Қазмұнайгаз оңтүстікте бензин тапшылығы барын жоққа шығарды

Ulysmedia

«ҚазМұнайГаз» еліміздің оңтүстігіндегі бензин жағдайына қатысты еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыты қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет: ашық дереккөзден

«Желтоқсанның 9-ы күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкент қаласының және Түркістан облысының жанар-май құю бекеттерінде бензин тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қазіргі уақытта барлық үш қазақстандық мұнай өңдеу зауыты қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын мәлімдейді. Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспардан тыс орындалуда», – дейді ұлттық компаниядан.

Компания дерегінше, Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне шамамен 6 мың тонна бензин өндіріп шығарады. Бұл көлемнің шамамен 2 мың тоннасы Түркістан облысына жөнелтіледі.

«Осылайша, Шымкент өңдеу зауыты тарапынан өңірде бензин тапшылығын тудыратындай еш негіз жоқ», – деп сендірген қазмұнайгаздықтар бұдан бөлек, ресми тұлғалардың бензин тапшылығы Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеумен байланысты дегені шындыққа жанаспайтынын айтады. Себебі ПМХЗ-да жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталған.

ҚМГ диспетчерлік-сараптау орталығының деректеріне сәйкес, осы жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша Түркістан облысының мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензин қоры 15,4 мың тоннаны құрайды, бұл облыстың 12 күндік тұтынуына тең.