Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында да, жобалық кеңсеге барған кезінде де министрлерге «шешім қабылдауда батыл болыңдар» деп айтып отыратынын мәлімдеген. Бұл сөзді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қалай түсінеді? Олар батыл бола алып отыр ма? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты екі министрге қойды.
ШАҚҚАЛИЕВ: МЕН СОЛАЙ ТҮСІНЕМ
Әуелі бұл сұраққа жауап берген Арман Шаққалиев сауда саласында батыл және жаңа тәсілдер болуы керек дейді. Айтуынша, Қазақстанның өз өнімін экспортқа шығару үшін жаңа тәсілдерді қолданып, батыл болу керек.
Бәсекелестік жағынан біз Орталық Азияда ешкімнен кем емеспіз. Екіншіден, өзіміздің ішкі нарықты қорғау үшін сапа және қауіпсіздік керек. Ол жағынан да біз де батыл болуымыз керек. Егер шешім қабылдар болсақ, біздің сауда серіктестеріне түсіндіріп айтып… Мысалы біз импортқа немесе экспортқа тыйым саламыз. Қандай себептер екенін, экономика жағынан, Қазақстан тарапынан не үшін шешім қабылдағанын… Мен солай түсінем. Біз өзіміздің қол қойып жатқан шешімдерге батылдық деген – бізге мүмкіндік беретін шешімдер болуы керек. Тұтынушылар жағынан, өндірушілер жағынан нарықты қорғайтын шаралар болуы тиіс, – дейді Шаққалиев.
МЫРЗАБОСЫНОВ: АҚЫЛДЫ БОЛЫП...
Туризм және спорт министрі әлем деңгейіндегі үлкен жетістіктерге жету, жан-жақты ғылыми тұрғыда шешімдерді қабылдай білуді батылдық деп түсінетінін айтты.
Олимпиада ойындарын алсақ, әлемнің 200 мемлекетінің ішінде батыл шешім қабылдаудан бөлек, сол жерден ақылды болып, ел ішіндегі әдістеме болуына жұмыс атқарып, әлемдік аренада жетістіктерге жету деп ойлаймын. Әдістемелер, жаңа оқу бағдарламалары, жасалып жатқан федерациялардың жұмыстары, өңірлермен жұмыс – бәрі осы бағытта деп ойлаймын, – дейді Ербол Мырзабосынов.
БАТЫЛЫН ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қойған ведомство басшыларына көңілі толмайтын сияқты. Бұл нышан кейінгі сөздерінен айқын байқалады. Мұндайда «бары осы» деп, шенеуніктерге ротация жасай бергеннен пайда бар ма? Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселеге үңіліп, сарапшылардың пікірін біліп көрген еді.
Тағы да оқыңыз: Қазақта шенеуніктің бәрі ақылды – батылын қайдан табамыз.