Астанада қоғам белсендісі, Мәжіліс депутаттығына кандидат Арман Шораевтың үстінен түскен арыз бойынша кезекті сот отырысы болып өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында болды. Сотқа судья Әділбек Дүйсебаев, прокурор Жасұлан Жүсіпбаев, Арман Шораев пен оның екі адвокаты, бақылаушылар мен журналистер қатысты. Арызданушы Нұрия Балтабайқызы ұялы телефон арқылы сотқа онлайн режимде қосылды. Сотқа Арман Шораевты қолдауға келген жүзге тарта адам сот залына кіруді талап еткен. Алайда сот залына олар кіре алмады.
Сот отырысы кезінде Шораев Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты сатқын дегенін мойындады.
"Ертісбаевты сатқын дегенім рас, бұл шындық. Дәлелдеймін. Ертісбаев мырза сайлау барысында ресей пропагандисі Соловьевтің бағдарламасында «Мен орыс тіліне басымды иемін. Мен Путинге алғысымды білдіремін» деді. Меніңше, оның бұл мәлімдемесі - нағыз сатқындық. Өзінің парақшасынан скриншотты жариялап, «Бұл сатқындарға дауыс бермеңдер» дегенім рас. Ертісбаев мырза неге сатқын? Ең біріншіден, халық партиясы – бұрынғы коммунистік партия. Сол коммунистік идеяларын сатып, халықтық болып шыға келді. Екіншіден, 30 жыл бойы Назарбаевтың бұлбұлы болып, жақтап, енді өзі сол Назарбаев жүйесіне оппозиция болған партияны басқарып отыр”, - деді ол.
Сот барысында арызданушы Нұрия Балтабайқызы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан қосылып тұрғанын айтып, Шораевтың “сатқындар” деп көпше түрде айтқанына наразылығын білдірді.
”Мен партияға мақсаттарға жету үшін кірдім. “Бұл сатқындарға дауыс бермеу керек” деп ол жариялаған. Мен өзімді сатқын деп есептемеймін. Менің бұл жерде ар-намысыма, абыройыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп есептеймін. Бұл жерде қандай негізде менің бейнем постта алынды. Сол суретте менің бейнем бар”, – деп сұрады ол.
Оған жауап берген Арман Шораев “мен сатқындар деген жазбада сіздің аты-жөніңіз бар ма?” деп сұрады. Алайда Нұрия Балтабайқызы “ол жерде менің бейнем бар” деген уәжін келтірді.
Судья Дүйсебаевтың арызданушы Балтабайқызы онлайн тыңдап отырған сәті
Бүгін аталған іс бойынша ешқандай шешім шыққан жоқ. Судья Әділбек Дүйсебаев келесі сот отырысын 14 наурызға белгіледі.
Арман Шораевтың қолдауға келген халық
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Арман Шораевтан желідегі жазбасын өшіруді талап еткен. Талабы орындалмаған жағдайда Бас прокуратураға шағымданып, оның Мәжіліс сайлауы кандидаттары қатарынан алынуына ықпал ететінін айтып, доқ көрсеткен.
Көп ұзамай аталмыш партия атынан депутаттыққа үміткер жалғыз кандидат Нұрия Балтабайқызы Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына Арман Шораевтың үстінен арыз түсірген болатын. Балтабайқызы Шораевты ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін ақпаратты таратты деп айыптады.
Сот залына кіре алмаған адамдар