Оқу-ағарту министрлігінің оқу жылының ұзақтығын 1 маусымға дейін ұзарту туралы шешімі қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ведомство басшысы Ғани Бейсембаев мәлім етті.
"Шешім қабылданды, оны биыл бірден өзгерту оңай емес. Бұл алдын-ала қабылданған оқу жоспарларына, мұғалімдердің сағаттары және оқу материалының көлеміне әсер етеді. Қабылданған шешім биыл жүзеге асырылады", – деді министр үкімет кулуарында.
Министрдің сөзінше, бұйрықты қайта қарау үшін тағы да оқу қауымдастығы және ата-аналарды жинап, кеңес өткізілмек.
Еске сала кетейік, қаңтар айында Оқу-ағарту министрлігі биылдан бастап 1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтетінін мәлімдеген еді. Министрліктің бұл шешімі қоғамда резонанс тудырды. Қостанайлық оқушылардың ата-аналары оқу жылын ұзартуға наразылық білдіріп, өңірдің білім басқармасы министрлікке хат жолдады.
"Ашық НҚА" порталында жарияланған "2022-2023 оқу жылының аяқталу мерзімдерін бекіту және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу туралы" бұйрық жобасы қоғамдық резонанс тудырды. Құжат астына бір-екі күннің ішінде 200-ден астам жағымсыз пікір жазылған.