"Тиын-тебенге сатылып кеткен": Елдегі жылу электр орталықтарының 60%-ы жекенің қолында

Ulysmedia

Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 22-сі жекенің қолында. Олар 90-жылдары тиын-тебенге сатылып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"ЖЭО-ның 60%-ға жуығы жеке меншікте, олардың көпшілігі 1990-шы жылдары жекешелендіру барысында тиын-тебенге сатылып кеткен", - деді сенатор Серік Шайдаров жұма күні өңірлік саясат мәселесі бойынша парламенттік тыңдауда.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда электр энергиясының 64%-ын тек 5 компанияны өндіреді. Бұл "Самұрық-Энерго" – 28%, Еуразиялық топ – 17%, Kazakhmys Energy – 7%, Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы – 6% және Қазақстандық коммуналдық жүйелер – 6%.

Бүгінгі таңда электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуы 57%-ға жеткен, ал жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш тіпті 88%-ға жетеғабыл – Орал, Кентау жылу электр орталықтары. Жыл сайын артып келе жатқан ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%-ға жетті. Еліміздің әрбір екінші жылу электр орталығының тозуы орташа республикалық көрсеткіштен асып, жекелеген өңірлерде 92%-ға жетеді. Жылумен жабдықтау секторында да жағдай мәз емес.

"Бұл ретте жылу желілерін жаңғырту жөніндегі жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру үрдісі байқалады", - деп атап өтті Шайдаров.