Бектеновтың кабмині: үкімет құрамы толық жасақталды

Аян Өрібай

Бірер министр ауысқаны болмаса, Әлихан Смайыловтың кезіндегі басшылардың дені лауазымын сақтап қалды,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Кімдер орнын сақтап қалды

Роман Скляр үкімет басшысының бірінші орынбасары, ал Тамара Дүйсенова, Серік Жұманғарин да орынбасар лауазымында қалды. Екеуі де алдыңғы премьердің кезінде жұмыс істеген.

Сонымен бірге, Мұрат Нұртілеу премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі, Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі, Ержан Сәденов те ішкі істер министрі қызметін жалғастырады.

Лауазымын сақтап қалған басшылардың қатарында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, әділет министрі Азамат Есқараев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көлік министрі Марат Қарабаев пен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бар.

Жаңа министрлер 

Министр қызметіне келгендер көп емес. Ажар Ғинияттың орнын сенатор Ақмарал Әлназарова басты. Ұлттық экономика министрлігіне Нұрлан Байбазаров келсе, Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайлар министрі, Мәди Тәкиев қаржы министрі болып тағайындалды.

Еске сала кетейік, 6 ақпанда Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы үкіметінің басшысы болып тағайындалды.  

Тоқаев Бектеновтың кандидатурасын Аманат партиясы ұсынғанын, оны өзі де қолдайтынын айтты. Осыдан кейін сөз алған Қазақстан халық партиясы, ЖСДП партиясының басшылары Бектеновтың кандидатурасын қолдамай, қалыс қалатынын мәлімдеді. Ал Аманат, Республика, Ақжол, Ауыл партиясы Бектеновтың кандидатурасын қолдады.

69 депутат Бектеновтың кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.

 Олжас Бектеновтың кандидатурасын «Amanat» партиясы ұсынған еді.