«Лайықты жігіттер Парламентте отыр»: Бапи Бектеновке депутаттарды Үкіметке алуды ұсынды

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи батыл шешімдерге бара алатын кадрларды тарту жөнінде үкіметке үндеу тастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжіліс

КАДР МӘСЕЛЕСІ

Бапи Бектеновке қарата бірінші кезекте ел мүддесін ойлайтын ондай оғлан азаматтарды бизнестен және азаматтық қоғамнан батыл іздеу керек деп мәлімдеді. Айтуынша, мемлекеттік аппаратта жылжымай жылдап отырған, лауазымдық жауапкершіліктен бұрын, жеке басының қауіпсіздігін күйттейтін, «сауысқаннан сақ», әбден сүрленіп біткен бұрынғы бюрократқа қарағанда, бізге елдегі өзгерістің бойына балғын қан жүгіртетін кадр қажет.

Айтпақшы, ондай «сен – тұр, мен – атайын» дейтін жұлынып тұрған және өзінің елін президентпен бірге өзгертуге құлшынысы қайнап тұрған жастар осы залда да отыр. Мен оларды өз көзіммен күнделікті көріп жүрмін. Бұлар нағыз президенттік талапқа лайық жігіттер! – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, ең бастысы – былықпен былғанбаған, азаматтық ерік-жігері таза жас депутаттарды атқарушы билікке «делегировать» ететін кез келген сияқты. Оларды мемлекеттік органдардың шарығында шыңдап, оты мен шоғына қақтап алып, нағыз мемлекетшіл тұлға қалыптастыру – халықтық қажеттілік болса керек!

Сонымен бірге, қоғам мен бизнестен немесе жоғарғы мектептен келген кадрлар қоғаммен батыл және шынайы сөйлесе алады. Олар мансап пен лауазымдық құзіретін қорғаштап, отырған орынына қауіп төндіруі мүмкін қорқыныштан қаймықпайды, билік мен қоғамның арасына батыл буфер бола алады. Қоғамға іскерлігімен, бизнестегі жетістігімен, мемлекетшіл азаматтық ұстанымымен танылған азаматтар елдегі әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдерге қатысты дүрмекті дабырасыз диалог үстелі басында шешуге әлдеқайда қабілетті келеді. Сондықтан, Олжас Абайұлы, «отаншыл мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз» деген президенттік тапсырманы үкімет мүшелеріне міндет етіп қойып, оның орындалу нәтижесін тексеріп отыруды сұраймын! – дейді ол.

Ермұрат Бапи нәтижені білікті, білімді және батыл шешімдер шығара алатын отаншыл кадр ғана жасайды деп мәлім етті.