Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министр үкімет мүшелерінің халықпен кездесуіне қатысты бірнеше ұсыныс айтты.
«Біріншіден, мәдениет үйлерінде және Орталық коммуникациялар қызметінің алаңдарында ғана халықпен кездесумен шектелмей, азаматтардың өтініштерінде көрсетілген проблемалық мекенжайларға барып, жағдайды көзбен көрген абзал деген ойдамыз. Екіншіден, министрлердің өңірлерге сапарын тек орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, жергілікті деңгейде, әсіресе өңірлік БАҚ-та және әлеуметтік желілердегі танымал парақшарларда жиі жариялауды қамтамасыз еткен жөн. Үшіншіден, Үкімет қаулысымен бекітілген Кесте министрлердің ғана халықпен кездесулерін реттейді. Жарлық талаптарына сәйкес, министрлермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге шығуы қажет деген ойдамыз. Сондықтан мемлекеттік органдар вице-министрлер мен комитет төрағаларының кездесулері жөніндегі ведомстволық жоспарларды бекітіп, министрлердің кездесулерімен қатар, АҚДМ-ге әрбір кездесу бойынша есеп бергені дұрыс деген ойдамыз», - деді Дархан Қыдырәлі.