ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында бір сыныптағы бала саны 25-тен аспау керектігін айтты деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мектептердегі орын тапшылығы өте өзекті мәселе. Мен биылғы Жолдауымда 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бердім», – деп нұсқаған Мемлекет басшысы құзырлы орындардың жұмысы осы жайтқа қатысты бағаланатынын атап өтті. Сонымен қатар, әкімдерге мектеп құрылысына жер телімін алдын ала бөлуді жүктеді.
Осы орайда еске сала кетсек, биыл астана маңындағы Қосшы қаласындағы бір ғана мектепке 1-сыныпқа 700 бала барды. Қазір 1 200 оқушыға арналған мектепте 4 мыңға жуық бала оқып жатыр. Олар 3 ауысымда оқиды. Соңғы ауысым сабақты сағат төртке қарай бастайды. Балалар кешкі 8-ге дейін мектепте жүруге мәжбүр. Еске салсақ, бұрынғы Қосшы ауылы жақында қала мәртебесін алған. Ресми мәліметке сәйкес, елдімекенде 30 мың адам тұрады. Қалада екі мемлекеттік, бір жекеменшік мектеп бар. Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда мектептердегі орын тапшылығы 500 мыңға жетуі ықтимал.
«Бір сыныптағы балалар саны 25-тен аспауы тиіс. Осы стандарттың сақталуын қамтамасыз ету қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.