Қазақстан билігі Илон Маск интернетін пайдалануға тыйым салды

Ғалиасқар Думан

Қазақстандықтар Илон Масктың Starlink интернетін жеке мақсатта пайдалануға болмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің байланыс саласындағы бақылау басқармасы басшысы Диас Төлегенов айтты. Ол Қазақстанда Starlink пайдалануға жеке тұлғаларға тыйым салынғанын хабарлады.

Сондай-ақ елімізде өз үйлерінде Starlink орнататын азаматтар бар екенін атап өтті.

"Бұл мәселе бойынша мұндай адамдар (Starlink орнататын) бар екенін айтайын. Тиісті органдар анықтап, нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өйткені қазіргі уақытта қолданыстағы нұсқада пайдалану қауіпсіздік талаптарына сай келмегендіктен қолданыстағы заңнаманы бұзады. Пилоттық жоба аясында техникалық жұмыстар аяқталмайынша, бұл заңсыз болып есептеледі", – деді Диас Төлегенов.

Егер сіз Starlink интернетін сатып алған болсаңыз, онда  заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолдана аласыз.

Осылайша, қазақстандықтарға Starlink-тен интернетті пайдаланғаны және таратқаны үшін айыппұл салынуы мүмкін.