Соңғы 10 жылда  Қазақстанда орын алған ең ірі орман өрттері қандай?

Ulysmedia

«Семей орманы» аумағындағы қайғылы оқиғаға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды. Қазақстан өз тарихында 12-рет Аза тұтуда. Өткен жылдан бері қазақстандықтар тілсіз жаудың зардабын тартып келеді. Ulysmedia тілшісі Қазақстанда орын алған ең ірі орман өрттеріне шолу жасады.  

фото: ашық дереккөзден

2023 жыл 8 маусым «Семей орманы» аумағында алапат өрт орын алып, салдарынан 14 адам көз жұмды. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды. Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында болып, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

2022 ЖЫЛ ҚОСТАНАЙ

Қостанадайғы өрт 2 қыркүйекте сағат 15:10-да басталған. Оттың таралуына жоғары температура мен секундына 20 метрге дейін болған екпінді жел ықпал етті. Бұл өрттің орман алқабының үлкен аумағына таралуына әкеліп, «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ, «Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі» КММ және Әулиекөл ауданының бірнеше елді мекендері – Аманқарағай және Озерное ауылдарының аумағын қамтыды.

Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 327 рет су шашты. Барлығы 2091 адам эвакуацияланды. 12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттар, күйіктер алып, уланған. 1935 жылы туған бір адам қаза тапты. Өрт аумағы 43 мың гектарды құрады. Екі елді мекендегі 91 тұрғын үй жанып кетті.  Өртті 700-ден аса құтқарушы сөндірді. 7 қыркүйек күні сағат 15:00-де Қостанай облысында болған ірі өрт өшірілді.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өрттің шығуына адам факторы себеп болғанын мәлімдеді.  Облыстағы орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру) және 2-бөлімнің 204-бабы (Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады.

Нәтижесінде өрттің орын алуына жергілікті тракторшы кінәлі деп танылып, 2022 жылғы 22 желтоқсанда Әулиекөл аудандық соты 44 жастағы Александр Рапейкоға қатысты үкім шығарды. Сот ер адамды «орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермеді» деп таныды. Айыпталушы өз кінәсін мойындап процессуалды келісімге барып,  шартты түрде бір жылға бас бостандығы шектелді.

Біріккен Араб Әмірліктері Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллион доллар көлемінде көмек көрсетті.  Eurasian Resources Group өрттің салдарын жоюға 1 миллиард теңге бөлді.

2021 ЖЫЛ РИДДЕР

2021 жылғы 10 мамырда Қазақстанның шығысында, Риддерде ірі өрт болды.Тілсіз жаудың кесірінен 300 гектарға жуық орман шаруашылығы өртеніп, 51 учаске зардап шекті, 31 тұрғын үй толығымен өртенді, 37 қосалқы ғимарат, алты автомобиль, автокөлік шеберханасы қирады. Өртті сөндіруге 86 бірлік техника, екі тікұшақ және 500-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды.

Қайғылы оқиғада 1948 жылы туған әйел қайтыс болды, тағы екі ер адам реанимация бөліміне жатқызылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Келтірілген материалдық шығын 252 млн теңгеден асты.

Кейіннен өрттің шығуына кінәлі адам анықталды. Белгілі болғандай, 36 жастағы Риддер тұрғыны кәуап пісірмек болып, от жаққан. Өрт лезде жақын маңға таралып кеткен, жалынды өздігінен өшіре алмайтынын түсінген тұрғын  оқиға орнынан қашады. Тергеу барысында күдіктінің тұлғасы анықталып, 2022 жылғы мамырда сот қазақстандықты екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Төрт айдан кейін зардап шеккендерге жаңа үйлер берілді

 2019 ЖЫЛ ПАВЛОДАР

2019 жылы Қазақстанның солтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланып, өрт Павлодар облысының аумағына тарады. Аймақтағы өрт жағдайы ауа-райына байланысты күрделене түсті, ал секундына 15-16 метр қатты жел сөндіруге кедергі келтірді. Өрт шамамен 100 гектар жерді басып алған.

2018 ЖЫЛ ШҚО

2018 жылғы 21 мамырда «Семей орманы» резерватының аумағында орман өрті орын алып, 300 гектардан астам аумақты қамтыды. Өртті сөндіруге барлығы 70 бірлік техника мен 300-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Қайғылы оқиғадан 20 адам көз жұмып, 2,3 мыңға жуық мал тірідей жанып кетті. Аталған апат соңғы 15 жылдағы ең үлкен өрт деп танылды. Өрттен келген шығын сомасы 78 млн теңгені құрады.

 

2015 ЖЫЛ КҮРШІМ

2015 жылғы шілде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қытаймен шекарадан екі шақырым жерде табиғи өрт орын алды. Марқакөл орман шаруашылығында өрттің ауданы 700 гектарды құрады, оның 200 гектары орман жабылған аумағын алған. Жағдайды бақылау үшін екі МИ-2 және МИ-8 тікұшақтары аспанға көтерілді. Шығыс Қазақстан облысы ТЖД орманшыларына көмек ретінде 120 адамнан тұратын қосымша күштер мен қаражат жіберілді. Өрт орнында барлығы 274 адам жұмыс істеді.

2015 ЖЫЛ ШҚО

2015 жылғы тамыз Шығыс Қазақстан облысында ірі табиғи өрт болды. Екі күн бойы өрт сөндірушілер Зайсан ауданында дала өртіне қарсы күресті. Айнабұлақ ауылдық округінің «Бәйгетөбе» және «Сандықтас» ашық учаскелерінде құрғақ шөп өртенген. Өрттің ауданы 500 гектарды құрады. Өрт орман алқабына жайылып, 10 гектар орманды жойды.

 Айта кетейік, жаз басталмай тұрып Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев жыл басынан бері 122 орман өрті тіркелгенін, өрттің жалпы ауданы 19 мың гектардан асты, келтірілген залал сомасы 51 млн теңгеден асқанын мәлім еткен болатын. Статистика деректерінше, жыл сайын елімізде   800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Өткен жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелген, өрттен 167 мың гектар орман алқабы жойылды, экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей материалдық залал 6 млрд теңгеден асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орман өрттерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан (194 жағдай), Ақтөбе (123 жағдай), Павлодар (114 жағдай), Қостанай (100 жағдай) облыстарында тіркелді.

                                                                                                Айжан Қалиева