Қазақстан Түркияға қосымша гуманитарлық көмек жібереді

Ulysmedia

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде үкіметке тапсырма берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жер сілкінісі болған аудандардағы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да ең қажетті заттар жіберіледі.

Айта кетсек, бұдан бұрын мемлекет Түркияға көмек ретінде 1 млн доллар бөлген. Бұдан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен 115 тонна гуманитарлық жүк, 35 млн теңге қаржы жиналды.

Сондай-ақ, зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу үшін қазақстандық құтқарушылардың екі тобы бауырлас елге аттанды. ТЖМ мәліметінше, елімізден барған құтқарушылар үйінді астынан 7 адамды аман алып шықты және 80 адамның денесін тапты.

Қазақстан жойқын жер сілкінісінің зардабын тартқан Сирияға да көмек қолын созды. Бұл мақсатта бюджеттен 160 млн теңге бөлінді.