Биылғы жылдың алғашқы екі айында ел экономикасы 4,3% өсім көрсетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3% өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім – 2,7%, ал қызмет көрсету саласындағы өсім – 5% болды. Негізгі салалардың бәрінде оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 19,2% болды», - деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, жыл басынан бері тартылған инвестицияның 72,8%-ы көлік және қоймалау ісіне, 33,1%-ы ауыл шаруашылығына, 12,1%-ы жылжымайтын мүлік операцияларына, 14,1%-ы тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Ұлытау, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалған.
«Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 15,7% өсіп, 10,3 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4% өсіп, 6,1 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5% ұлғайып, 2,1 млрд доллар болды», - деді Әлібек Қуантыров.
Бюджеттің кірісі қанша?
ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерпегінше, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 3,4 трлн теңге шамасында кіріс түскен.
«Қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджетке 3,4 трлн теңге шамасында кіріс түсті немесе жоспар 107,6%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 2,5 трлн теңге кіріс түсті немесе жоспар 100,5%-ке орындалды», - деді Е. Жамаубаев.
Кіріс бойынша жоспар - 12 млрд теңгеге, оның ішінде салықтық емес кіріс – 20 млрд теңгеге асыра орындалған.
«Салық бойынша жоспар 8 млрд теңгеге орындалмады, оның негізгі сомасы пайдалы қазба өндіру салығы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі. Пайдалы қазбаны өндіру салығы мен экспорттық кедендік баж жоспарының орындалмауы және түсімнің төмендеуінің негізгі себебі – биылғы қаңтар-ақпан айларында негізгі экспорттық тауарлар бағасының өткен жылғы кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 12,3%-ке төмендеуі болды», - деп түсіндірді Қаржы министрі.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлттық қордың активтері қаншалықты өскенін жазғанбыз.