Секс-қызмет көрсетушілердің Kyzdar.Net сайтын министрлік неге бұғаттай алмай отыр?

Ulysmedia

Ағымдағы жылдың наурыз айында Ішкі істер министрлігі республика аумағында Kyzdar.Net веб-сайты арқылы секс қызметпен айналысатын адамдардың жарнамасын жасап, онлайн жеңгетайлықпен айналысқан 11 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтап, аталмыш сайтты бұғаттау жөніндегі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. Алайда, қанша уақыт өтсе де қоғамдағы жезөкшеліктің таралуына бірден-бір себепші сайттың әлі де өз жұмысын жасап тұрғаны бізді қызықтырды. Осыған орай өз зерттеуімізді жүргізіп көрдік.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Жақында YouTube желісіндегі «AIRAN» каналының арнайы шығарылымында әлемдегі ескі мамандық аталатын секс қызмет көрсетушілерінен алынған бірнеше сұқбатта спикерлер сайттың әлі де қызмет көрсетіп тұрғанын және бұл бизнес екенін, оған полиция қызметкерлерінің де байланысы бар екенін атап көрсетеді. Осы жерде сұқбат беруші күніне орта есеппен сайтқа 10 мың теңге төлейтіндіктерін де айтады.

Дәл қазір жұмыс жасап тұрған сайттың егізінде жалпы Қазақстан бойынша 7185 жарнама орналастырылған, үлкен елді-мекендерден бірінші орында 1833 анкета Алматы қаласы бойынша, ең азы 2 анкета Маңғыстауда ғана.

ІІМ ресми мәліметінде сайтқа жыныстық сипаттағы 6 мыңға жуық хабарландыру салынғаны және наурыз айында ұсталған қылмыстық топтың жалпы ақша айналымы 8 млрд теңгені құрап, (орташа алғанда жылына 2 млрд теңгеден), күніне 2 млн теңгеге дейін пайда түсіргені туралы айтылады.

Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің «Жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық» деген 309-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Айта кететін, бұл ұсталған сайттың иелері (кей ақпарат көздері иелері деп жазған) емес, тек қана ортадағы делдал-менеджерлерден тұратын бір ғана қылмыстық топ.

Жоғарыда аталған 7185 анкетаның қызметі үшін төленетін орташа төлемді анкета санына көбейтетін болсақ, 7185*10 000=71 850 000 шығады, яғни сайттың жалпы алғандағы бір күндік табысы.  Айына 2 млрд., жылына 25 млрд. аса теңгені құрайды.

Мәселен, шағын қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға 2022 жылы республикалық бюджеттен 25,8 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға өңірлерде: инфрақұрылым, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешендерін және де тағы да басқа бағыттарды дамытуды көздеген.

Енді бұл жерде әлі де қанша қылмыстық топтың болуы мүмкін екендігін ойлай беріңіз.

Ортадағы делдал-менеджерлер тек қана теңгені биткойнға айналдырып онлайн платформаның нақты иелеріне сол қаржыны жеткізушілер ғана екенін атап өткіміз келеді. Және «қылмыстық топ» деп ұсталып жатқан ортадағы делдалдар. Ал веб-сайттың жаңа егіздерінде мұндай делдалдар тағы да тұр және ашық мәліметтерін де көрсеткен.

 Мысалы: 

Қазақстанда барлық ұялы байланыс нөмірлерінің арнайы жеке куәлікке тіркелетінін және Каспи банкінің базаларында да деректердің болатынын ескерсек, бұл азаматтарды да құқық қорғау органдары өз назарларына алады деп үміттенеміз. Бірақ дәл осылай ашық жеке деректерін ашық интернетке қою, алдыңғы ұсталған қылмыстық топқа қатысты сот ісі жүріп жатса да қорықпай, белсенді өз қызметтерін ұсынып жатқаны көкейде көптеген сұрақ тудырады.

Веб-сайттың ескі нұсқасы латвиялық серверлерде орналасқа болса, жаңа егіздері ресейлік серверлерде орналасқан. Ең жаңасы мамырдың бесінде тіркелген екен.

 Осы арада еріксіз, ескі американдық «The X-Files» сериалындағы «Ақиқат алыста емес» деген қанатты сөздер еске түседі.

Тағы бір көзге түскен дерек «Kyzdar.Net»-тің нағыз иелері өздерінің психологиялық-әлеуметтік бейнесі мен жеке құндылықтарын да жасырмайтындығы.  Тіркеу деректеріне «abuse» (қорлау) деп жазған.

Ішкі істер министрлігінің айтуынша интернет-ресурстарды бұғаттау саласындағы уәкілеттілік мемлекеттік орган ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиесілі.  Және ІІМ сайтты бұғаттау жөнінде тиісті хаттар жібергенін атап өткен.

Қазақстанда шұғыл бұғаттау жұмыстары саяси немесе әлеуметтік мазмұндағы сайттарға қатысты белсенді орындалатынын ескерсек, «Kyzdar.Net» сайтына саяси астары бар мақала шыққанын күтуіміз мүмкін.