Nur Otan биыл съез өткізуі екіталай - Байбек

Ulysmedia

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты партия басшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылданатын «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінің жуық арада өтуі екіталай. Бәлкім 2022 жылы өтуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

«Съез үлкен дайындықты қажет етеді. Бізде 3,5 мың бастауыш ұйым бар. Одан кейін аудандық, облыстық конференциялар ұйымдастырылғаннан кейін барып қана күн тәртібін құру қажет. Осының барлығын зерттейтін жұмсы тобы құрылу тиіс, бұл уақытты қажет етеді», –  деген Бауыржан Байбек дүйсенбі күні съездің өтуіне қатысты журналистердің сауалдарына жауап берді.

Ол билік партиясы төрағасының өкілеттіктерін беру туралы саяси шешім қабылданғанын, бірақ бұл шешім съезден кейін ресімделетінін баса айтты.

«Бұл съездің айрықша құзыреті деген пікірлер айтылды. Соған сәйкес жарғыға өзгерістер енгізіліп, кезектен тыс съез шақырылуы тиіс. Ал бұл мәселе шешіледі», – деді Байбек съездің күн тәртібіне тоқталып.

Сондай-ақ ол съез осы жылдың соңына дейін өтуі мүмкін екенін жоққа шығарды.

«Менің ойымша, қазір басты күн тәртібі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, алда мерекелер көп. Мұны түсінуіміз керек деп ойлаймын», – деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, «Нұр Отан» партиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасының өкілеттігін беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын. Оның ойынша, қазіргі президент партия төрағасы болуы керек.