Астананың қақ ортасында 800 теңгеге не сатып алуға болады? Душ. Ал 1300 теңгеге – кір жуу. Алғашында не үшін екені түсініксіз, бірақ ескі аудандарды аралай бастасаң, бәрі айқындала түседі. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар жақсы өмір іздеп келеді, алайда адамшылыққа сай емес жағдайда тұруға мәжбүр. Ulysmedia.kz Астананың «сыртқы көрінісінің ар жағында» өмір сүріп жатқан адамдармен тілдесті.
Президент Тоқаев 8 қыркүйектегі халыққа жолдауында “Астана “жарылып кеткелі тұр” деп ашық айтты. 400 мың адам бейресми тұрып жатыр, астана «резеңке қалаға» айналған.
Қаланың ескі бөлігіндегі Уәлиханов көшесімен жүріп келеміз. Мұнда жергілікті астаналықтарды кездестірмейсің – барлығы да бір кездері елордаға бағын сынауға келгендер. Қазір әркім өзінше күн көріп жүр: біреуі қолданыста болған заттарды сатады, екіншісі самса пісіреді, тағы бірі аяқ киім тігеді. Үйлердің бірінде «Душ – 800, кір жуу – 1300» деген хабарландыру ілулі тұр.
Көліктерге арналған тұрақтың қарсы бетіндегі ашық қақпалы үйдің қабырғасында «Бөлме жалға беріледі» деген хабарландыру көзге түседі. Үй иесі, жасы 60-тар шамасындағы ер адам, «тұрғын үйін» қуана-қуана көрсетіп жатыр. Кірсеңіз сарайдан жасалған бөлме екені бірден байқалады.
- Мұнда қызым тұрған еді, қазір Алматыға кетті. Бағасы 50 мың, бірақ егер жалғыз адам болса, 40 мың теңгеге беремін. Жылыту бу пешімен. Бірақ жарық үшін бөлек төлеу керек болады. Қызым пеш жағып тұрды. Суы да бар, – деп түсіндірді ол.
«Үйдегі су» дегені – қайдан келгені белгісіз, салқын су. Әдетте мұндай құбырды бақшаға, жерді суғаруға жүргізеді. Дәретхана сыртта орналасқан, түнде бару қорқынышты, ал қыста денсаулыққа қауіпті. Тұрғынжайдың есігі сыртқы ілмекті құлыппен жабылады, бар жайлылық осы.
- Мен хабарландыруды 20 минут бұрын ғана ілдім. Сіздер үшінші болып келдіңіздер. Тез жалға беремін, – деді үй иесі.
Ағылшын және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Валентина Сахненко Тараздан Астанаға мансап құру үшін келген. Бұған дейін ол Алматыда тұрып үлгерген, бірақ ол жақта жалға берілетін тұрғын үй бағасы аспандап кеткендіктен, кейін Қарағандыда тұрған. Қыздың айтуынша, ол оқушыларға онлайн сабақ береді, ал Астанада оған қосымша гид ретінде жұмыс ұсынған. Ол бас қала жұмыс пен тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп ойлаған, бірақ бәрі керісінше шықты. Жұмыс берушілер сенімін ақтамай, еңбекақысын төлемей «қалтасын қағып кеткен».
Валентина Астанада бөлме жалдап тұрады. Қарағанды трассасына қарай орналасқан жатақхана жеке үйдің ауласында салынған ғимарат, айына 65 мың теңге және жарық ақысын төлеу қажет. Валентинаның айтуынша, өзі секілді Петропавл мен Қызылордадан келіп, жұмыс істеп жүрген адамдар бар. Бәрінің де мақсаты бір – өз қалаларында лайықты жұмыс таба алмаған соң, ақша табу.
- Олар да, мен сияқты, Астананың шетінде, қаладан шыққанға жақын маңда тұрады. Барлық жерден тым алыс. Бөлмемде әжетхана болды, бірақ ас үй жоқ еді. Сол бөлмені үш күн тазалап кірдім. Оның үстіне онлайн жұмыс істеуге интернеті өте нашар болды, – деді ол.
