Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев БАҚ өкіліне маркетплейстердегі тауарлардың қымбаттауы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАҒА ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН
Үкімет отырысы барысында Шакқалиев шетелдік маркетплейстердің жұмыс ережелеріне Қазақстанда талап күшейетінін мәлімдеген еді. Алда электронды сауда алаңдарының иелері тіркеуден өтуге және бірқатар талапты сақтауға міндетті.
БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, министр кей болжам бойынша маркетплейстердегі бағалар 15% өзгеруі мүмкін екенін айтты. Журналистердің бірі, егер елде осы уақытқа дейін әдеттегі базарларда тәртіп орнатылмаса, ол жақты реттеуге тырысудың не үшін қажеті барын сұрады.
Сіз бізге былтыр базарларда тәртіп орнатуға уәде бердіңіз. Өкінішке қарай, біз тәртіп орнағанын көрмедік. Ығы-жығы базарлар тұрғанын білеміз, ал сіз қазір қазақстандықтар сатып алатын маркетплейстерді белсенді түрде қолға алдыңыз, өйткені ол жерде тауарлар арзанырақ. Осындай "жақсы жаңалықтарыңыздан" кейін ол жақтағы да тауарлар қымбаттап кетпей ме, — деп сұрады БАҚ өкілі.
ШАҚҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ
Жаңалықтар әрқашан жақсы, ал сіз позитивте болуыңыз керек. Базарларға келер болсақ, бізде екі жылдық жоспар бар. Былтыр бұл жұмыс аяқталған жоқ, бізде модернизация бойынша үлкен жұмыс бар, - деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шаққалиев шетелдік маркетплейстер үшін жаңа ережелер енгізілетінін айтқан болатын. Оларға Қазақстанда ресми тіркелуге, сондай-ақ тауарлардың қауіпсіздігі және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі талаптарды сақтауға тура келеді. 2024 жылдың 11 айында қазақстандықтар онлайн саудаға 3,2 трлн теңге жұмсаған.
ТАЛАП ҚАЛАЙ КҮШЕЙЕДІ
Үкіметтің бүгінгі отырысында электронды сауда мәселелері талқыланды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шетелден тауарға тапсырыс бергенде ол келмей қалатын мәселелерді реттеу қиын екенін мойындайды. Шаққалиевтің айтуынша, 2023 жылы шетелдік платформаларда жасалған сауда көлемі 1,3 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл елдегі жалпы онлайн-сатылымның шамамен 20%-ын құрайды. Кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 90% артқан.
Сауда министрлігінің мамандары шет елдердің заңнамалық базасына талдау жасаған. Халықаралық тәжірибе кешенді тәсілдерді қолданылатынын көрсеткен. Бұл тәсілдер коммерциялық ортаның қауіпсіздігін және ашықтығын қамтамасыз ету үшін платформалар мен тауарларға қатысты кешенді талаптарды енгізуді көздейді. Авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарды сату сияқты мәселелер бойынша салық заңнамасында «қатаң» талаптар енгізіліп жатыр.