Курчатовта ғылыми қалашық ашып, АЭС сала ма: Бектенов депутат ұсынысына жауап берді

Ғалиасқар Думан

Премьер-министр Олжас Бектенов сенат депутатының Курчатов қаласына ерекше мәртебе беріп, ғылыми қалашық құру, сол жерге АЭС салу мүмкіндігін қарастыру туралы бастамасына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Бектенов ғылыми қала туралы ұсынықа жаңа заң қаылданғалы жатқанымен жауап берді.

“Қазіргі уақытта үкімет қарауында мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген екі заң жобасы бар:

  1. 2023 жылғы 12 тамызда ұсынылған «Ғылымды қажет ететін аумақтарды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы
  2. 2023 жылғы 17 қыркүйекте ұсынылған «Ғылымды қажет ететін аумақтар туралы» заң жобасы

Бұл заң жобалары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган тарапынан мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге қаралуда” делінген Бектенов жауабында.

Ол заң жобаларын қарау қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Ал Курчатов қаласы аумағында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша ұсынысқа АЭС салуға арналған арнайы орын белгіленіп қойғанын айтып жауап берді.

“Атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, атом электр станциясын салуға арналған орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылы маңы анықталды” деп жауап берді Бектенов.

Курчатов – Абай облысындағы облыстық бағыныстағы қала. Ертіс өзенінің сол жағалауында Семей және Павлодар қалаларының аралығында орналасқан. 1991 жылы жабылған бұрынғы Семей ядролық полигонының орталығы. Қала кеңес физигі Игорь Курчатовтың есімімен аталады.