Елімізде бірыңғай кеңістікте қызметтің барлық түрін алуға мүмкіндік жасалмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлім етті.
«Біздің стратегиялық міндетіміз - әрбір өмірлік жағдайды талдау, азаматтың нені бастан өткеретінін түсіну, кедергілерді жою және бәрін ыңғайлы әрі түсінікті процеске көшіру. Ол үшін фокус-топтар жиналып, нақты мемлекеттік органдар, CDO, басқа ұйымдар тартылады. Бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін оларды проактивті қызметтерге барынша ауыстыру жоспарлануда», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің сөзінше, ХҚКО-ның сервистік қызметтерін оңтайландыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
«Қазір Қазақстанда 324 орталық бар, өткен жылы оның 14-і жаңғыртылды, биыл тағы 50-ін жаңарту жұмысы жоспарланып отыр. Таяу болашақта елімізде барлық ұйым орналасқан және қазақстандықтар мемлекетпен өзара іс-қимыл жасай алатын және қызметтерді бір жерден ала алатын азаматтарға ыңғайлы және сапалы қызмет көрсетуге арналған бірыңғай кеңістік – «СуперЦОНдар» пайда болады», - деді Мусин.