ең алдымен баға мен сапаның арақатынасына, сондай-ақ жеткізу жылдамдығына мән береді. Соған қарамастан, Қазақстанның Сауда министрі ретінде мен әрдайым еліміздің бәсекелік артықшылықтарын барынша тиімді пайдалануға шақырамын, – деді министр.
Алайда әзірге қазақстандық маркетплейстер бұл артықшылықтарды толық пайдаланып отыр деу қиын. Wildberries Қазақстандағы ең танымал сауда платформаларының бірі болып қала береді. Оның қатарында ресейлік Ozon мен қытайлық Pinduoduo секілді маркетплейстер де бар. Отандық онлайн-дүкендердің танымалдығы артып келе жатқанына қарамастан, қамту ауқымы, тапсырыс беру пункттерінің саны, сатушылар мен тұтынушылар базасы жағынан олар әзірге шетелдік ойыншылармен теңесе алмай отыр.
Wildberries үшін Қазақстандағы жобалар – қойма желісін кеңейту, өз жеткізу жүйесін қалыптастыру – бизнесті дамытудың табиғи кезеңі. Алайда бұл жоспарлардың маркетплейстердің қызметін қатаң реттеу арқылы ішкі бөлшек сауданы қолдауға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген Үкімет саясатына қаншалықты сәйкес келетіні – басы ашық мәселе.
– Егер мемлекет бір жағынан шетелдік онлайн-саудаға шектеу қойып, екінші жағынан жекелеген шетелдік платформаларға ерекше жағдай жасаса, онда қайшылық туындайды. Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – барлығына ортақ әрі әділ ереже орнату. Бұл – салық төлеу, тұтынушылардың құқығын қорғау, тауар сапасын бақылау және сатушылар үшін ашық талаптар. Егер шетелдік компания қандай да бір жеңілдікке немесе инфрақұрылымдық қолдауға ие болса, оның есесіне Қазақстан инвестиция, жаңа жұмыс орындары және жергілікті сатушылардың компания логистикасына толыққанды қол жеткізу мүмкіндігін алуы тиіс, – дейді Әнуар Бақытханов.
Егер Wildberries логистикалық инфрақұрылымының бір бөлігін Қазақстанға көшірсе, бұл ішкі бөлшек саудаға қосымша қысым түсіруі мүмкін. Әрине, ресейлік маркетплейспен бәсекелестік салдарынан шағын сауда толық жойылып кетеді деуге болмайды. Бірақ шетелдік ойыншыларға Қазақстанда жаңа даму нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік бермес бұрын, оның отандық шағын бизнеске қалай әсер ететінін жан-жақты бағалау қажет.
Үкімет бірнеше жылдан бері маркетплейстердің агрессивті экспансиясына шағымданып келе жатқан бөлшек сауда өкілдерін қорғауға тырысып отыр. Сондықтан бұл мәселеде қайсысы басым түсетіні әзірге белгісіз: протекционизм бе, әлде прагматизм бе?
– Болашақ бәрібір өткенді жеңеді. Егер келешек маркетплейстердің, жеке тапсырысқа бейімделген жеткізу қызметінің еншісінде болса, ол бәрібір жеңіске жетеді. Үкімет қанша жерден бөлшек сауда өкілдерін қорғауға тырысқанымен, бүкіл әлем маркетплейстер мен ірі қоймаларға бет бұрып келеді. Ертең дәл осы қоймалардан дрондар тауарды сатып алушыға тікелей жеткізетін болады. Үкімет те мұнымен санасуға мәжбүр. Өйткені жаһандық үрдістерге қарсы тұру мүмкін емес, – дейді Ғазиз Әбішев.
Екінші жағынан, Wildberries инфрақұрылымының кеңеюі осы платформа арқылы сауда жасап жүрген қазақстандық кәсіпкерлерге де тиімді болуы мүмкін. Ел ішінде қоймалар көбейсе, логистикалық шығын азайып, жеткізу жылдамдайды, сәйкесінше табыс көлемі де артуы ықтимал.
– Қазақстандық сатушылар үшін жағдай расында да жеңілдеуі мүмкін: жеткізу мерзімі қысқарады, тауарды қайтару үдерісі жеделдейді, логистика тұрақтырақ болады. Бірақ бұл үшін қоймаларға қолжетімділік бәріне бірдей болуы және тарифтер қолайлы деңгейде сақталуы қажет. Егер қойма орындарының басым бөлігін шетелдік сатушылардың тауары алып қойса, онда жергілікті бизнес мұның оң әсерін айтарлықтай сезіне алмайды, – деп ескертеді Әнуар Бақытханов.
Қорытындылай айтқанда, Wildberries қоймаларының Қазақстанға көшірілуінен жергілікті кәсіпкерлер де, мемлекет те ұтуы мүмкін. Өйткені жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық көлемі артады. Сонымен қатар бұл бөлшек сауданың онлайн форматқа көшуін жеделдетіп, Қазақстан нарығындағы шетелдік ойыншылардың ықпалын күшейте түседі.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, сауда, логистика және отандық маркетплейстердің дамуы елдегі өнеркәсіптің жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті бизнесті қолдаудың ең тиімді жолы – өндірісті дамыту.
– Wildberries қоймаларында сақталатын күнделікті сұранысқа ие тауарлардың барлығы – күрделі технологиялық өндірістің жемісі. Мұндай өнімдер, әдетте, экономикасы әртараптанған, өңдеуші өнеркәсібі жақсы дамыған елдерде шығарылады. Белгілі бір деңгейде мұны қуатты өңдеу өнеркәсібінің жанама нәтижесі деуге болады, – дейді сарапшы.
Сондықтан Wildberries қоймаларының Қазақстанда орналасуының өзін біржақты жақсы немесе жаман құбылыс деуге болмайды. Бұл – еліміздің инвестициялық тартымдылығы мен нарықтың қазіргі ахуалын көрсететін көрсеткіш. Wildberries-ке жағдай жасау арқылы Қазақстан қосымша инвестиция тартып, логистика саласының дамуына серпін бере алады. Бірақ қойма тапшылығын жойып, отандық және шетелдік маркетплейстерге тең мүмкіндік жасау үшін бірыңғай экономикалық саясат қажет. Өкінішке қарай, мұндай жүйелі бағдарлама әзірге жоқ.