Қазақстанда кедейлер көбейіп барады

Ulysmedia

Еліміздің 12 өңірінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын халықтың үлесі артып келеді. Бұл туралы Сенат төрағасы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәулен Әшімбаев «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы Парламенттік тыңдауда халықтың күнкөрісі төмендегенін айтты.

«Өңірлерді дамыту аясындағы тағы бір маңызды міндет – халықтың табысын арттыру. Азаматтардың әл-ауқаты және олардың табысын арттыру – реформалар тиімділігінің басты көрсеткіші. «Әділетті Қазақстанның» басты тұғырының бірі – ұлттық табысты әділ бөлу. Қазіргі таңда ел халқының жартысы барлық кірістердің үштен біріне ғана қол жеткізіп отыр», - деді Мәулен Әшімбаев.

Спикердің айтуынша, қазақстандықтардың шамамен 5%-ының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды.

«Өкінішке қарай, 12 өңірде азаматтардың осы санатының ұлғайып келе жатқаны байқалып отыр. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және басқа да облыстар туралы айтып отырмыз», - деді Сенат спикері.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елде  инфляция қарқыны үдей түсті. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтарда елдегі жылдық инфляция 20,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%) құрады. Өңірлер бойынша 19 облыста инфляция үдеп, тек 1 облыста ғана (Қарағанды ​​облысы) бәсеңдеген.