Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов үкіметпен жұмыс барысында проблемалар барын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚОШАНОВ НЕ ДЕЙДІ
Қошановтың айтуынша, заңға сәйкес, қосымша қаржыны талап ететін ұсыныстар мен түзетулер Үкіметтің қорытындысын қажет етеді. Өкінішке қарай, Парламент заң жобаларын қарау барысында үнемі Үкіметтің қорытындыларын ұзақ күтуге мәжбүр. Кейде оларды 7 айға дейін күтеді.
Бұл жайт Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын, халық күтіп отырған маңызды заңдардың уақтылы қабылдануын кешеуілдетеді. Сондай-ақ қорытындыда депутаттардың бастамаларына қатысты Үкіметтің ұстанымы нақты болмайтын кездері де аз емес. Мәселен, депутаттар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобасымен жұмыс барысында Жер кодексінің бір бабына екі түрлі көзқарасты қамтитын түзетулер дайындады. Берген қорытындысында Үкімет ұсынылған екі нұсқаны да қолдады. Бұл – бір ғана мысал, дейді ол.
Парламент төрағасы сонымен қатар, кейбір мемлекеттік органдардың әрекеттері де жүйелі жұмысты қажет ететінін атап өтті. Мәселен, үкімет бір палатадағы депутаттардың түзетулерін қолдамайды. Алайда дәл сол түзетулерді басқа Палатада талқылау кезінде кенеттен олармен келісе кетеді. Яғни, мемлекеттік органдар қорытынды жобасын әзірлеуге атүсті қарайтыны байқалады.
Конституция бойынша, депутаттармен қатар Үкіметтің де заңға бастамашылық етуге құқы бар. Алайда заң жобасын өздері әзірлеу орнына, министрліктер мәселені депутаттардың түзетулері арқылы немесе Парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдыра бастады. Үкімет регламенті бойынша, түзетулерді заң жобасын Мәжілісте талқылау кезеңінде енгізу туралы норма бар. Бірақ министрліктер тарапынан ол нормаға тым жиі жүгіну орын алып отыр. Кейде ондай түзетулер тіпті жалпы отырыс өтетін күні келіп түсіп жатады. Осы сессияда аталған тармақ бойынша Үкіметтен келіп түскен хаттар саны екі есе артты, - дейді ол.
Мәжіліс төрағасы депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар мәселесін де арнайы айта кетті. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданған. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда, оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Қошанов бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр ететінін жеткізді.
Әрине, мемлекеттік органдар мен депутаттық корпустың бірлескен жұмысының жақсы үлгілері бар. Мысалы, ауыл халқының табысын арттыруда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, ауыл әкімдерін оқытуда және азаматтардың шамадан тыс қарыз алуы проблемаларын шешуде ортақ жұмысымыздан елеулі нәтиже көріп отырмыз. Сайлаушылардың талап-тілектері бойынша Үкімет есебін тыңдауға арналған отырыстарымыз да өз тиімділігін көрсетуде. Өңірлерге сайлаушылармен кездесуге барған сайын депутаттар халықтың бір жарым мыңнан астам мәселесі мен аманатын арқалап келеді, – дейді Қошанов.
Осы сессияда Парламент депутаттары
500-ден аса елді мекенге барып, азаматтармен 1200 кездесу өткізген. Онда көтерілген барлық мәселе Үкімет алдына қойылған.