Оның айтуынша, Астанада тұру өте қолайсыз: суық, адамдардың бәрі бейжай әрі немқұрайды қарайды.
- Астана – әдемі үлкен декорация секілді. Келіп көруге қызық, бірақ сахна сыртында өмір сүру жайлы емес, – деп қосты Валентина.
Ол елордада тұрақтап қалмайтынын айтты.
Жер кезегінде жеті жыл
Балалар ойыншықтарын сатушы Лейла есімді әйел базарда, мешіт маңында көп жылдан бері сауда жасап жүр. Өзін суретке түсіруге рұқсат берген жоқ. Ол жеті жыл бұрын Қостанай облысынан астанаға көшіп келген, бұрынғы күйеуінің туыстарымен бірге тұрғысы келмепті. Бірақ әлі күнге дейін өз баспанасы жоқ.
- Менің екі мектеп жасындағы балам бар, өзім тәрбиелеймін. Астанада жер аламын ба? Білмеймін. Қазір кезек тоқтап тұрған сияқты. Egov арқылы кезек өзгергені туралы хабарлама келіп тұрады. Бірақ ол жақтағы сандар қорқынышты – екі жүз мыңнан аса адам бар, – дейді ол.
Әйел Конституция бойынша мемлекет уәде еткен тегін 6 сотық жер кезегінде тұр. Тапқан табысы күнкөріске жеткенімен, ипотекаға бастапқы жарна жинай алмай жүр.
Қорқынышты сандар
Ресми дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда астана халқы 250 мыңнан астам адамға өскен. Тек былтырдың өзінде қалаға 100 мыңға жуық адам келген. Биыл одан да көп болуы мүмкін.
- Қала инфрақұрылымына түсетін күнделікті жүктеме іс жүзінде 1,9 миллион тұрғынға есептелген, ал ресми халық саны – 1,5 миллион, – деді президент Тоқаев 8 қыркүйектегі халыққа жолдауында.
Осылайша, 400 мың адам елордада «бейресми жағдайда» тұрып жатыр. Биліктің айтуынша, астана бюджетінің 60%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады, ал халық санының өсуіне ілесе беру үшін жыл сайын 15 мектеп салу қажет. Тоқаевтың сөзінше, 2022 жылдан бері елордада мұқтаж жандарға 7 мыңға жуық пәтер берілген. Оның ішінде 1380-і көпбалалы отбасыларға, 835-і жетім балаларға, 665-і мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген.
- Бірқатар облыс әкімдері корпоративтік салықтан түскен артық қаражатты тиімсіз жобаларға, мысалы, тас жолға брусчатка төсеп қоюға жұмсап отыр. Соның кесірінен халық астанаға ағылуда, өйткені мұнда әлеуметтік қызметтер мен жеңілдіктер бар, – деп түсіндірді Тоқаев.
Президент «ақша азаматпен бірге жүруі керек» деген радикалды шешім ұсынды. Яғни, жеңілдіктер үшін халықты Астанаға көшірмей, керісінше, адамдар тұратын жердің өзінде әлеуметтік саланы дамыту қажет. Бұл қағидат дұрыс сияқты естіледі, бірақ іс жүзінде қалай жүзеге асатыны үлкен сұрақ. Үкімет сондай-ақ көші-қонды бақылаудың цифрлық жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Осы арқылы кім, қайда және не үшін баратынын түсінуге болады.
Әзірге мыңдаған қазақстандық астанаға ағылып, сарайларда да, жатақханаларда да тұруға дайын. Бірі Валентина сияқты, тез көңілі қалып қайтып кетеді. Екіншісі Лейла секілді, жылдап үмітін үзбей, жақсы өмірді күтіп қала береді.
Авторы: Светлана Глушкова